Былтыр Жамбыл облысы Байзақ ауданында мектеп оқушыларының жаппай астан улануы жұрттың жағасын ұстатқан еді. Н.Киікбаев атындағы мектептің 44 оқушысы мен екі мұғалімі улану белгілерімен ауруханаға түсіп, бүкіл облыстың атқамінерлері аяғынан тік тұрған болатын.
Істі ұйымнан іргені аулақ салса игі...
941
оқылды

Емханаға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің өзі барып, арнайы құрылған комиссия да жұмысын бастаған. Ал құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді тергеуге алған. Осы оқиғадан кейін білім саласына жауаптылар етек-жеңін жинап, бір сабасына түседі деп күткенбіз. Алайда күні кеше оқушылар жаппай уланған мектептің директоры қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан жеке кәсіпкермен қайта келісімшартқа отырыпты. 

Жалпы, Байзақ ауданындағы оқиғаға қайта бір оралсақ, былтырғы 7 қараша күні 33 оқушы мен екі ұстаз орталық ауруханаға улану белгілерімен түседі. Оларға «тамақтан улану, жіті ішек инфекциялары» деген диагноз қойылады. Сол күні мобильді бригадалар ұйымдастырылып, дәрігерлер мен учаскелік медбикелер үй-үйді аралап, аталған мектепте оқитын оқушылардың барлығын тексеріп шығады. Нәтижесінде, үй жағдайында тексерілген 350 баланың 11-нен тамақтан улану белгілері анықталып, олар да амбулаториялық емге жатқызылады. Осылайша, астан уланған оқушылардың саны 44 балаға жетеді. 

Білім саласына жетекшілік ететін Байзақ ау­даны әкімінің орынбасары Талғат Жама­лов аталған мектепті ыстық тамақпен қамта­масыз ететін «Тоқсейітов» жеке кәсіпкері аудандағы тағы 12 мектепке қызмет көрсе­тетінін айтқан. Алайда балалардың өзін жай­сыз сезінуі тек осы мектепте болған. Сон­дай-ақ сол күні мектеп асханасынан 463 бала тамақтанған болса, соның 44-нен ғана улану белгілері анықталып отыр. 

Негізі, Байзақтағы оқушылардың ула­нуы­на байланысты түрлі болжам айтылды. Әсіресе, тамақтанған 463 баланың тек 44-і ғана өзін жайсыз сезінуі көптің көкейіне кү­дік пен сұрақ ұялатты. Желіде желдей ес­кен болжамның бірі – «мектеп оқушылары асхана асынан уланбаған» деген болды. Осы салада жүрген мамандардың айтуынша, егер ас­тан улану болса, сол күні тамақтанған барлық баладан белгілері байқалуы керек екен. Оған қоса, өзге мектеп директорлары ұстаздар балаларға арналған тамақты ішпейтінін айтады. Оларға ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Сондықтан мұғалімдер­дің улануы тіптен түсініксіз. Десе де, дирек­торлардың бірі балалар сол күні мектепке асты сырттан әкелуі мүмкін деген болжамды алға тартады. Оқушылардың бірінің туған күні болып, қуаныш иесі пицца, торт сияқ­ты тәтті тағамдар әкеліп, сыныпта отырыс ұйымдастыруы мүмкін көрінеді. Міне, сол астан мұғалімдер де ауыз тиіп, оқушылармен бірге улануы ғажап емес. Бұл әзірге санаға сыятын әрі шындыққа жанасатын болжам болып тұр. Алайда бұны құзырлы органдар не растаған жоқ, не жоққа шығармады. Тек ҚР ҚК 304-бабы, 1-бөлігі («Адамдардың жап­пай ауруға шалдығуына немесе улануы­на әкеліп соққан санитарлық ережелерді не­месе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабардар етті. Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Ал күдікті ретінде тер­геліп жатқан жеке кәсіпкермен мектеп бай­ланы­сын үзіп, өзара әріптестіктерін тоқтат­қанын айтқан болатын. Алайда күні кеше Н.Киікбаев атындағы мектептің басшылығы «Тоқсейітов» жеке кәсіпкерлігімен 76 мил­лион теңгеге қайта келісімшарт жасағаны ту­ралы ақпар тарап, сананы сан саққа жү­гірт­ті. Сонда оқушылардың улануына тіке­лей күдікті ретінде тергеліп жатқан кә­сіп­кермен мектеп директоры қалай келі­сімшарт жасасып отыр? Әлде бүкіл облыста мектепке ас жеткізетін басқа серіктестік жоқ па? Ертең «Тоқсейітовтің» тамағынан бала­лар қайта уланып жатса елге не бетімізді айтамыз? Жауапкершілікті кім мойнына алады?

Жауапкершілік демекші, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының дирек­торы Гулбахрам Ермекова аудандық мәсли­хат депутаты ретінде дәл осы балаларды ыстық тамақпен қамту мәселесін қарайтын комиссияға жетекшілік етеді екен. Алайда өзгені жарылқайды деген халық қалаулысы өзі басқаратын мектепте балалар қауіпсіз­дігін қамтамасыз ете алмай еріксіз бас шай­қатуда. Егер мектеп директоры аудандық мәслихаттың депутаты ретінде ыстық тамақ мәселесін тікелей өзі қарап отырса, «Тоқсейі­тов­ке» де ешкімнің тісі батпай отырғаны содан ба деген де ой келеді. Енді оны құзыр­лы органдар анықтай жатар. Бірақ Байзақ­тағы оқиғадан кейін не аудандық білім бө­лі­мі басшысының, не мектеп директоры­ның қылы қисаймағаны таңғал­дырады. Есесіне елді шулатқан оқушылар­дың жаппай улану фактісінен кейін облыстық Білім басқарма­сының басшысы Мейірхан Азатұлы былғары орындығын босатты. Оның артынан өзге де басшылар қызметінен кете ме, әлде жоқ па – әзірге белгісіз. Алайда бір анығы, қылмыс­тық іс бойынша тергеліп жатқан жеке кә­сіпкермен қайта келісімшарт жасасу ешбір санаға сыймайды. 

Бұл жағдайға байланысты облыстық Білім басқармасына сауал жолдағанымызда олардан екіұшты жауап келді.

«Байзақ ауданындағы жағдайға байла­нысты облыстық Білім басқармасы тарапы­нан 5 жұмыс тобы құрылып, 37 мектеп тексерістен өтті. Нәтижесінде, 20 мектептің директоры мен аудандық білім бөлімінің мамандары тәртіптік жауапкершілікке тар­тыл­ды. Ал балалардың улануына тікелей кү­дікті ретінде танылған өзге азаматтарға қа­тысты Байзақ аудандық прокуратурасы тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Осы ретте министрлік бекіткен ережеге сай әрі балаларды ыстық тамақпен қамтуды үз­беу мақсатында «Тоқсейітов» жеке кәсіпкері­мен келісімшарт уақыты ұзартылды. Сот шешімі шыққанға дейін аталған серіктестік мектеп­ті тамақпен қамтамасыз ететін бола­ды», – дейді облыстық Білім басқармасының ма­ман­дары. 

Иә, білім саласына жауаптылар осылай­ша «қасқырға қайта қой баққызып» отыр. Енді оның арты не боларын уақыт көрсетеді. Әйтеуір, мектеп оқушылары асхана мәзі­рінен тағы уланып, бармақ тістеп жүрме­сек болғаны.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы