28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ҚР Қарулы Күштерінің бітімгерлік контингентін «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына салтанатты түрде шығарып салуға арналған іс-шара өтті.
Қазақстан Голан биігіне 139 әскер жіберді
712
оқылды

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ҚР Қарулы Күштерінің бітімгерлік контингентін «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына салтанатты түрде шығарып салуға арналған іс-шара өтті.

 Алаңға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, әскери қызметшілердің туған-туыстары мен әріптестері, Парламент депутаттары, атқарушы билік органдары мен ардагерлер ұйымдарының, «Жас-сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері жиналды.  

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу географиясы мен әртараптандырылуын кеңейту Президенттің нұсқауы бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.  

– Бұл біз үшін үлкен мәртебе, өйткені қысқа мерзім ішінде әскери-саяси жағдайдағы ерекше тапсырмаларды орындауға дайын, барлық халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін бітімгерлік контингентті дайындап, жарақтай алдық, – деп атап өтті ол.

Қорғаныс ведомствосының басшысы БҰҰ мен халықаралық қоғамдастықтың мемлекетіміз бен оның Қарулы Күштерінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ең жауапты міндеттерді орындау қабілетін мойындауының көрсеткіші екенін атап өтті. 

– Сонымен қатар бұл  еліміз бен әлемдік қоғамдастық алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан біз дайындықтың, тәртіптің жоғары деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада Қазақстан Республикасы мен оның Қарулы Күштерінің беделін жоғары көтеруіміз керек, – деп түйіндеді ол.

Жиында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаттары Константин Авершин мен Болат Керімбек бітімгерлерге ақ жол тіледі.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов контингент командирі, подполковник Жігер Аиповқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын табыс етті. Әскери қызметшілер онда жеткен соң біздің мемлекетіміздің нышаны Голан биіктіктеріндегі қазақстандық бітімгерлік базаның аумағына ілінетін болады.

Подполковник Жігер Аипов атап өткендей, бітімгерлік контингенттің жеке құрамы кешенді бітімгерлік дайындықтан өтті және БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап 67 қазақстандық офицер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д ' Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы және Ливандағы миссияларына әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде қатысып келеді.

2018 жылдан бері 538 қазақстандық әскери қызметші бітімгерлік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты. 

Қазіргі уақытта Батыс Сахарада 6,  Орталық Африка Республикасында  2, Конго Демократиялық Республикасында 2, Ливанда 9 офицер БҰҰ-ның миссияларында қызмет етуде. Голан биіктеріне 139 қазақстандық әскери қызметші жіберілді. Олар онда миссия мандатына сәйкес, қарама-қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.

Голан шыңдары (ивр. רָמַת הַגוֹלָן‎, араб.: هضبة الجولان‎) Антиливанның оңтүстігіндегі үстірт және таулы жер, қазіргі Ливан, Сирия, Иордания және Израиль шегінде орналасқан. Голан үстіртінің аумағы 1 800 шақырымды құрайды. 1967 жылдан бастап бұл термин 1 200 шақырымды қамтитын аумаққа таралады. Голан шыңдарының бұл аймақта үлкен стратегиялық маңызы бар. Қазіргі кезде Израиль бақылайды. 1944 жылдан 1967 жылға дейін сириялық Кунейтра провинциясының бөлігі болған, Алты күндік соғыс кезінде Израиль жаулап алған. 1981 жылы Израиль Кнессеті «Голан шыңдары туралы заңды» қабылдады, осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жарияланды. 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған № 497 резолюциясы бойынша аннексия жарамсыз деп жарияланды. Израиль жағы да, Сирия жағы да Голан шыңдарын өз аймағы ретінде санайды.