Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатында «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жиыны өтті. Күн тәртібінде өңірдегі көктемгі су тасқынына дайындық барысы талқыланды.
Аманаттықтар су тасқынына дайындық барысын пысықтады
1,178
оқылды

 

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатында «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жиыны өтті. Күн тәртібінде өңірдегі көктемгі су тасқынына дайындық барысы талқыланды.

Аймақта биыл қыс мерзімі жаңбырдан басталып, артынша күн күрт суып, қалың қар түсті. Ендігі ретте көктем айларында ауа райының жылынуына байланысты таулы аймақтарда еріген қар суы елді мекендерді басуы ықтимал.

«Бүгінде облыс аумағында гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендер мен су қоймаларындағы су көлемі қауіпті деңгейден төмен. Соңғы 15 жыл аралығында Шығыс Қазақстан облысында болған су басу фактілеріне талдау жүргіздік. Барлық қала және аудан әкімдіктеріне су тасқынының алдын алу бойынша нақты тапсырма беріліп, оның орындалуына бақылау жүргізілуде. Аудан, қала әкімдері тиісті іс-шаралар атқарып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен техникасы дер кезінде әрекет етуге дайын», – деді Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ерғали Бахаев.

Сонымен қатар жиын барысында «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова депутаттарға партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасының орындалуын бақылау қажет екенін айтты.

«Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасын уақытылы әрі сапалы орындау – біздің басты мақсатымыз. Біз сайлаушыларымызға берген уәдемізді нақты атқарылған іспен көрсетуіміз қажет. Сондықтан да баршаңызды осы мақсатта бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді Сайрангүл Жұмаділова.