Атырауда ерекше адамдарға арналған театр жұмысын бастады. Talshyn деп аталатын театрда талантымен таңдандыратын ерекше адамдар актер болып еңбек етіп жүр.
Өнер терапиясы: ерекше адамдар театры
792
оқылды

Тағдырдың қатал сынына сынбай, өнер әлемінен орын тауып, өзгелерге үлгі болып жүрген актерлер тобы қазір Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры мен Д. Нұрпейісова атындағы музыкалық өнер академиясының режиссерлері мен әртістерінің жетекшілігімен алғашқы қойылымға дайындалып жатыр.

Жаңа театрдың талантты актрисаларының бірі – Асыл Ақбергенова. Ол  – Қазақстан мен Еуропаның 2010-2011 жылдардағы арба биінен жұп біріншілігінің чемпионы. Өнер әлемінен аса алыс емес Асыл спектакльдерде рөлдерді ойнау оған оңай болатынына сенімді.

 – Осыдан 10 жыл бұрынғы Атырауды еске алсам, көшеде арбамен жүретін адамдардың қатары некен-саяқ еді. Өйкені ол кезде арбада отырған адамдардың жүріп-тұруына қала көшелерінде жағдай жасалмаған болатын. Бірақ сондай қиындықтарға қарамастан, сол кезеңде Атырауда арба биі дами бастады. Сол уақытта Атыраудан өңірдің намысын қор­ғайтын адам керек болды. Мені өз ісінің маманы, хореограф Гүлсина Байкенова қысқа уақыт ішінде би өнеріне баулып, мен үшін серіктесіммен би қойды. Қостанай қаласына бізге тегін берілген кәдімгі үлкен арбамен бар­­­­ғаным есімде. Онда билеуге арналған бас­қа қатысушылардың сәнді және ыңғайлы арбаларын көргенде аздап ренжіген де едім. Бірақ үлкен арбам қанша ыңғайсыз болса да, Атыраудың абыройын қорғағым келді. Барымызды салып, билеп шықтық. Нәтижесінде, қазылар алқасы бізге бірінші орынды берді. Кейін біз Еуропаға бардық, – дейді Асыл.

 Асыл қазір Атырау қаласындағы емха­налардың бірінде еңбек етіп жүр. Тұрақты жұ­мысы болғандықтан, өнерге уақыты тапшы болған Асыл ұзақ уақыт сахнаға да шықпаған. «Мен қазірдің өзінде сахнаны сағындым. Инклюзивті театрдың ашылуы мен үшін өзімді жаңа қырымнан танытуға берілген мүм­кіндік», – дейді Асыл.

Ерекше тағдыр иелерін біріктірген театр актрисаларының бірі – Жұлдыз Каримова. 28 жастағы актриса қызға туабіткен сал ауруы диагнозы қойылған. Ауыр диагнозына қарамастан, Жұлдыз 5 жасынан бастап киноға түсуді армандап келген.

«Бала кезімнен телешоулар мен фильм­­дерді, әсіресе түрік фильмдерін көргенді ұнатамын. Үлкен армандарымның бірі кинода қандай да бір рөл ойнау еді. Мектеп бітіргеннен кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқығым да келді. Бірақ айналамдағылар ондай академияға дені сау адамдар қажет екенін айтты», – дейді Жұлдыз.

Бала күнінен бері актриса болсам деген арманмен өмір сүріп келген Жұлдыз Аты-рауда ерекше адамдарға арналған театр ашылып жатқанын естігенде қатты қуанған. Енді Жұл­дыз арманының өзін алдамайтынына сенімді. 

Ерекше қажеттіліктері бар ондаған адамды театр сахнасында біріктіру – Атыраудағы Biz de adambyz қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, белсенді Гүлназ Космурзиеваның идеясы. Өзі де арбаға таңылған Гүлназ өнер терапиясы арқылы ерекше қажеттілігі бар адам­­­дар­дың әлеуметтенуіне көмектесе алатынына сенімді. 

«Біздің арамызда бойында таланты бар адам өте көп. Біреудің керемет дауысы бар, екіншісі өлеңдерді жақсы оқиды. Енді бірі шеберлігімен ерекшеленеді. Осылайша, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнайы театр құру идеясы пайда болды. Идеяны шындыққа айналдыру үшін көп қаражат қажет. Біз өз жобамызды демеушілер арқылы өмірге әкеле алдық. Бастысы, біздің театрымыз ерекше тағдыр иелерінің өміріне үлкен қуаныш пен сәуле әкеледі деп үміттенемін», – дейді жоба авторы Гүлназ Космурзиева.

Қазір театр 18-24 аралығындағы 10 жасты біріктіріп отыр. Сахнада өнер көрсетіп, көрерменге ерекше эмоция сыйлайтын әртіс­тер өнерден тыс уақытта еңбек етеді.

Баян ЖАНҰЗАҚ