Театр – өмірдің көркем көрінісіне негізделген өнер, осы өнер жолындағы тұлғалардың жоғары талғамды эстетикаға толы репертуарына куә болып, рухани байлыққа кенелетін мәдени орын.
Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры: Театр – интеллектуалды диалог құратын алаң
6,596
оқылды

Қазақ театры өзекті де жанды қойылымдар қойып, киелі өнер ордасына жиылған көрерменнің жүрегінен орын тауып жатқаны белгілі. Дегенмен, театрдың бүгінгі тынысын, ғажап өнер өкілдерінің шығармашылық  беталысын толығырақ білу мақсатында елімізге танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Музыкалық жас көрермен театрының  директоры Асхат Маемировпен әңгімелескен едік.

– Асхат Максимұлы, театр өнері дейтін ға­жап әлемнің ішінде жүргеніңізге біраз бол­ды. Бұл әлемнің құпиясы неде?

– Театр – көрерменмен сакралды диа­лог жасайтын, сырласатын эсте­ти­ка­лық, рухани биіктікте тілдесетін әлем. Оның құпиялығы біріншіден мынада бо­лар: адам өзіне-өзі бақылау жасауы қиын. Өзіне көрінбейтін кемшін тұс­тар­ды көру үшін театрға келеді. Меніңше, театр адамның өзіне көрінбейтін, өзі сезе бермейтін тұстарын көрсететін айна. Театр­дың пайда болғанына 4 мың жыл­ға жуық уақыт болды, әлі күнге дейін өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Театр – тірі өнер, жанды өнер. Кино, сурет, му­зы­ка сияқты басқа өнерден артықшылығы да, ерекшелігі де сол. Театрдағы әртістер сахна үстінде тірі адамдар арқылы болып жат­қан жағдайды жеткізеді. Тірі, табиғи жан­ды диалог жүріп жатады. Осы диа­лог­ті қалыптастыра алған, соған мойын­сұн­ған, театрдың шартын жан-дүние­сі­мен қабылдаған адамдар нағыз театралды адам­дар. Театр олар үшін энергия алатын жер, көрермен мен актер бір сахнада қуат ал­масу процесін өткізеді. Театр көрер­мен­ге осы бір рухани қажеттіліктен туын­­­дайтын, жан сарайының кілтін аша­тын өнер ретінде әлі күнге дейін өмір­шең. 

– Көзге көрінбейтін кей дүниені кө­рер­мен байқамағанымен режиссерге анық көрінуі мүмкін. Осы жылдар ішінде сіз пайым­даған дүниені айта аласыз ба?

– Көрерменге қойылымдар ғана же­теді, бірақ олар сахнаға шыққанша біраз уақыт дайындықтан өтеді. Әсіресе, му­зы­калық драмалар, опералар, мюзиклдер ұзақ дайындалады. Жалпы, қойылым шығар алдында шығармашылық ізденіс про­цесі басталады. Кейбір актерлер өзі­нің ашпаған қырларын дайындық кезін­де ашып жатады. Атақты режиссер Эф­рос «Репитиция – менің махаббатым» деп кітап жазған. Осы сәтте жасыратыны жоқ, актерлер өзінің жан дүниесіндегі шы­ғармашылық әлеуетін көрсететін, ак­терлік табиғатын аша түсетін дүние­лер­ді жасайды. Режиссер соны елеп-ек­шейді. Режиссердің басты міндеті – ак­тердің шеберлігін ұштап, артық кеткен жерін жонып, актерлік және режиссерлік жұмыс әбден үйлесім тапқан кезде,  бабына келген дүниені көрерменге ұсы­ну. Әрине, көрерменге ұсынғаннан кейін спектаклдің екінші өмірі бас­та­ла­ды. Себебі көрерменнің қабылдауы да әр­түрлі. Бертольт Брехт деген атақ­ты театр реформаторының: «Театр – көрерменсіз елестетуге болмайтын әлем» деген сөзі бар. Театрды театр ететін кө­рермен. Сон­дықтан біз бірінші кезекте пат­ша көңілді мәртебелі көрерменнің дең­гейін өсіруді мақсат тұтамыз. Сахнаға шығар алдында әрбір әртістің бойында тебіреніс, толға­ныс процесі жүреді және спектакльдер бір-біріне ұқсамайды. Ин­телектуалдық деңгейі бөлек көрермен сол спектакльдің өресін өзгертеді. Театр­дың көркемдік өресін, деңгейін биік­те­тетін – оқыған, тоқыған ойлы көрермен. Сон­дықтан ойлы көрерменге арзанқол қойылымдар өтпейді. Өзім де театрларға барамын. Сол театрларда айқай салып, дауысын көрерменге жеткізу үшін көмейінен жоғары сөйлеген кезде, ол менің жүрегіме де, санама да жетпейді, кері­сінше, мені спектакльді қабылдау процесінен шығарып жібереді. Сондық­тан актер барынша фальш жаса­мауы керек, көрерменнің жүрегіне жол табуды және санасына ықпал етуді ойлау керек. Әрине, бізде ойнайтын актер көп, ой­лайтыны өте аз. Бірақ сол аздар кө­рер­мен­нің санасына ықпал етеді. Мен сана­сы дегенді бекерге айтып отырғаным жоқ. Мен үшін көрермен спектакльден ой­ла­нып қайтса, өзінің бір үлкен тағы­лым әлеміне кірсе, өзінің ішкі «менімен», «эгосымен» сұхбат құрса, онда біз мақ­са­тымызға жеткеніміз. Сондықтан әртіс­теріме әрқашан көрерменмен интелек­туал­ды тұрғыда, тең дәрежеде диалог құ­ру­ға тырысу қажет деп айтамын. Егер әртіс мұрнын шүйіріп ойнаса, көрермен мұрнын шүйіріп қарайтын болса, онда олардың ортасында ешқандай сұхбат шықпайды. Олардың бойында сырласу процесі, Аристотель айтпақшы, «ка­тарсис» болмайды. Катарсис болуы үшін рационалды эмоционалды тұр­ғыдан диалог жүріп жатуы керек. 

– Бізге Асхат Маемировтың қол­­таңбасын танытқан спек­такльдің бірі «Қара шек­­пен» еді. «Қара шек­­­­пеннің» көтерген жү­гі ауыр: бірақ сіз қай­­­мық­пай сол та­қы­­­рып­қа бара ал­дыңыз. Хугаевтың пьесасын таң­дауыңыз­ға не себеп болды?

– «Қара шек­пен» қойылымын тұңғыш рет осыдан дәл 20 жыл бұрын Орал қаласында сах­на­­ладым. Георгий Ху­гаев­тің «Қара шекпе­ні­нен» бөлек көптеген пье­сасы бар, олар Қазақ­стан­да қойылып жүр. Бұл пье­саны менің рухани ұстазым іспет­тес тұлға Құжырғали Төлеуішевке бер­генімде, бірінші сол кісі аударды. Жал­пы, біздің қазақтың табиғатына әпсана, аңыз, мифтік тұрғыдағы туындылар өте жақын. Сондықтан осы спектакльдің фор­масын ойлап таптым. Онда хайуанаттар керісінше адамдардан да әдемі сөйлейді, адамнан да стилді киінеді, тіпті олардың өмір сүру ортасы мүлде бөлек. Әсіресе, Ға­бит Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кет­тік академиялық балалар және жасөс­пірімдер театрына келген кезде бұл спек­такль ерекше актуалды, әлеуметтік мәнге ие болды. Нағыз біздің қоғамдағы кейіп­кер­лерді хайуанаттардың қасиеттері арқы­лы көрсетуді мақсат тұттым. Басты кейіп­кер – Тұзар төбет. Жасыратыны жоқ, Ал­тын­бек сияқты оққа байланған тұлғалар бар. Қоғамда қарама-қайшы тұжырым бар, сенің күш-жігерің, қуатың бар кезде ақыл-ойың кемеліне келген шақта қолдағанымен, физиологиялық не болмаса моральдық тоқырауға ұшырағанда қажетсінбей қояды. Мен сол дүниелерді көрерменге айтқым кел­ді. Біріншіден, адамды адами қасиетке қарап бағалау керек, бір-бірін қадірлеу керек. «Қара шекпендегі» хайуанаттар әле­мі арқылы адамтануға байланысты фило­софиялық үлкен спектакль шықты. Ол әлі күнге дейін өзінің биігінде. Әсіресе, қоян­ды ойнайтын Лидия Кәденова жасына қа­ра­­­мастан, психофизикалық қиындығы бар рөлді сахнада ойнап жүр. Рөлінде кө­жек­теріне қамқор болған қоянда ана­лар­дың бейнесі жатыр. Бұл спектакль жас буын тара­пынан әлі күнге дейін сұранысқа ие. 

– «Қара шекпен» театрдағы баспалдақ се­кілді. Кейін театрда бір емес, бірнеше спек­такль қойдыңыз. Комедия, драма, тари­хи шығарма қайсысының салмағы сізге бат­пандай жүк артады?

– Иә, оның бірі – Әбіш Кекілбаев ау­да­р­ған Антон Чеховтың «Ваня ағай» қойы­лымы. Қазір М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театрында «Сүйікті менің аға­тайым» деген атпен жүріп жатыр. Гру­зия­ның атақты сценографы, қоюшы-сурет­шісі Тамри Охикянмен бірге қойдық. Мен үшін бұл көрерменмен интелектуалды сұхбат жасауда өзгеше қойылым болды. Сол жерде Берік Айтжанов, Азамат Саты­бал­ды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, За­рина Кәрменова, Жәнел Мақажанова, Әсел Сайлауова, Салтанат Бақаева, айта бер­сек өте көп белгілі әртістер рөл сомдау­да. Қазір Бақтияр Қожа ойнап жа­тыр. Актерлердің жаңа қырын ашу үшін 2-3 айдай жұмыс істе­дік. Нәтижесінде, Каспий жағалауы ел­дері­нің халықаралық фести­валінде Гран-при­ге ие болдық. Сыншылар жоғары баға­сын берді. Ойымша, «Ваня ағай» ұзақ жа­сай­ды. Өйткені ол адамзаттық ойды ал­дың­ғы қатарға алып шыққан рухани құн­дылықтарды дәріптейтін қойылым. 

Екіншісі – қазақтың белгілі актері Бек­жан Тұрыстың ұсынысымен сахналанған Ба­қыт Беделханның «Ұлым, саған айтам» де­ген моноспектаклі. Ғасырлар бойы сақ­талып, бүгінгі күнге жеткен әке мен бала ара­­сындағы мәңгілік сұрақтарға жауап бе­ре­тін ұлттық тұрғыда сахналанған қойы­лым болды. Себебі спектакльдің басты идея­сы – «Ұлым, саған айтам, ұлтым, сен тың­­да». Осы ұлтымыздың бүгінгі келбетіне, қа­зақ қоғамына қатысты Бекжан Тұрыс ак­тер ретінде өзінің азаматтық ұстанымын, көзқарасын бөлісті. Бертольт Брехттің театр әдісінде «азаматтық позиция» деген арнайы элементі бар. Яғни, суреткер сах­нада актер сомдайтын образын өзінің аза­мат­тық позициясы арқылы көрсетіп оты­рады. 

Қазір ерекше қойылым қатарында, спектакль шыққан кезде билеті бір­ден сатылып кететін Александр Воло­дин­нің «Қоштасқым келмейді» драмасы бар. Өзім сахналаған әр қойылым менің жүрегімнің бөл­шегі ғой, ол – менің адами үнім, менің ада­ми толғанысым, қоғамға айтар пікірім. 

– Пьеса таңдауда күш кімге түседі? Жал­пы, режиссер таңдай ма, әлде театр бас­шылығы себепкер бола ма?

– Пьесаны режиссер таңдап, көркемдік кеңеске береді. Сондағы актерлерден, ре­жис­серлерден, драматургтерден, театрға қа­тысты мамандықтардан құралған көр­кем­дік кеңес ортаға салып, алдағы жылдың жос­парын бекітеді. Театрда арнайы стра­те­гиялық жоспар болуы керек. Ол актердің бірінші қарым-қабілетіне байланысты, мысалы Гамлетті ойнайтын актер болмаса, Гам­летті қоюдың қандай қажеттілігі бар? Ақ­тоқтыны ойнайтын актриса болмаса, Ақ­тоқтыны қоюдың қажеті қанша? Сон­дықтан театрға қажеттілік туындау керек. Александар Володиннің «Қоштасқым кел­мейдісін» театрдағы қыз-жігіттердің өзі ке­ліп айтты. «Асхат ағай, «Қоштасқым кел­мейдіні» біз де қойғымыз келеді» деп кел­ді. Сол күні олар Tengrinews.kz деген сайт­тан ақпарат көріпті. Еліміз әлемдегі ажы­расу бойынша көш бастап тұрған 5 мем­лекеттің қатарына кіреді екен. Бұл театр актерлерінің азаматтық ұстанымы еді. Үш жылдық тарихы бар театрда ба­ла­ларымның азаматтық ой-өрісінің өскені, оларды қоғамда болып жатқан әлеуметтік мә­селелер бей-жай қалдырмайтыны мені қат­ты қуантты. Сондықтан мен олардың аза­маттық ұстанымдарын қабыл алып, бір­ден дайындыққа кірісіп, «Қоштасқым кел­мейді» драмасын шығардық. 

Режиссер пьесаны таңдайды, кейбір кез­­де драматургпен келісе отырып, бір бей­нені алып шығады. Мысалы, қазір Ермек Аманшаевпен үлкен бір шы­ғар­машылық, рухтастық, пікірлес азам­ат­тар ретінде Шәкәрім атамызға арнап спек­такль қойып жатырмыз. Оған жазда кі­рі­­се­міз. Биыл 4-мау­сы­мды жабамыз, бұл – бесінші маусым ашыл­­ғанда шығатын дүние. Аян Өтеп­бер­ген, Оразалы Игіліктен Шәкәрімнің бей­не­сін көріп отырмын. Бұл пьеса театр ал­дындағы үлкен жауапкер­шілігі бар қойы­лым болмақ. Актерлік шеберлік кәсіби тұр­ғыда толысқан кезде олардың өздері де ұлы тұлғаларды, тарихи бейнелерді ойнай­тын­дай деңгейге жетеді. 

Біз музыкалық театр болғандықтан, кө­біне музыкалық драманы сахналаймыз, қа­зір театрда тұлғаларды сахналау процесі жү­ріп жатыр. Еліміздің рухани кеңісті­гін­дегі тұлғалардың шығармашылық жолы, олар­дың мұрасы өскелең ұрпаққа үлкен сер­пін беруі керек. Мысалы, «Абай-Тоғ­жан» спектакліндегі бозбала Абайды алға­ны­мыз да сол, қазіргі жастарға Абайдың үлкен данаға, ойшылға айналар алдында ол да бозбала болғаны, оның ғашық бол­ға­ны, анаға еркелуі, әкенің ұлағатын бойы­на сіңіруі 15-16 жастағы балаларға тән еке­нін көрсеткіміз келді. Театрымыздың шы­мылдығы 2020 жылы 14 желтоқсанда «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашы­лды. Бұл М.Әуезовтың атақты «Абай жо­лы» трилогиясындағы үш беттік қана Абай­дың Тоғжанға ғашық болған сәтін сурет­тейтін жерінен алынған. Нәтижесінде, Құ­нанбай, Ұлжан, Абай, Тоғжан, Ербол, Ке­рімбала сынды кейіпкерлердің ара­сын­дағы қарым-қатынасы арқылы әке мен ба­ла бейнесі ашылды. 

– «Гауһартасқа» дейін де талай спек­такль қойылды ғой. Дегенмен, бұл спек­такл­дің әр қойылымы аншлагпен өтіп жатыр. Бұл ненің белгісі деп ойлайсыз? Әлде тақырып­тың өзектілігі де роль атқарып тұр ма?

– Біз көтерген идея да, тақырып та өзек­­ті. 30 жылдан бері жаһандық мәде­ниет­тің ортасында келе жатырмыз. Қазір жа­стардың көбі әлеуметтік желіде отырады. Кітап оқымай, өзінің ұлттық негізінен ажы­рап бара жатқан ұрпақ көбейіп жатыр. Осы «Гауһартас» арқылы Tik Tok-та отыр­ған жастарды шақырғым келді. Қазақ шаңы­рағындағы ең қасиетті ұғымдардың бірі де бірегейі – махаббат. Ол – рухтың бір­лігі. Егер әр қазақ отбасы осы ұғымдарды көзінің қарашығындай сақтайтын болса, әйел затын қадірлейтін болса, нағыз ба­қыт­ты әулетке айналады. Туынды осындай идея­мен шыққан соң, мен оны жастар са­насына сіңіруім керек. Дулат Исабеков аға­мызбен сөйлескен кезде, ол: «Асхатжан-ау, бұл прозалық туынды қазақ әдебиетінің клас­сикалық үлгісі ретінде оқулыққа да ен­ген, әдеби қауымға өзін мойындатқан, ол 20-дан астам тілге аударылды, былай қой­ғанда кинофильм ретінде де өз алдына тү­сірілді. Бұдан не жаңалық ашайын деп отыр­сың?» деп таңғалды. Бұл қаңтар оқи­ғасынан кейін болған жағдай еді. Ол кезде біз­дің әлеуметтік ортаның болмысы, дү­кендерді тонауы жүрегіме шаншудай қа­далды. «Малым – жанымның садақасы, жа­ным – арымның садақасы» дейтін қа­зақ­тың ар-ожданы, ұяты дәл осындай күй­ге түсті ме? Отызыншы жылдың аштығын, зо­балаңын көрсе де, рухын жоғалтпаған ха­лықтың ұрпағымыз ғой. Қазақ қоға­мын­дағы отбасының тірегі болар әкенің, жүрек болып соғатын ананың бейнесіне жауап беретін дүние шығаруым керек тұста «Сізде адамның жалаңаш жаны бар» деп ойыма «Гауһартастың» түскенін айттым. Себебі Дулат аға оны 25 жаста жазған. Әлі сурет­кер­лік қолтаңбасы қалыптаспаған кісі өмір­ді қалай көрсе, сол күйі шынайы төгіп жаз­ды. Бұл спектакльдің ең басты жетістігі – шы­найылығында деп айтар едім. Әу баста, повесть шынайы жазылған. 25 жастағы жас жазушы Дулат Исабековтың тырнақалды туындысы, өмір туралы көзқарасы, махаб­бат туралы пайымы сахнада жүрген 25-30 арасындағы жастардың жан-дүниесімен үндесе кетті. 

Эстетикалық ләззатты басқа өнер түр­лері бере алмайды. Ал бізде әлеуметтік же­ліден бас көтермей отырған жастарды театр­ға шақыру басты мақсат болды. Содан «Құ­даша» әнін, «Ләйлім шырақты» шығар­дық. «Құдаша» арқылы билеттер сатылым­да бірден өтіп кетті. «Құдаша» әнінің қай­ма­ғын бұзбай, бірақ заманауи рең беріп шы­ғаруымыз керек болды. Бұл биде әдеп пен эстетика, ішкі мәдениет жатыр. Нәти­же­сінде, ол кең тарап кетті. Бүкіл қазақ­стандықтар ұлттық мейрамда да, тойда да, тіпті балабақшадағы балалар да биледі. Қытайдағы қазақтардың осы биді билеп жүрген бейнежазбасын да көрдік. Түркия мен Ресейдегі қазақ жастарының ең сүйікті биі­не айналған көрінеді. Міне, өнердің құ­­діреті. Өнермен санаға ықпал жасауға, әсер етуге болатынына тағы бір мәрте көзі­міз жетті. Өнерді қанша жерден жазғаны­мен, айтқанымен, оны жүзеге асыратын адам керек. Ал сол әрекетті жасау біздің та­раптан болды. 

«Гауһартас» бізден кетті, көрерменге жетті. Оның қойылымы 185-тен асып кетті. Себебі ақпан айының ортасында 165-ші қойылымды сахналадық. Бұл халықтық сипатқа ие қойылым болды. «Гауһартастың» би­леттері аншлагпен өтіп жатты. Бұл ха­лықтың «Гауһартас» арқылы өзінің ұлттық мінезіне сусап қалғанын көрсетеді. Өйткені бұл повесте ұлттық мінез, ұлттың намысы, ұлттың болмыс-бітімі бар. Қазақ қандай бол­­ды десе, көрсететіндей туынды. Жас қыз-жігіттердің театрға келуін өзінің ұлт­тық тамырына оралуы деп түсінемін. Ұлт­тық болмысты тану үшін, өзінің рухани өзе­гіне оралу үшін «Гауһартас» спектакліне келеді. 

2023 жылдың аяғында Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева ұжымға ақ­жолтай тілегін арнап, «Ұмай» ұлттық сый­лығын табыстады. Тикетон театр мен ха­лық арасындағы алтын көпір болып отыр. Ол да 2024 жыл бойынша «Гауһартас» спек­таклін мемлекеттік театрлар арасын­дағы ең үздік қойылым деп көрерменнен жиналған дауыс арқылы жоғары баға берді. 

– Иә, «Гауһартасқа» билет таба алмау, жал­­пы спектальге билетті алдын ала сатып алу – шетелдерде қалыптасқан жағдай. Қа­зір көрермен театрға қайта оралған секілді. Көп­шілік «спектаклге билет жоқ» деп жата­ды. «Гауһартастан» бөлек, қай спектакль дәл осындай нәтиже көрсетті? 

– Біздің театрдағы қойылымдардың бар­­лығы дерлік аншлагпен өтіп келе жа­тыр. Осы «Гауһартастан» кейінгі «Қоштас­қым келмейді», «Шәмші», «Абай-Тоғжан» бар. Шетелдіктер де «Гауһартас» спек­так­лі­не қызығып, қазақтың юморын түсінем деп келеді. Университеттерімізде шетелден кел­ген докторанттар театрға келгенде, синхрон­ды аударма арқылы емес, қазақ тілін­дегі қойылымды көреді. Себебі олар «ба­лаларыңыздың сахнадағы сөйлеу тілі бізге жақын» деп айтады. Мүмкін оларды жастардың энергиясы да қызықтыратын шығар. Дәл қазір театрдың қоржынында отандық, әлемдік, заманауи 20 қойылым бар. Әртістердің шығармашылық ойлары, ұстанымдары бір арнаға тоғысқандықтан, оларға әрі тиімді, әрі түсінгендіктен жақсы қойылымдар шығады. 

– Бұрын драматургтер «жақсы режиссер жоқ» деп қынжылатын, режиссерлер тақы­рып таба алмайтын еді. Қазір жағдай өзгер­ген секілді. Режиссерлерді не алаңдатады?

– Меніңше, қазір Қазақстанның театр ре­жиссурасы Еуразия кеңістігіндегі алғаш­қы үштікке кіреді. Қазір елімізде жасы 40-қа жетпеген 50-ден астам режиссер бар. Біз орта буынға жатамыз, біздің алдымызда Нұрқанат Жақыпбай бастаған аға буын өкілдері бар. Жас буынның да беталысы жақ­сы. Осындай үш буында ұрпақтар са­бақ­тастығы сақталған. Өзімнің замандас мұз­жарғыш кеме сияқты келе жатқан ре­жиссерлер бар. Мысалы, Гүлсина Мер­ға­лиева, неміс театрында жүрген Наташа Дубс, Мұқанғали Томанов сияқты бірқатар кә­сіби режиссер бар. Соңғы жылдары ре­жиссура саласы да, актерлік мектептер де, драматургия да кемеліне келді деп жатыр. 

– Кадр тапшылығы сезіле ме?

– Жыл сайын Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетін, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясын шоқ-шоқ та­лант­тар бітіріп жатыр. Кәсіби білім алған, ак­терлік мамандықты игерген жастар шы­ғып жатыр. Олардың барлығы әр театрда өзінің репертуалдық саясаты бар өнер ада­мына айналған. Қазір қазақ театры жақ­сы даму мен үлкен көркемдік биіктіктерді бағындырудың жолында келе жатыр. Көр­ші мемлекеттер бізге қызыға қарайды. Кадр тапшылығы бар деп мүлде айтуға бол­майды, жас өнер өкілі де көп. Өткенде Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арнап «Жұмбақ қыз» опе­р­асының жаңғырған нұсқасын қойдық. Бұл сонау 1972 жылы қойылып, кейін қойыл­май кеткен дүние. Сол операда Нұр­ғалым Аманбай, Аяжан Қуанышәлиева, Расул Жармағамбетов жүр. Режиссурада жас буындардың көбірек көрініп жат­қанын, әсіресе театрымыздағы 4 режиссер шәкір­тім А.Ғұмаров, Р.Усма­нов, Е.Жаңа­тілек, Б.Нұрбайды атап өткім келеді. 

«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, ұстаз ре­тінде жас таланттарды шығарғым келеді. Себебі ұрпақтар сабақтастығы болмай, өнер дамиды деп айта алмаймын. Мысалы, Аян, Асылхандар 2012 жылы жарқ етіп шық­ты, бір мүшел жас өтті, дәл осындай та­лант­тар шығып, бір-бірінің ізін жал­ғас­­тырып кетуі керек. 

90-жылдардың ортасында Қыр­ғыз­станда Нұрлан Асанбеков пен Нұрлан Әб­діқадіров Орталық Азияда үлкен бум жасады. Қазір Қазақстанда да осындай театр индустриясының өрлеуі байқалады. 

– Қазір әлеуметтік желінің де әсері көп: Tik Tok-та спектаклден үзінділер ауық-ауық беріліп тұрады. Соның ішінде өтімдісі – Музыкалық жас көрермен театры актерлерінің ойыны. Театр актер­лері әлеуметтік желіде белсенді ме?

– Әрине, барлығы әлеуметтік желіде бел­сенді. Өйткені бұл – заманауи құрал. Тіпті, актерлердің фан парақшалары да бар. Дінислам Нұрмағамбетовтың алтыға жуық фан парақшасы бар. Театрға дәл осын­дай жастар тарапынан қызығу­шылық 60-70-жылдары болыпты. Дәл сондай жағдай қазір де болып жатыр. Бұл да бір эволюциялық процесс қой. Әлеу­мет­тік желі арқылы көрерменді театрдың ты­ныс-тіршілігімен таныстырып оты­рады. Былтырғы Түркістанда өткен құ­рыл­тайда Президентіміздің әлеуметтік же­ліде отырған жастармен байланыс жа­сау керек деген сөзі біздің басты мұра­тымызға айналды. Біз шын мағынасында жастармен рухани байланыс орнаттық. Спектакль сапалы болатын болса, қойы­лым көрермен жүрегіне жол таба білетін бол­са, онда ол – тірі театр, сұранысқа ие бо­лады. 

– Сіздің театрды «Махаббат мекені» деп жүр. Мұнда 14 жұптың шыққанын білеміз. Махаббаттың құдірет күшін әлдилетіп жүрген не сиқыр?

– «Театр-шаңырақ» деген ұғым бар. Адам үйінен жылулық іздейді ғой, ал­тын ұясы – мейірімнің, махаббаттың ме­кені. Сондықтан біздің де театр ма­хаб­баттың мекеніне айналды. Мінекей, 4 жылға жуық уақыттың ішінде 14 от­ба­сы шаңы­рақ көтерді. Олар тек сах­на­да сыр шерт­пей­ді. Өмірдегі олардың ай­тып келе жат­қан махаббат жыры кө­рерменнің жүре­гіне жетеді. Сон­дық­тан кірген адам театрда бір аура бар ек­е­нін, өздерін еркін сезінетінін айта­ды. «Театр-шаңырақ» де­ген осылай болуы керек болар. 

Актер деген адамтану ғой. Меніңше, өнер жолы – ауыр жол, сол жолда олар өз­дерінің жарын кездестіреді, бір-бірінің қа­сиеттерін еш бояусыз көреді. Мүмкін, ма­хаббат жырының жиі шырқалуының бір себебі осы болар. Кейде Абай мен Тоғ­­­­жанның, Төлеген мен Жібектің ға­шық­тық сезімін сомдап жүріп, кейіп­кер­лердің бойындағы таза махаббат өздеріне де ауысып кеткен шығар деп қалжыңдай­ты­ным бар.

Біз Астана қаласы әкімдігінің театры бол­ғандықтан, ол тараптан үлкен қолдау көріп отырмыз. Осы кезге дейін бізге 13 пә­тер берілді. 7 қыркүйекте Мемлекет бас­шысының назары осы театрға ауған бо­латын. Жастарды қолдау мақсатында Республика күні қарсаңында 7 отбасы үйлі болды. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ