Степногорда қызмет көрсету құны еліміздегі ең қымбат бағдаршамдар бірнеше күн бойы жұмыс істемей қалған.
Степногорда 2 миллион теңгеге қызмет көрсетілген бағдаршамдар жұмыс істемей қалған
715
оқылды

Тіпті, көше қиылыстарында жол қозғалысын реттеушілер де жоқ. Тұрғындар қала көшелері бойында қауіпті жол апаттары көбейе ме деп қауіптеніп отыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Қала әкімдігі жариялаған конкурс бойынша бағдаршамдарға қызмет көрсету құны 2 миллион теңгеге жетіп жығылған. Бұл жаңалық тұрғындардың арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырған. Қыруар қаражат жұмсалғанымен, соңғы күндері қаладағы бағдаршамдар мүлде жұмыс істемей қалған. 

«Қалада өзі не болып жатыр? «Сибирьден» Fix Price-қа дейін бірде-бір бағдаршам істемейді. Осыған дейін аурухана мен колледж маңындағы бағдаршамдар істен шыққан. Оның жұмыс істеуіне біреу жауап бере ме? Әлде тағы кезекті қайғылы оқиғаның болғанын күтеміз бе? Жол полициясы қайда? Реттеушілер неге жоқ»,деп жазды жергілікті әлеуметтік пабликтегі ашынған тұрғындар. 

Бағдаршамдардың жұмыс істемей тұрғанына қала әкімдігі мердігер ұйымдардың анықталмай жатқанын айтып ақталмақ болды.  

«Қазіргі уақытта Степногор қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бағдаршамдарға қызмет көрсету бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым анықталғаннан кейін нысандарға диагностика жүргізіліп, қажеттілігіне қарай жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады»,  деді Степногор қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен. 

Дегенмен әкімдіктің уәдесіне күдікпен қараған қала тұрғындары өз наразылықтарын жасырмады. 

«Яғни, Сіздер конкурстық рәсімдер өткізгенше қала осындай күйде бола ма? Қаланың жағдайы онсыз да мүшкіл», «Төлемегені үшін өшіріп тастады...», «Күндердің бір күнінде Степногорды толықтай басынан аяғына дейін түзетер ме екен»,  деп жазды тұрғындар. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ