Әншілер немесе спортшылардың кейде шикі жұмыртқа ішетінін естіген боларсыз. Шикі жұмыртқаны ішуге бола ма?
Шикі жұмыртқаны ішуге бола ма? – Маман жауап берді
1,228
оқылды

Оның қандай жағымсыз салдары болуы мүмкін? Жұмыртқаны шикі күйінде ішу үшін оның қандай түрін алу керек? Бұл сұрақтарға дәрігер Аида Әбілқасымқызы жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әншілер шикі жұмыртқаны дауысы жақсы шығу үшін ішсе, спортшылар оны ақуыз мөлшерін көбірек алу үшін шикілей жейді. Алайда маманның айтуынша, шикі жұмыртқадағы ақуыз 50 пайызға ғана сіңеді.

"Шикі жұмыртқаны көбіне әншілер мен спортшылар ішеді. Себебі әншілердің дауыстары отырып қалғанда, дұрыс шықпай қалғанда шикі жұмыртқа ішу өңештің, тамақтың ылғалдануына көмектеседі. Соның арқасында тамақ ылғалданып, дауыс анығырақ шығады. Ал спортшылар шикі жұмыртқа ішсе, ақуыздың күндізгі нормасын толтыра аламыз деп ойлайды. Яғни, олар шикі жұмыртқа арқылы оны жақсырақ немесе тезірек аламыз деп ойлайды. Бірақ ғылыми зерттеулер дәлелдеп берді: шикі жұмыртқада ақуыз 50 пайызға ғана сіңеді, ал саруыздағы пайдалы биотин толыққанды сіңбейді. Ол В7 дәруменінің жетіспеушілігіне әкеледі", – деп жазды Massaget.kz дәрігер Аида Әбілқасымқызының сөзін.

Дәрігер шикі жұмыртқа жеудің басты қаупі – сальмонеллезді жұқтырып алу екенін айтты.

"Сальмонелла деген жұқпа бар. Оны тауықтың жұмыртқасы да, бөдененің жұмыртқасы да тасымалдай алады. Сондықтан да оны шикі түрінде жеп-ішкен кезде осы инфекция ағзаға түсетін болса, адам күні бойы іш өтуіне, құсуына және тіпті, апталап, айлап ауыруына әкелуі мүмкін. Кішкентай балаларға шикі жұмыртқаны мүлдем беруге болмайды. Себебі олар сальмонеллезді көтере алмай өліп кетуі де мүмкін. Ол – өте патогенді бактерия және ауыр өтетін инфекция, – дейді дәрігер. – Сондықтан жұмыртқаны барынша суға қайнатып жеген дұрыс. Егер қарсы көрсетілім болмаса, оны қуырып жеуге болады".

Дәрігер адам ағзасы шикі жұмыртқаны қорытуға көбірек күш жұмсайтынын айтты.

"Шикі жұмыртқадағы В, А, Е, D, РР дәрумендері ағзаға оңайырақ сіңіріледі деп айтылады. Алайда шындығында бұл дәрумендер шикі емес, піскен жұмыртқадан оңай сіңіріледі. Ағза шикі жұмыртқаны қорытуға көбірек күш жұмсайды. Шикі жұмыртқа вирус, бактериялардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Егер сонда да шикі жұмыртқа жеуді шешсеңіз, оны сенімді және жақсы өңдеуден өткізетін өндірушіден алыңыз", – деп кеңес берді Аида Әбілқасымқызы.