Вейптер мен шегілмейтін темекі өнімдерін әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы заң жобасы Парламент қарауында.
Насыбай сатқандарға қанша айыппұл салынатыны белгілі болды
Фото: gov.kz
1,232
оқылды

ІІМ шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату мен тарату үшін жауапкершілік барын еске салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер органдары қоғаммен бірлесіп, 18-31 наурыз аралығында республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді. Акция барысында халыққа насыбайды тұтынудың зардабы және кәсіпкерлерге оны сатуға жол бермеу туралы құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.

«Қазіргі уақытта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде шегілмейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделген. Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 25 АЕК немесе 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл көзделген», – деді Шыңғыс Алекешев.

Сауда ережелерін бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады. 

«Вейптер мен шегілмейтін темекі өнімдерін әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауында екеніне назар аударамын. Құрметті азаматтар, аталған шара бірінші кезекте ұлт болашағы – жастардың денсаулығын сақтауға бағытталған», – деді департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі.

Еске салайық, 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың денсаулығына зиян келтіретін есірткі мен басқа да заттардың, соның ішінде насыбайдың зияны туралы айтты.

Бұған дейін «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек Қазақстанда насыбай таратуды толығымен тоқтатуды ұсынған болатын.