Шектеу мерзімін 6 айдан 12 айға дейін қоюға болады.
Енді қазақстандықтар құмар ойындарға қатысуға онлайн түрде шектеу қоя алады
Фото: egemen.kz
1,090
оқылды

Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп ҚР азаматтары мен резиденттерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызметті автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook-тағы парақшасында жазды.

– Facebook желісінде құмар ойындарға тәуелді адамдардан және олардың туыстарынан көмек немесе қандай да бір кеңес сұрайтын хаттарды жиі аламын.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы құмар ойындарға тәуелділік өскелең ұрпаққа орасан зор зиян келтіретінін айтып, лудомания бойынша заңның қабылдануын жеделдетуді тапсырды.

Соңғы кездері тәуелдіктің бұл түрі жастар арасында кеңінен таралғаны жасырын емес. Қоғамда көтеріліп жатқан мәселенің күрделілігі мен ауқымын ескеріп, ҚР Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп Egov mobile мобильді қосымшасында құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге мүмкіндікті шектеу үшін жаңа сервисті іске қостық.

Шектеу мерзімін 6 айдан 12 айға дейін қоюға болады. Бұл қызметті алатын азаматтар автоматты түрде өзін-өзі шектейтін тізімге алынады және Қазақстанда лицензиясы бар ойын мекемелері қызметін қолдануды болдырмайтын құралмен қамтамасыз етіледі, – деп нақтылады Бағдат Мусин.