Әкім 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
10 миллион теңге пара алған: Сәтбаевтың экс-әкіміне үкім шықты
Фото: Сәтбаев әкімдігі
2,137
оқылды

Сәтбаев соты аса ірі мөлшерде пара алды деп айыпталған қаланың экс-әкімі Шапағат Әубәкірге қатысты қылмыстық істі қарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тергеу нәтижесінде 2024 жылдың ақпан айында Шапағат Әубәкір қала әкімі бола тұра Сәтбаев қаласындағы жолдарды күтіп-ұстау жұмысын жүргізетін жеке кәсіпкерден мемлекеттік сатып алу шартының сомасын ұлғайтуға және оны кеңейтуге жәрдемі үшін 10 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды. 

Сотталушылар кінәсін мойындады.

Прокурор соттан айыпталушыларға мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылар бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

«Жаза тағайындау кезінде сотталушылардың кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінгені және жас балалардың болуын қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп танылды. Экс-әкімнің қабылдаған антын бұзуы оның жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жай деп танылды. Сот үкімімен ол ҚК 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. М. ҚР ҚК 367 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенген сомасы – 200 млн теңге айыппұл тағайындалды», – деп мәлім етті Сәтбаев қалалық соты.

Сәтбаев қаласы әкімдігіне қатысты бөлінетін бюджет қаржысының негізділігін, қаржыландыру жоспарының және мақсатты пайдалануын қайта қарап, үнемді пайдалануының тиісті шараларын жүргізу үшін жеке қаулы шығарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, 14 ақпанда Антикор Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір 10 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін ұсталғанын хабарлаған болатын.  

7 наурызда Сәтбаев әкімінің ісі сотқа түсті.