Astana Opera Халықаралық опера академиясы ұсынатын «Наурыз – көктем» концерті аясында К.Байсейітова атындағы камералық зал сахнасында Наурыз жыры шырқалады.
Наурыз жыры шырқалады
812
оқылды

Көрермендерге ұлттық мейрамның әсемдігі мен ұлылығын бейнелейтін вокалдық туындыларға толы бағдар­лама аясында хорват, орыс және тәжік сынды түрлі ұлт вокалистерінің ұлттық әндері ұсынылмақ.

– Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары атқар­ған концерттердің көбі батыс еуропа композиторларының туындыларын қамтыған болатын. Тыңдаушылардың осы жолғы курсымен, біз, сондай-ақ қа­зақ музыкасы бөлімін белсенді үйре­ніп жатырмыз. Бұл концертте мәдение­тіміздің байлығын көрсеткіміз келеді, сондықтан біз барлығымыз ұлттық киім­мен өнер көрсетеміз және сахнаны да осындай керемет стильде безендіре­міз. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Ерекше форматта өтетін концерт халық композиторларының жүректен шық­қан әсем әндері бірінен соң бірі төгі­ле­тін тойды еске түсіретін болады. Ака­демияның шетелдік тыңдаушылары қазақ туындыларын орындайды. Бұл оларға біздің халқымызды жақынырақ тануға және оның салт-дәстүрін бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені мәдениет – кез келген мемлекеттің төл белгісі, – деді Astana Opera Халық­ара­лық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни.

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, Наурыз жыры шырқалатын «Наурыз – көктем» концерті – жаңару мен гүлденуді бейнелейтін жалпы­халықтық мейрамды мерекелеудегі мә­дениеттер мен дәстүрлерді бірік­тірудің өзіндік бір нышанына айнал­мақ.