Жылдан жылға қасиетті Рамазан айында әрбір мұсылман баласына парыз етілген оразаны ұстайтындар қатары жасарып келеді.
Оқушыға ораза парыз ба?
933
оқылды

Ауыз бекітіп жат­қандардың ішінде мектеп жасындағы жасөспірімдердің бар екені елеңдетеді. Сәнге айналып бара жатқан үрдіске ата-ана қауы­мы бақылау жасай ма екен? Бұған қатысты пікірлер де қақ жарылып, қы­зу талқыға түсуде. Бірі баланың ештеңеге алаңдамай сабақ оқуын жақ­таса, енді бірі балиғат жасқа жеткендер үшін ораза ұстау парыз де­­генді алға тартады. Ал жас ағза бір ай бойы жалғасатын тамақтану ре­жи­міндегі өзгеріске қаншалықты дайын? Балиғат жасына толған әр мек­теп оқушысы ораза ұстауға міндетті ме? Бұл сауалдардың жауабын арнайы мамандардан сұраған едік. Олардың пікірін ауыз бекіткен әр баланың ата-анасы өзіне айтылған кеңес деп қабылдағаны жөн болар. 

Ораза ұстауға мәжбүрлік көрсете алмайсыз

Дін бойынша балиғат жасқа толған адам діни рәсімдерге міндетті. Егер денсаулығы әлсіз болса ұстамауына рұқсат дегенді тілге тиек етті дінтанушы Кеңшілік Тышхан. Айтуынша, мектеп оқушыларын ораза ұстауға ешкім мәжбүрлей алмайды.

– Дін талаптарында ораза ұстаудың екі шарты бар. Біріншісі – балиғат жасқа толу, екіншісі – ақыл-есінің дұрыс болуы. Ақыл-есі дұрыс болып, балиғат жасқа толған болса, белгілі бір физиологиялық деңгейде жетілген болса, онда діни рәсімдер, діни ритуалдар (намаз оқу, ораза ұстау) адамға міндет болып есептеледі, егер ол мұсылмандықты қабылдаған жағдайда. Ал балаларға келгенде бұл мәселені қарау керек. Егер денсаулығы мүмкіндік бермейтін болса, яғни физиологиялық әлсіздік байқалғанда денсаулығы қалпына келгенге дейін ораза ұстамауға болады. Қазір денсаулық деген оқушы балалардың басты мәселесіне айналып отыр. Көбі ұялы телефонның, компьютердің алдында отырғандықтан, ораза ұстамай-ақ әлсіреп құлап жатқандары бар. Мектептерде жедел жәрдем шақыру жағдайлары жиі­леп кеткен. Неге десеңіз, балалар ұйқы­сыздықтың, әлсіздіктің салдарынан сабақ үстінде отырып, есінен танып қалады. Егер діни сенімді ұстанған жағдайда ай­тар болсақ, денсаулығы жарап тұрған балиғат жастағылар ораза ұстауы керек.

Балалар әр нәрсеге еліктегіш ке­леді ғой. Егер ораза ұстау олардың ден­саулығына, сабағына кедергі болмай жатса, меніңше, бұл мәселемен күресу дұрыс емес деп ойлаймын. Ал кейбіреулер мектеп жасындағы балалардың ораза ұстауына заңмен тыйым салу керек деп жатыр. Менің ойымша, ол заң бола қоймас. Адамдар оразаны жасырын ұстауы да мүмкін. Қалай дегенмен, баланы мәжбүрлей ал­майсыз. Өйткені діни сенім бостандығы деген мәселе бар. Ата-ананың тәрбиесі негізінде, қызығушылық тұрғысынан бала ораза ұстайды. Отбасылық жағдайларға мемлекет араласа қоймайтын шығар деп ойлаймын. Ол мәселені отбасы мүшелері ақылдасып шешкені дұрыс, – дейді дінтанушы Кеңшілік Тышхан.

Дайындықты екі-үш ай бұрын бастау керек

Ораза ұстауға келгенде денсаулығына алаңдайтын әр адам алдымен сақтық шарасы үшін алдын ала тексерістен өткені дұрыс. Эндокринолог-диетолог маманы Ләззат Жанұзақова оқушылардың ағзасы әлі ораза ұстауға толық дайын болмаса, онда ауыз бекіту ағза үшін зиян екенін айтты.

– Шариғат бойынша, баланың ораза ұстауы балиғат жасқа толған кезден бас­талады. Бірақ қазір балалардың ағзасында дәрумендер, әсіресе Д дәрумені тапшы болып келеді. Сондықтан Рамазан айы жа­қындағанда ауыз бекітетін кез келген ба­ланың ата-анасы мынаны ескерсе екен: баланың ұйқысын реттеу, анемия (қаназдық), иод жетіспеушілігінің алдын алу, асқазан-ішек аурулары бар-жоғын  анықтау мақсатында баланы дәрігер қабылдауынан өткізіп, анализ тапсыру керек. Егер ағзада жетіспейтін дәрумендер болса, оны ауыз бекітудің алдыңғы айла­рында қолданып, ағзаны өзгерістерге дайындау керек. Жасыратыны жоқ, қазір жас балалар мұндай дайындықтан өтпейді, ораза уақыты келсе бірден ауызын бекіте салады. Мұның соңы мектепте құлап қалу, дірілдеу сияқты қиын жағдайлармен жалғасуы мүмкін. Қазір ораза ұстаған екі баланың бірінде ағзадағы өт жолының майысуы болады. Оның басты себебі мынада: таңғы сәресіне тұрған бала сал­қын су ішеді не болмаса бір дана құрма, жаңғақ жеуі мүмкін. Салдарынан баланың тәбеті жоғалады. Бұл жас ағза үшін күні бойы аштық сезімін тудыруға алып келеді. 

Ораза ұстаған адамның ағзасы тазар­ғанымен, ауыз қуысындағы тазалықты өздері бастауы керек. Ал жас бала мұндай та­залыққа аса қатты мән бермейтіні рас. Ауыз қуысын, тісін таза күтпегендіктен асқазан-ішек жолдарының ауруы пай­да болады. Ойымша, ауыз бекіткен жет­кін­шектер ораза ұстаудың талаптарын толық білмейді. Өйткені фастфуд тағам­дарымен ауыз ашып жүргендерді де көрдім. Егер баласының ораза ұстауына қарсы болмайтын, дегенмен денсаулығына аса жауапкершілікпен қарайтын әр ата-ана айтылған кеңеске құлақ түрсе екен, – дейді маман. 

Ораза ұстаудың алдында да балалардың дұрыс тамақтанбауы алаңдайтын мәселе еді. Маманның айтуынша, тез дайын болатын тағам түрлерін тұтынудың кесірінен қа­наздық пайда болады, ораза кезінде ерте тұру, ұйқының қанбауы қаны аз бала үшін жағдайды одан әрі күрделендіруі мүмкін екенін түсіндірді.

Кеше Мәжілістің комитет отырысынан кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалардың ораза ұстауына қатысты пікірін білдірген болатын. Ол балалардың 17 жасқа толған соң ораза ұстағаны дұрыс екенін айтты. 

«Жалпы, бала тез өседі, энергиясын тез жұмсайды. Себебі балада зат алмасу процесі жоғары. Сондықтан ол осы энергияны уақытында толтыру керек. Мұны әрбір ата-ана түсінуі қажет. Баланың уақытында жалпы сапалы тамақтануы оның болашақта денсаулығына және адам ретінде дамуы үшін өте маңызды. Менің ойымша, мұнда баланың жасына байланысты. Әрбір ата-ана баласына ораза ұстауға рұқсат етсе, бұл – оның шешімі. Мен белгілі бір жасқа дейін бала дұрыс тамақтануы керек 16-17 жаста ораза ұстауы керек деп ойлаймын», – деді Ақмарал Әлназарова. 

Қысқасы, жуанның жіңішкеріп, жіңішкені үзілер шағында бұғанасы қат­паған балалардың денсаулығына ай­рықша мән беріп, ораза ұстауына сақ­тықпен қарағанымыз абзал. Қалай десек те, оң-солын танып үлгермеген, құлшылық үшін емес, қызығушылық үшін ауыз бекіту баланың денсаулығына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Екінші жағынан, ораза ұстап сабағын жайына қалдырудың орнына оқушының сауатты болғаны дұрыс шығар.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ