Ашынған халық апатты жағдай қайталана ма деп қорқады.
«Жылда адам өлетін қылкөпір»: Алматы облысында 46 жастағы азамат өткелден құлап мерт болды
Фото: видеодан кадр/Almaty.tv
994
оқылды

Алматы облысына қарасты Есік қаласының маңындағы Үлкен Алматы каналын кесіп өтетін көпірден құлап қайтыс болған 46 жастағы азаматты жақындары кеше жер қойынына тапсырды. Ал осы арна маңындағы халық тағы да адам өлмесін деп бүгін әкімдік өкілдеріне талап қойды. Олар бұл қауіпті жерден күніне 100-150 оқушы мектепке қатынайды деп қорқып отыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алматы арнасының мәліметінше, қалың ел «қылкөпір» деп атап кеткен өткелде «жылда адам өледі».   Ашынған халық апатты жағдай тағы да бола ма деп қорқады. Өйткені азық-түлікке аттанған азамат осы жерден құлап кеткен. 

«Құлап барып, сырғанап анау тұрған бетонға басын жарып, үйелеп қалған. Артқа шығуға мүмкіндік жоқ. Үш қызы, бір ұлы бар. Бір үй азаматынан, асыраушысынан айырылып отыр. Нарынқолға әке-шешеміздің жанына жерлеп келдік», – деді марқұмның інісі Елжас Нүсіпов.

Бұған дейін де талай адам суға кетіп, денесін әзер тауыпты.

«Біріншіден, бұл көпір емес, «ГидроСервис» ЖШС балансында тұрған үстінен су өтетін құрылғы. Ал басқа мекеменің балансында тұрғандықтан, мемлекет тарапынан қаражат бөліп, көпір салып бере алмаймыз. Демеуші табылған жоқ, іздеп жатырмыз», – деді Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев.

Азаматтар әлгі қанды өткелге құзырлы орган өкілдерін шақырып, арыз жазды. Көп ұзамай аудандық прокуратураға да шағым түсірмек.