Тарих және құқық институтының директоры Ғабит Кенжебаевпен сұхбат.
Қазақтың өткен тарихы болашаққа бағдар береді – Ғабит Кенжебаев
1,726
оқылды

– Ғабит Қапезұлы, Шығыс халқының төл мерекесі – Наурызға да аяқ бастық. Жаңа ай,  жаңа жыл жаңа  жасампаз ойларға бастайды.  Олай болса, әңгімені өзіңіз басқаратын институттың тарихына қысқаша шолу жасаудан бастасаңыз?

– Тарих-құқық ғылымының қоғамда алар орны ерекше. Қазақстан халқының тарихи-құқықтық санасын қалыптастыру бағытында жүргізіліп келе жатқан кешенді шаралар, саналы ұрпақ қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың көрінісі. Яғни, қазақ тарихын оқыту арқылы ұлтымыздың өткен зарлы күндерін, қайғысы мен мұңын білгізіп, қасіретін санасымен түйсіндіріп, бүгінімен салыстыра отырып, ертеңіне нық сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу – тарихшы-заңгер мамандардың негізгі міндеті.

1928 жылы құрылған бүгінгі Абай университеті еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны. Ашылған күнінен бастап бүгінге дейін үздіксіз қызмет етіп келе жатқан университет халық ағарту саласына қажетті жүз мыңдаған мамандар даярлап, Қазақстанның өсіп-өнуі мен көркеюіне өлшеусіз үлес қосты. Осындай абыройлы да мерейлі іске қосылған үлестен бүгінде құрылғанына 90 жыл толып отырған Тарих-құқық институтының да алар орны, өзіндік еншісі бар.

Университеттің қарт құрылымдарының бірі тарих факультеті 1934 жылы тарих-география факультеті болып құрылған еді. Факультет құрылған күнінен бері тарихшы мамандар даярлау ісінде алдыңғы қатарда келе жатыр.

Тарих факультетінің құрылуы мен қалыптасуына ҚазПИ-дің тұңғыш ректоры, мемлекет жане қоғам қайраткері, талантты тарихшы жане ұлағатты ұстаз С.Асфендияров ерен еңбек сіңірді. Ол 1934 жылы тарих-география факультеті ашылған кезде оның тұңғыш деканы болды. Факультет студенттеріне арнап Қазақстан тарихы бойынша алғашқы оқулық пен оны оқытудың үлгілік бағдарламасын даярлады. ҚазПИ-дегі тарихшы мамандарын даярлау ісіне одан кейінгі кезенде қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының кандидаты Х. Әділгереев, академиктер Е.Тарле мен А. Панкратова, кейінгі толқын қазақ тарихшылары Б.Сүлейменов, Е.Бекмаханов, А.Ахметжанов, О.Сексенбаев, Т. Шойынбаев және т.б. өз үлестерін қосты. Осы алғашқы лектің ықпалымен отандық тарих ғылымының талантты өкілдері мен тарихшы мұғалімдері өсіп-жетілді.

ҚазПИ-дің тарих факультетін бітірген бірқатар түлектеріміз тарих ғылымында өздерінің өшпес қолтаңбаларын қалдырды, әрі бұл үрдіс одан әрі жалғасуда. Қазақ тарихының білгірлері А.Нүсіпбеков, Х.Арғынбаев, тарих ғылымдарының докторлары Т.Омарбеков, Қ.Атабаев, Б.Аяған, Ж.Абылхожин, А.Әбдуалиев және тағы басқалары тарих факультетінің түлектері. Олардың Қазақстанның тарих ғылымына қосқан үлесі  ҚазПИ-дің тарих факультетінін жемісі.

Факультетте еңбек еткен аға буын Ж.Қасымбаев, Г.Сапарғалиев,  Б.Ирмұқанов, І.Юсупов, Т.Найзағариндар, бұлардан кейінгі ізбасарлар-зерделі зерттеушілер әрі майталман ұстаздар М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов, Б.Төлеубекова, Б.Әбдіғұлова, Ж.Хамзиналардың салып келе жатқан сара жолдарының үлгісі  жас буын үшін үлкен өнеге. Бүгінде олар тәрбиелеген тарихшы-заңгерлер республиканың түкпір-түкпіріндегі рухани еңбек майданының төрінен көрініп жүр. Демек, «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы» (М.Әуезов),   дегендей Тарих-құқық институтының шежіресі бір ғана ұжымның немесе білім ордасының өзімен- өзі тұйықталып, шаң басып қалған соқпағы емес, алдыңғы толқын ағаларды кейінгі толқын інілерге жалғайтын керуенді, көшті ұрпақтар жолы десек болады.

Ендеше, аға ұрпақтан алып қалған асыл мұра тарихи білім отын өшірмей сақтап, бүгінгі жастар жүрегіне жаға білген, еліміздің тарих-құқық ғылымында лайықты орны бар, қадірі артық ұжым – Тарих-құқық институтының жылнамасы  өзгеше өрнектелген өнегелі тағылым, өсер ұрпақ, келер заманға дәстүрлі сабақ болмақ.

–Тарих институтында студенттерге заманауи білім берумен бірге жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Еліміздегі білім беру сапасын арттыру үшін  уақыт талабына сай болатын ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін көтеруге ерекше көңіл бөлінеді. Осыған орай, біздің Тарих және құқық институты ұжымы да педагог мамандардың даярлық сапасын арттыруға, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, тәлімді ұрпақ тәрбиелеуге ерекше назар аударады. Бұл ретте білім  беру сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ету, жаңа заманауи оқыту моделіне көшу жағдайында білім мазмұнының, ең бастысы оқыту әдістері мен технологияларының өзгеруі, оқу нәтижелеріне қойылатын жаңа талаптар педагог мамандардың сапалы даярлығын талап етеді.

Институтта білім берудің барлық деңгейлерінде  бакалавриат, магистратура және докторантурада үздіксіз білім беріліп келеді. Жыл сайын озық ойлы студенттерге Президенттік стипендия тағайындалып, студенттердің ізденіс жұмыстарының нәтижелерін баяндауға мүмкіндік беретін дәстүрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады.

Институтта студенттердің қызығушылықтары бойынша әртүрлі үйірмелер мен клубтар жұмыс істейді. Студенттердің жан-жақты тұлға болып қалыптасуы үшін, университеттің Даму бағытына байланысты хәкім Абайдың «Толық адам» сипаттамасы негізінде тәрбие жұмысының жоспары құрылып, ол білікті ұстаздардың көмегімен жүзеге асырылуда. Институтта білімгерлердің жан-жақты тұлға болып қалыптасуы бірнеше бағыттарда жүргізіледі. Атап айтсақ, патриоттық тәрбие – жас ұрпақтың рухын көтеру; Ұлттық тәрбие және Абай мұраларын насихаттау; Жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру; Студенттік өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру; Еріктілер қозғалысын дамыту; Кәсіпкерлік дағдыларды қалыптастыру; Академиялық адалдық саясаты; Бұқаралық спортты дамыту; Әлеуметтік қолдау жұмыстары; Психологиялық қолдау жұмыстары, т.б.

Студенттік өзін-өзі басқару орталығы және арнайы студенттік клубтар жақсы дәрежеде жұмыстарын атқаруда. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымы студенттік өмір әрекетінің маңызды мәселелерін шешуге, студенттік жастардың пайдалы бастамаларын қолдауға және әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымының студенттері көпшілікпен жұмыс істеу, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік желілерге ақпарат шығару және т.б. бағыттар бойынша өз қабілеттерін шыңдай отырып, жауапкершілікке, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуды, көшбасшылықты үйренуде. 

Сонымен қатар  институтта студенттердің жан-жақты дамуына 6 студенттік клуб жұмыс істейді: «Таспа», «Өзгерт сен»,  Book masters, «Заңгер», «Таным», «Руханият бастауы». Әр клубтың алдарына қойған мақсаттары мен міндеттері бар. Жаңа оқу жылы басталғанда клубтар презентацияларын жасап, клубқа жаңа толқын мүшелерін қабылдайды. Профессор-оқытушылар аталған клубтарға жетекшілік жасап, клубтар студенттердің шығармашылық дамуына, заманауи тұлға болып қалыптасуына байланысты көптеген іс-шаралар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, белгілі тұлғалармен кездесулер ұйымдастырып отырады. Клубтардың негізгі қойып отырған мақсаттары  ізгі орта қалыптастырып, іргелі биік қоғам құру, руханият негіздерін бір үйлесімділікте көрсету. Қазақтың ұлы даналары мен зиялы тұлғаларының шығармашылығын арқау етіп, жастарға өнеге көрсету. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз-әңгіме, жыр-дастандарын насихаттай отырып, жас ұрпаққа оны жеткізу және сол арқылы Абай айтқан хикмет көздерін ашу болып саналады. Ғылымға қызығушылығы бар білімгерлердің шығармашылығын дамытуда ғылыми-зерттеу бағытындағы клубтарымыздың да өзіндік рөлі бар. Мысалы, оған, «Заңгер» құқық клубы мен «Таным» философиялық клубы,  «Руханият бастауы» әлеуметтік мәдениет клубтары жатады.

Институт әлемдік қандай жоғары оқу орындарымен іскерлік байланыс орнатқан?

–Жоғары білім берудің Болон үдерісі бойынша жоғары оқу орындарының алдына қойған маңызды міндет – білім беру нәтижелеріне, яғни түлектің алған білімі мен құзыреттілігіне бағытталған сапалы білім беру бағдарламаларын дайындау.

Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ену үдерісін зерделеуде білім жүйесіне енгізілген заманауи өзгерістер мен жаңаша бетбұрыстардың маңыздылығын ескермеуге болмайды, әрине.

Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін заманауи басқарушыларынсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі  білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шараларды қолдануымыз шарт. Осы қағиданы басшылыққа алған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Өйткені білімді  ел ғана әлемдік өзгерістер көшіне ілесе алатыны мәлім. Тәуелсіздік  жылдарындағы отандық білім беруде жинақталған тәжірибелерді  талдап, саралап қарасақ, еліміздегі білім беру жүйесі әлемдік стандартқа жақындап қалғанына нақты деректер көз жеткізеді.

Жаһандық процестерге сәйкес, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, жетекші халықаралық университеттермен, ғылыми орталықтармен және компаниялармен серіктестікті дамытуды нығайту мақсатында бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізуге, тәжірибе алмасу бағдарламалары мен шетелдік мамандарды тарту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Институт бойынша 16 шетелдің жетекші ЖОО келісімшарт жасалған. Атап айтсақ, Хаджеттепе университеті (Түркия), Гейдельберг педагогикалық университеті (Германия), Сурабая университеті (Индонезия), Миколас Ромерис университеті (Литва), Милан университеті (Италия), Померания академиясы (Польша), Мәскеу қалалық педагогикалық университеті (Ресей) сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы жетекші ЖОО тығыз байланыстар жолға қойылған. Студенттер мен оқытушылар құрамы үшін академиялық ұтқырлық бағдарламаларын әзірлеу бойынша шетелдік серіктестермен қарым-қатынасымыз кеңеюде. Мәселен, 2023 жылы 40-тан аса магистранттар мен 20 докторанттарымыз осы университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтті. 

Жоғарыда аталған университетет ғалымдары институтқа келіп білім алушыларға дәрістерін оқиды.  Былтырғы жылдың өзінде Гейдельберг педагогикалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы  Рейнхард Хессе (Германия, Гейдельберг қаласы) және Хаджеттепе  университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы   Озкул Чобаноглу (Түркия, Анкара) біздің институт студенттеріне жаңа методологиялық негізде сабақтар жүргізді. Сондай-ақ басқа да елдердің ұлттық университеті және т.б. оқу орындарымен жасалған келісімшарттар шетелдердің білім нарығына шығуға мүмкіндік беруде.

–Қазір шығармашылықпен, ғылыммен айналысамын деген жастарға университетте барлық жағдай жасалған. Сіз басқаратын институтта бұл мәселе қалай жолға қойылған? Қандай ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр? Институттың ғылыми әлеуеті мен жобалардың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

– Бүгінгі XXI ғасыр білім мен ғылым ғасыры екені дау тудырмайтыны ақиқат. Қазіргі таңда қай ел, қай мемлекет болмасын, оның дамуы білім деңгейімен өлшенеді. Білім, ғылымы дамыған ел ғана әлемдік ең озық инновацияларды терең меңгеріп, өркениет биігіне қол соза алатыны айдан анық. Сондықтан біздің еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап білім мен ғылым саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Осы жылдар ішінде саланы дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды. Қазақстан бүгінде әлемдік білім кеңістігіне, халықаралық білім стандарттарына ұмтылып отырған мемлекет. Еліміздің білім беру жүйесін жаңаша құрып, жаңа бағытта дамытып, жетілдіруде жасалған алғашқы қадамдар, өзгерістер мен жаңалықтар, реформалар, жаңа технологияларды енгізудің нәтижелері бүгін өз жемісін беруде. Осы инновациялық ой-пікірлер мен ұстанымдар еліміздің тәуелсіз даму кезеңіндегі тарихи шындыққа айналуда.

Жоғарыда айтылғандарды тұжырымдай келе, жаңа үлгідегі мұғалімдерді даярлау еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының маңызды шарттарының бірі  және педагогикалық даярлық кәсіби нарықтың талаптарын қанағаттандыруы тиіс екенін атап өтеміз. Бүгінде тек PowerPoint-ті қолдана алатын тарихшының «озық» мұғалім болуы қиын. Оның интерактивті мультимедиялық көрмелер жасай алуы, электронды мәліметтер базасын құрастыра білуі, мұрағаттар мен кітапханалардың электронды қорларымен жұмыс істеуі және өзінің кәсіби қызметінде басқа да цифрлық элементтерді (технологияларды) меңгеруі базалық талаптар қатарына енді. Осы мақсатта академик Т.Садықов атындағы Жаңа және қазіргі замандағы Қазақстан тарихы кафедрасының базасында «DHLab: Цифрлық тарих және білім беру лабораториясы» атты халықаралық оқу және ғылыми зертханасы ашылды. Зертхананың басты мақсаты – цифрлық білім беру технологиялары негізінде тарих  мұғалімдерінің инновациялық кәсіби даярлығын жаңа сапаға көтеруді іске асыру. Біз қазір Цифрлық тарихтың жекелеген бағыттарын студенттер мен магистранттарға оқытамыз. Олар – мәтіндер мен кескіндерді талдауға, ГИС-технологиясы арқылы кеңістіктік талдауға, тарихи-мәдени мұраны үш өлшемді 3D модельдеуге, виртуалды мұражайлар жәдігерлері мен цифрлық коллекциялармен, тарихи дереккөздердің цифрлық басылымдарымен жұмыс істейді.

Отан тарихы методологиясында енді ғана бой көтеріп келе жатқан «Айтылған тарих» әдісі ғылымның танымдық көкжиегін кеңейте түспек.  Институттың «Айтылған тарих» ғылыми лабороториясы ғылыми-зерттеу және сараптау-талдау қызметін жүзеге асыру арқылы студенттерге жаңаша мазмұнда білім беру әрі оқу үрдісін жетілдіруде ерекше мәнге ие болып отыр. Айтылған тарих бойынша тарихи сұхбат негізінде деректік қор құру жүзеге асырылады. Болашақ тарихшы ғылыми-зерттеу сұхбатын жүргізуге машықтанып, өздерінің танымдық (ақпараттарды қолдану, сараптау, сыни қорыту, салыстыру, шынайылығын анықтау), коммуникативтік (жастардың әртүрлі әлеуметтік-мәдени ортада қарым-қатынас орната білу) және ақпараттық біліктіліктерін (алынған материалдарды компьютерлік модельдеу мен талдауға) қалыптастырады.

Тарих және құқық институтындағы Визуалды антропологияның виртуалды зертханасы әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша виртуалды зертханалар бұл  жүйеленген дереккөздердің ақпараттық жүйесі мен зерттеулердің онлайн-ресурсы. Сандық форматтағы мұрағаттық құжаттар, суреттер, көркем шығармалар, фотосуреттер, деректі және көркем фильмдер, бейнежазбалар зерттеушілер үшін қолжетімді тарихи дереккөздерге айналуда. Аталған зертхана студенттердің ғылыми-зерттеу, оқу процесін ұйымдастыру және зерттеушілермен ынтымақтасуға мүмкіндік береді.

Әрқашан халқымыз балаларын оқытатын ұстазға үлкен құрметпен қараған. Шәкірттің ұстаздан алған тәлім-тәрбиесі оның болашағына жол сілтеп отырған. Сондықтан болар «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты болады» дейді қазақ даналығы.  Тарих және құқық институты  бүгінде ел тұғырын биік ұстап, қазақ елінің тарихын асқақтататын, бабалар ізінен нәр беретін, батырлық рухының негізінде отансүйгіштікке тәрбиелейтін, ел басқарған хандар мен би-шешендердің тарихи танымын меңгерте отырып, озық мемлекеттің білім көкжиегіне жетелейтін сапалы білім ордасы.

Осы орайда, оқу процесін ұйымдастыру үшін институтқа қарасты 5 кафедраның барлығы да жоғары білікті профессор-оқытушылар құраммен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта институтта 134 оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының (ҚР ҰҒА) 2 академигі және 3ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 25 ғылым докторы, 43 ғылым кандидаты және 11 PhD докторы, 50 магистр аға оқытушы мен оқытушылар қызмет атқарады. Ғылыми потенциал 63%-ы құрайды. Институттағы қызмет жасайтын оқытушы-профессорлардың орта жасы 40.

Шын мәнінде, ғылымның қайнар көзі  университеттерде. Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен соң біліміміз бен ғылымымызды дамытуға кең мүмкіншіліктер ашылды. Амандық болса, біздегі өмірге келіп жатқан ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді оқу үрдісінде кеңінен қолданылатын, ұжымымыздың нағыз ғылыми орталықтарға айналатын кезі де алыс емес. Бұған дәлел соңғы жылдардағы институтта  ғылыми ізденістердің кең қанат жаюы.

Университет басшылығы жыл сайын жас ғалымдарды қолдау мақсатында арнайы университеттің ғылыми жоба конкурсын ұйымдастырады. Бүгінде институттың 5 жас ғалымы (Р.Оспанова, Г.Рахимова, Ж.Сайлибаева, С.Белоус, А.Жұмабаева) осы жоба жеңімпаздары. Сонымен қатар ҚР ҒЖЖБМ 2022-2024 жылдарға арналған жобалық конкурсын институтымыздың 3 жас ғалымы (3 жоба) ұтып алған.  Атап айтсақ, олар: Дария Асымова, Гакку Рахимова, Жанагүл Омарбекова.

Университетішілік «Үздік оқытушы-2023»  конкурсын институтымыздың 3 оқытушысы жеңіп алды. Олар: Ж.Сайлыбаева, Д. Асымова, А.Шорманова.

Жалпы, тарих-құқық институтының оқытушы ғалымдары 2022 жылы 1 халықаралық, 4 ҚР ҒжЖБМ жобасы, 1 мақсатты (ПЦФ), 5 жас ғалымдар жобасын, барлығы11 жоба ұтып алса. Ал  2023 жылы 6 жоба жеңіп алды. Міне, осы жобалардың барлығы институт қызметкерлерінің ғылыми-зерттеулерінің нәтижесін оқу процесіне енгізу арқылы  жаңа заманға лайық жас мамандар дайындауға толық негіз жасайды.

– Абай университеті Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұл мәселе сіз басқаратын институтта қалай жолға қойылған?

– Кейінгі кездегі әлемнің көптеген мемлекеті білім беру жүйесінде интенсивті реформаларға көшті. Мұнда білім беру саласын дамыту, сабақ өткізудің әдісі мен нысандарын оңтайландыру, мұғалімнің оқушыға тек білім берумен шектелмей, шығармашылық қабілетін анықтай отырып бағдарлауға бағыттауы көзделеді. Осы талаптарға сай біз педагог кадрларын даярлауда шетелдердегі озық тәжірибелерді нақтылы игеруге күш жұмсап отырмыз.

Институтта академиялық ұтқырлық  бағдарламасы бағытында  әлемдік және отандық озық тәжірибелерді тиімді пайдалануға ерекше мән беріледі.  Шетелдік студенттер үшін білім беру бағдарламаларының академиялық және кәсіби тартымдылығын арттырудың маңызы зор. Озық әлемдік тәжірибені үйренуге негізделген білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында институт қызметіне шетелдік ғалымдар мен профессорларды дәріс оқуға тарту институттың академиялық беделін нығайтады. Тек  соңғы екі оқу жылында ғана сыртқы байланыстар бойынша 28 өзбек, 18 түрікмен студенті оқуға келді.

Институттың академиялық ұтқырлығы шетелдік серіктес университеттермен тығыз байланыста жүзеге асады. 2021-2022 оқу жылының күзгі семестрінде «6В03103-Әлеуметтану» білім беру бағдарламасының 2 курсының  2 студенті (К.Бақбергенова, С.Әлімжанова) Слупск қаласы, Поморск академиясында (Польша), 2023-2024 оқу жылының күзгі семестрінде «6В03104-Саясаттану» мамандығының 2-курс студенті (А.Өмірбекова) Миколас Ромирис университетінде (Литва) сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқыды.

Осы оқу жылының көктемгі семестрінде 2-курс студенті А.Тұрарханова, Ұ.Қазыбаева, Н.Мүсілім сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Адам Мицкевич университетіне (Польша)  оқитын болды. Демек, біздің институттағы осындай шетелдік әріптестермен бірлесе жасалған оқу бағдарламаларының негізінде жолға қойылып жатқан академиялық қарым-қатынастар мақсаты  болашақ мамандардың нарық сұранысына сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатқан игі істердің бір парасы.

Ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша, 2022-2023 оқу жылының көктемгі семестрінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен 1 студент, 2023-2024 оқу жылының күзгі семестрінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен 4 студент ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша біздің институтымызда өз білімдерін шыңдады. Мұның бәрі қазіргі таңда сапалы педагог кадрларын даярлауға, еліміздегі мамандар тапшылығын азайтуға бағытталған игілікті істердің бір бөлігі ғана.

– Студент – оқу ордасының айнасы ғана емес, әрі мақтанышы. Олай болса, кәсіби салада болсын, ғылымда, спортта, өнер-білімде болсын, студенттеріңіздің қандай жетістіктерін ерекше атап өткен болар едіңіз?

–Бүгінгі күннің мұғалімдері аса білімді, ақпараттық технологияларды терең меңгерген маман болумен бірге, ұлттық құндылықтармен сусындаған, оны жүрегіне терең сіңірген, елін, Отанын жан-тәнімен сүйетін ұлтжанды, патриот тұлғалар болып қалыптасуы, шәкірттеріне жан-жақты рухани тәрбие бере алатын ұлағатты ұстаздар болуы тиіс. Себебі тәрбие түзелмей, білім түзелмейді. Сондықтан біз осы мәселеге айрықша көңіл бөліп отырамыз. Шын мәнінде, бәсекеге қабілетті білімді де білікті мамандар даярлау үшін оқу орнындағы тәрбие жұмысы бірінші кезекке қойылуы тиіс.

Жаһандану үрдісі әлемді қамтып келе жатқан бүгінгі таңда әр елге ұлт болып қалу, қалмау мәселесі үлкен  қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес. Бұл үрдіс біздің елімізді де айналып өтпейтіні анық. Осыған байланысты жастарды ұлттық тәрбие беру көздерімен сусындата білім беру қажеттігі туындап отыр.  Осы мәселені іске асыру үшін болашағымыздың рухани  дамуын дұрыс жолға қоя білуіміз керек. Халқымыздың орасан зор адамгершілігімен, құрметімен, кішіге ізетімен, қонақжайлылығымен, ақыл-парасаттылығыменен, көсемдігімен, шешендігімен, әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, ұлтжандылығымен ерекшеленетін салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, мол мәдени, рухани мұраларын сақтап, оны заман өткен сайын жаңғырта түсетін  қасиеттерін жастарға ұғындыру, санасына сіңіру  уақыт талабы.

Институт студенттері білім алумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. 3-курс студенті А.Амангелдина Абай университетінің жастар ісі жөніндегі орталықта нұсқаушы қызметін атақаратын болса, 4-курс студенті М.Шадихан Алматы қаласы «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» ұйымына төрағалық жасады.  Бірнеше студенттеріміз еріктілер ұйымдарында жұмыс істейді. Осы орайда біздің студенттеріміздің танымдық зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары атануы көңілімізге қуаныш ұялатады. Мәселен, 2023 жылы «Қазақ жері – менің алтын бесігім» тақырыбында «Елтану» танымдық викторина жарысында «Тарих және құқық» мамандығының 1-курс студенттері А.Темирханова, М.Тилекберди, Ж.Түлек командалық есеп бойынша ІІ орынды жеңіп алды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастырған «Музейдегі сол бір кеш» атты мәдени зияткерлік танымдық кеште студенттеріміз Н.Болатаев, С.Чуимбаева, Е.Алпамысов, Ж.Түлек, Н.Айсағали қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді.

Сонымен қатар жыл сайын университет деңгейінде тұрақты түрде өтетін «Студенттік апталық» байқауларында да біздің шәкірттеріміз жүлделі орындарды иеленіп жүр. Тарих және құқық институтының білім мен ғылымға құштар талантты, белсенді студенттері қазірдің өзінде-ақ жан-жақты тұлға ретінде қалыптасып жатыр деп айтуға болады.

Сөзімізге тағы бір дәлел, институт білімгерлері үнемі республикалық пәндік олимпиада жүлдегерлері атанып келеді. Осы орайда ерекше көзге түсіп  жүрген А.Абылай, А.Берікұлы, А.Абахан, А.Жұмадильникова, А.Ержанқызы,  М. Джакаева, Ғ.Нұрулла, Д. Беркінбай, И. Балмағамбетов, А.Тоқтасын секілді студенттердің есімін атай кеткім келеді.

Спорт бағытында да жетістікке жетіп жүрген студенттер саны жетерлік. Біздің студентіміз Тамирлан Қабдрахманов самбодан әлем және ҚР чемпионатының жүлдегері атанып жүр. Ол Астана қаласында жауынгерлік самбо күресінен Жастар мен жасөспірімдер арасында Азия және Тынық мұхиты аймағы елдерінің чемпионатында І орынды жеңіп алды. Бұдан кейін әскери самбо күресінен жастар мен жасөспірімдер арасында Бішкек қаласында (Қырғыстан) өткен әлем чемпионатында ІІІ тұғырға көтерілді.

Алматы қаласы ЖОО арасында футболдан өткен еркін жарыста біздің институттың «Алаш» командасы І орын иеленді. Бұл  біздің спортсүйер студенттеріміздің жетістігі.

Студенттеріміздің өнер саласындағы жетістіктері баршылық. Мәселен, мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шарада 2-курс студенті Мейіржан Нұров «Үздік театр әртісі» номинациясымен марапатталды. Сол сияқты Гүлжанат Мамбетказиева «Ана тілі аруы» байқауының ақтық мәресінде ерекше өнер көрсетіп, 3-орын иеленді.

Жаһандану кезеңінде  халқымыздың тәлім-тәрбие қасиеттерін білім беру үдерісімен қоса алып жүру білім алушының өзіндік ұлттық қасиетін сақтап қалуымыздың айшықты ақиқаты. Жастарға ұлттық тәрбие бере отырып, біз олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға әсер ететін  ұлттық мақтаныш, ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, дінді, ділді барлық ұлттық құндылықтарды сіңіреміз.

Әрине, мемлекет қамқорлығындағы білім жүйесі бұдан былай да зор табыстарға жете беретіні сөзсіз. Себебі ел білімді болса ғана, тәуелсіздігіміздің  тұғырлы болары хақ.

– Әңгімеңізге рақмет.