Мәжіліс депутаты бұл мақсатты жүзеге асыру барысында қамтылуы тиіс бірнеше бағытты атап өтті.
Мәжіліс депутаты кітап оқитын елге айналу үшін мемлекеттік бағдарламаларға түзету енгізуді ұсынды
Фото: ult.kz
602
оқылды

Депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айдос Сарым бүгінгі Мәжіліс отырысында кітап оқитын ел қалыптастыру – Президент айқындаған күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі екенін айтты. Осы ретте депутат аталған мақсатты жүзеге асыру бойынша ұсыныстар білдіріп, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың сөзінше, бүгінде дүкендерде кітап сөрелерінде ұлттық әдебиет пен кітаптар саны артқанымен, бұл жұмыс тым баяу жүргізіліп жатыр.

«Құрметті Тамара Босымбекқызы! Биылғы Құрылтайда Президент мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетіп, кітап оқитын ел жобасына қайта тоқталды. Мемлекет басшысының осы мәселеге ерекше назар аударуының себебі – кітап оқу ұлттың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарты екенімен байланысты. Бұл ретте, отандық авторлар мен баспагерлерді мемлекеттік қолдаудағы басымдық оқулықтар мен әдебиеттерді басып шығаруға тапсырыс берумен ғана шектеліп отырғаны алаңдатады.

Сондықтан Мемлекет басшысының таяуда өткен Ұлттық құрылтайда осыған қатысты берген тапсырмасын негізге ала отырып, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға түзету енгізу қажет деп санаймыз», – деді Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты бұл шараны жүзеге асыру кезінде қамтылуы тиіс бірнеше бағытты атап өтті:

Бірінші. Отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгерту.

Қолданыстағы форматтың әлсіз жақтары – субъективтілік, формальдылық, ал кейбір тұстары сыбайлас жемқорлықтың бар екенін көрсетеді. Жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік тапсырысты Президент айтқан нақты құндылықтар бойынша шығармалар әзірлеуге бағыттаған жөн.

Сапасы жоғары, сұранысқа ие контент жасай алатын авторлармен ұзақмерзімді келісімшарттар қажет.

Екінші. Кітап индустриясы мен кітапқұмарлар қоғамының инфрақұрылымын қайта құру қажет.

Бұл ретте, кітап индустриясының тиісті тізбектерін құрған жөн. Ересектерге арналған мұндай тізбектер мынадай буыннан тұруға тиіс: оқырман – сыншы – маркетолог – баспа – кітап дүкендері мен дүңгіршектер – оқырман.

Үшінші. Қалалар мен ауылдардың әлеуметтік-мәдени стандарттарын өзгертіп, оқырмандар мен тұрғындардың санына шаққандағы кітап дүкендері мен дүңгіршектердің қажетті көлемін анықтаудың маңызы зор.

Өкінішке қарай, қалаларда кітап дүкендері мен газет дүңгіршектері ғайып болып кетті.

Сондықтан баспа өнімдерін, газет-журналдар сататын бірыңғай үлгідегі туристік дүңгіршектер желісін құру керек. Мысалы, Еуропада, Әзербайжанда, Ресейде және басқа да елдерде осындай желілер жұмыс істейді.

Төртінші. Қарапайым қағаздан бастап полиграфиялық жабдыққа дейін импортқа 100 пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына экономикалық тұрғыдан ынталандыру жүйелері қажет.

Салық реформасы аясында кітап шығарушыларды 10 жыл мерзімге салықтан босату керек. Мәселен, қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі ұлттық кітап шығаруды қолдаудың пәрменді шарасы ретінде 39 елде – Ұлыбританияда, Үндістанда, Бразилияда, Мексикада және басқа да елдерде қолданылады. 

Бесінші. Авторлық сыйақы төлеу қағидаларын, оның мөлшері мен төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту қажет.

Лайықты сыйақы алу үшін жағдай жасау отандық авторлардың шығармашылық белсенділігін арттырып, оларды баспаға тәуелділіктен құтқарады. Сонымен қатар  кітап-баспа инфрақұрылымының өкілдерімен бірлесіп, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнаманы ретке келтіру керек.

Алтыншы. Кітапқа деген қызығушылық отбасында қалыптасуға тиіс.

Бұл ретте, баласына ата-анасы үлгі көрсетуі керек.

Біздіңше, баланың рухани әлемін байытатын құрал – электрондық ойындар емес, кітаптар. Балаларға арналған дайджесттер, ғылыми-танымал журналдар мен сайттар, ең алдымен қазақ тілінде шығарылуы керек.

Жетінші. Кітап оқу әдетін мектеп қабырғасынан бастап дамыту керек.

Негізгі әдеби шығармаларды оқу, олар бойынша түсінгенін айту, олар бойынша эссе жазу мектеп бағдарламасына қайтарылуы керек. Кітап және кітап оқу күндерін өткізу қажет. Бұл ата-ана мен бала арасындағы сенімді, түсіністікті арттырады, бұл өз кезегінде үй ішіндегі дүрбілжеңді, ажырасуды, отбасылық зорлық-зомбылықты тежеуі ықтимал.

Сегізінші. Мектеп – кітапхана желісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс. Барлық оқушылар жергілікті кітапханаларға жазылып, оқырмандар қатарына қосылулары керек. Оларға арналған көрмелер, кездесулер, конкурстар, әдеби іс-шаралар өткізілуге тиіс.

Осындай ұсыныстар айтқан Айдос Сарым Президентіміз қоғамда патриотизм, жасампаздық, заңға, аға буын деген құрмет сияқты және басқа да құндылықтарды қалыптастыру міндетін үнемі айтып келетінін, бұған көбіне кітап оқу арқылы ғана қол жеткізуге болатынына тоқталды.

«Барлық мемлекеттік органдар осыны қаперіне алуы қажет. Кеңес заманында, қазақ жазушыларының туындылары жүздеген мың тиражбен, ал ең танымал қазақ газет-жорналдары 500-600 мың тиражбен тарайтын кезеңді де көрдік. Еліміз Тәуелсіздігін алып, халық саны еселеп артқан заманда мұндай жағдай қайталанбайды дегеннің өзі асқан қателік! Бұған тек жүйелі, табанды жұмыс атқаруымыз шарт! Жалпы алғанда, фракциямыздың депутаттары өз тарапынан қажетті заңнамалық шаралар арқылы отандық кітап шығаруды институционалдық тұрғыдан нығайту үшін Үкіметке жәрдем көрсетуге дайын. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы толыққанды іске асырылуы керек», – деп сөзін қорытындылады депутат.