Елордадағы «Арғымақ» ат спорт­тық сауықтыру кешенінде Наурыз мейрамы аясында Ұлттық спорт күніне арналған «Наурызнама: Ұлттық спорт күні» атты мерекелік іс-шара өтті.
Ұлттық спорт күнін атап өтті
993
оқылды

Шараға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласы әкімі­нің орынбасары Есет Байкен, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, ұлттық спорт арда­герлері, ұлттық спорт федерацияларының президенттері, спортшылар, дипломатия­лық миссиялардың басшылары мен өкіл­дері, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Туризм және спорт министрі Ермек Мар­жықпаев  құттықтау сөзінде бү­гінде  елімізде ұлттық спорт түрле­ріне деген ерекше қызығушылық пен та­ны­малдылық артып келе жатқанын ерек­ше атап өтті.

«Қазақтың ұлттық ойындары – мәде­ни-патриоттық тәрбие беруде ұтымды құрал. Денсаулықты нығайтуға, саламатты өмір салтын насихаттауға елеулі септігін тигізеді. Бүгін ел ішінде өткізіліп жатқан ат жарыстар, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту сияқты турнир­лер азаматтарға шынайы мереке салта­натын сезінуге мүмкіндік беруде», – деді министр.

 Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы­ның президенті Исламбек Салжанов елі­мізде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында 20 наурыздың ұлттық спортқа арналуы бү­кіл ұлттық спорт үшін қуанышты жаңа­лық екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Биыл қыркүйек айында елімізде Пре­зиденттің бастамасымен, V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл ауқымды халықаралық іс-шара ұлттық спортты одан әрі дамытуға тың серпін береді», – деді Исламбек Салжанов.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жиналғандарды мейраммен құттықтап, осы мереке күндері елорданың барлық ауданында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтетінін атап өтті. 

Мерекелік іс-шара аясында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсе­тілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары өтті. Қонақ­тарға қазақы тазы және бүркіт көрсетіліп, құсбегілік өнер таныстырылды. Сонымен қатар көкпардан Астана мен АҚШ құрама­лары арасындағы жолдастық кездесу көрермендер үшін керемет тосынсый болды.

 Мерекеге орай өзінің жетістіктерімен ұлттық спортты дәріптеп жүрген ұлттық спорт ардагерлері мен қайраткерлер ма­рапат­талды. Олардың қатарында көкпар­дан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы Мейрамқұл Ноғайбаев, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Мейрамғалиев, белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтыру­шысы Құламхан Жақыпов, асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанов, атбегі Мейрамбек Чакенов бар.