Биыл жер-ананың тоңы жібіп, табиғаттың қайта түрленетін сәтімен тұспа-тұс келетін Наурыз мейрамы елімізде өзгеше сипатта өрнек тапты.
Байқоңырда ду-думан
1,133
оқылды

Барлық аймақта Наурыз мерекесін тойлаудың онкүндік жоспары бекітілгені белгілі. Осы іс-шара жоспары аясында Сыр өңірінде де ауқымды шаралар өткізілді.

Атап айтқанда, 14 наурыздан бастау алған ұлық мерекеде 2 300 отбасыға қа­йырымдылық көрсетілді. Тұрғын үй ке­зегінде тұрған 215 отбасы қоныс тойын тойлады. Осы онкүндікте ұмыт бола бас­таған асыл құндылықтарымыз қайта жаңғырып, халық ұлттық нақышта киініп, жаңару мен жасампаздықтың жарқын үлгісін паш етті. 

Бұл жылдың тағы бір ерекше жаңа­лығы – Байқоңыр қаласында да әз-Наурыз мерекесі жоғары деңгейде тойлана бастады. Ресейдің меншігіндегі жұлдызды қалашықта қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы дәріптеліп, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымыз кеңінен на­сихатталуда. 

«Биыл Наурыз мерекесі Байқоңырда ерекше нақышта тойлана бастады. Арнайы бекітілген іс-шара жоспары аясында 14 наурыздан басталған мерекелік шара қала халқына ерекше көңіл күй сыйлады. Атап айтқанда, «Көрісу күні – Амал мерекесі» аясында «Наурыз мейрамы» ұғымының пайда болу тарихы туралы тәрбие сағаттары ұйымдастырылса, қайырымдылық акция­лары өткізіліп, мәдениет және ұлттық салт-дәстүріміз қайта жаңғырды, отбасы құн­дылықтары дәріптелді. Сондай-ақ Ұлттық киім кию күні тақырыптық челенж өткізу, мекемелерде ұлттық нақышта киіну басты назарда болды. Мерекелік іс-шара аясында байқоңырлықтар жаңарудың жарқын үлгісін көрсетіп, ағаш егуге атсалысса, ұлт­тық спортты ұлықтау да назардан тыс қал­мады. Ынтымақтастықпен тұрмыс кешіп жатқан қала халқына арнайы бейне­құт­тықтаулар ұйымдастырылса, домбыра мен қобызда ойнау, қыш құмыра жасау үрдісі өткізілді. Ең бастысы, жұлдызды қала­шықта жыл басын тойлау ерекше сипатқа ие. Бұл күні киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар әзірлеумен қатар, ұлттық ойындарымызды ұлықтау да назардан тыс қалмайды. Соның ішінде «Байқоңырдың бауырсақтары» фестивалі көпшілік тағатсыздана күткен ерекше іс-шара бол­ды», – дейді Прези­­денттің «Бай­қоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бас инспекторы Гүлсара Көш­кімбаева.

Жалпы, 1955 жылы іргесі қаланған ға­рыш айлағында екі елдің ақша айналы­мымен қатар, Қазақстан мен Ресей азамат­тарының құқықтары келісім-шартта тең дәрежеде бекітілген. Соңғы мәліметке сәй­кес, жабық қалашықта 57 мың 441 халық тұрады. Оның ішінде 40 615 адам Қазақстан азаматы болса, 15 507 адам Ресейдің үлесіне тиесілі. Ал 1 319 тұрғын өзге мемлекеттің азаматтығына ие.

Соңғы жылдары бұл қалашықта мем­­лекеттік бағдарламалар  шеңберінде атқа­­­рылған жұмыстардың ауқымдылығы бай­­­қа­ла­­­ды. Бірқатар нысан елімізге қайта­­­рыл­­­са, білім, денсаулық саласындағы қорда­­­ланған мәселелер рет-ретімен шеші­ліп, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп түсті. Соның айғағындай, биылғы Наурыз мейра­­­мын ұлтт­­­ық нақышта атап өтуге еш­қандай кедергі жоқ.

«Биыл байқоңырлықтар нағыз Наурыз мейрамын сезіне білді. Ұлттық құндылық­тарымызға шөліркеген тұрғындар ерекше көңіл күйге бөленді. Мерекеге орай ұйым­дастырылған арнайы онкүндік іс-шаралар аясында ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарымыз қайта дәріп­теліп, қала­­мыздан нағыз қазақылықтың лебі есіп тұр. Бұл мереке өскелең ұрпақтың өресін көте­­­ріп, ұлтжанды тұлға болып қалыпта­суына жол ашатыны сөзсіз», – деп қуаны­шымен бөлісті қала тұрғыны Ра­хымжан Досунбеков.

Осы орайда айта кету керек, ғарыш айлағындағы қалаішілік мерекелік шаралар мұнымен шектелмейді. Ұлық мерекеге орай, Қызылорда облыстық филармониясы тұңғыш мәрте жабық қалашыққа арнайы барып, өнер көрсететін болады. Мерекелік шашу 23 наурызға белгіленіп отыр.

«23 наурыз күні облыс әкімінің қол­дауымен Қызылорда облыстық филар­мо­ния­сының әртістері Байқоңыр қаласына арнайы гастрольдік сапармен барады. Өнер­паздар сол күні ғарышты қалашықта ұйым­дастырылғалы отырған үлкен мере­келік концертте өнер көрсетеді. Яғни, осы ар­қылы Байқоңыр халқына мерекелік көңіл-күй сыйлауды жоспарлап отыр­мыз», – деді облыстық филармония басшы­сының шы­ғармашылық жұмыстары жөнін­дегі орынба­сары Әзиза Іздіқұл.

Осылайша, көңілдің тоңын жібітетін ұлық мерекені кең көлемде атап өтуге байқо­ңыр­лықтар ұйымшылдықпен атсалы­сып жа­тыр екен. Байқоңырдағы он күнге созылған мере­келік шараның соңы ұлы тойға ұласады. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы