Қазақ халқы Наурызды «жыл басы» дейді. Наурызды күллі шығыс халқы мерекелеп, жаңа күннің басталуымен бірін-бірі құттықтап, үлкен мерекеге айналдырады. Әр адам келіп жеткен жаңа жылдан жаңаша үміт пен жақсылық күтетіні шындық. Ал босағадан енді енген әр жылдың өзіндік ерекшелігі мен өзгешелігі болатыны тағы бар.
Күнтізбеде көп мән бар
971
оқылды

Шынымен де, осы бір сандардың еш ғылымның заңдылығына бағын­байтын ерекше сәйкестіктері болатыны қызық дүние. Мысалы, келіп жеткен 2024 жыл­дың күнтізбесінің де өзіндік ерекшелігі бар. Жылдар мен айлар күн­тізбелеріне көз жібере отырып, биылғы жылдың күнтізбесімен сонау 1940 жыл­дың күн парағы тура сәйке­сетін­дігін көруге болады. Ғылыми болжам бойынша, егер жыл кібісе болса, 28 жыл­дан кейін күнтізбеде толық сәй­кестік болады екен. 

2024 жыл – кібісе жыл, сондықтан сәйкестіктер өте көп: мысалы, биылғы жылмен 1912, 1940, 1968, 1996, 2052, 2080 жылдардың күнпарақ кестесі дәлме-дәл сәйкесіп келеді. Күнтізбеге қарасақ, ақпан 29 күнге созылып, Наурыз мейрамы жұмаға кіреді. Ал жыл сейсенбі күнмен аяқталады. Мұндай сәйкестік енді тек 2052 жылы ғана қайталанбақ.

Бір қызығы, біздің есебіміздегі күн­­тізбе бойынша 365 күннің орнына 364 күн болса, онда еш өзгеріссіз жыл са­­йын бір ғана күнтізбе пайдаланған болар едік. Ал күнтізбедегі күн санының 365 бо­луының өзіндік құпиясы тағы бар.

Кібісе күн ақпанның әдеттегі 28 күніне бір күнді қосу арқылы түзіледі. Төрт жыл­да бір рет жасалатын бұл күнтізбе торын іске асырудың себебі, Жердің Күнді ай­налу кезеңі (астрономиялық жыл) – бір меридиан бойынша Күннің екі транзиті арасындағы орташа уақыттың (тәуліктің) есебі. Ғалымдардың пайы­мынша, бұл да дәл еселік есептеу емес. 

Күнтізбенің түрі көп 

Күнтізбенің түрі көп. Есте жоқ ескі замандардың өзінде адамзат баласы уақытты межелеу үшін түрлі амал-айла жасағаны белгілі. Мы­са­лы, адамдар ерте дәуірлерде таяқшалар тастап, тақтай­­шаға кертік жасап немесе жіпті түйіп уақытты белгілеп отырған. Мұндай күн­­­тізбе нұсқалары Америка, Азия, Аф­рика құрлықтарындағы тарихи орын­­­дардан жиі табылады. Нақты бір күнтізбенің нұсқа­сын Ахаменид патшасы І Дарий пайда­­­ланғаны жайлы тарих атасы Геродоттың жазбасында кез­деседі. Кертік ағаш күн­тізбені мажар қыпшақ­тары мен финн-угорлар бертінге дейін қолданып келгені белгілі. Ал қазақ есеп­шілерінің «кісе» деп атайтын қарапайым уақыттық есеп құра­лын да осы санатқа қо­суға болады.

Ресейдің Қорған облысындағы қа­зақтар мекендейтін ауыл маңынан та­былған б.з.д. VІІІ ғасыр мұрасы қола сем­сердің қос қапталына 20 түрлі жануарлар бейнесі таңбаланған екен. Зерттеуші В.Ко­­тов «20 күндік айды бел­гілейтін күн­тізбе болуы мүмкін» деген болжам айтқан. 

Дегенмен бүгінге жеткен ең көне күн­тізбе «борыш кітабы – календариум» 354 жылы Римде жазылғаны жайлы бі­леміз. Ал баспаханада басылған ал­ғашқы күн­тізбеге келсек, 1448 жылы неміс ше­бері Иоган Гутенберг қабыр­ғаға ілінетін ас­­­трономиялық табель-календарь басып шығарса, 1474 жылы оның жерлесі астроном Иоган Мюллер (Региомонтан) алғашқы журнал түріндегі 64 беттік ка­лендарь жасаған екен. 

Ал біздің жыл санауымызға дейін үн­дістердің Сапотектер тайпасы Моте-Аль­бан қаласының басты қақпасына күнтізбе жазып, сол кесте арқылы өздері­нің белгілі бір ритуалдары мен діни рәсімдерін жүр­­­гізіп отырған деген дерек бар. Олар­дың күнтізбесі бойынша жыл 260 күннен тұр­ған. Бірақ олардың жазбасында еш уақыт­та күнтізбенің қайталануы болмаған. Олар­­­дың құрған күнтізбесі бойынша қай­та­­­лану мың жылда не одан да көп уақытта сәй­­­­­­кес келетін болған. Сөйтіп, күнтізбенің дәл сәйкескен жылы Сапотектердің на­ны­­­­­мы бойынша ақырзаманның бас­талатын күні болып болжанған. Ғалым­­­дардың есебіне қарағанда Сапотектердің жыл санауы бойынша қайталанған күн­тізбе біздің жыл санауы­мыз бойынша 2011 жылдың 24 желтоқ­санында болуы тиіс екен.

Ал ұлтымызда ғұлама шипагер ретінде танылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ХV ға­сырда жазған «Шипагерлік баян» кіта­бында жыл атауларына өз сипатта­­­масын берген. Осы еңбегінде ол: «Сумақы – тышқан, Маңғаз – сиыр, Айбар – барыс, Секем – қоян, Сумаң – жылан, Тұлпар – жылқы, Иіртек – ұлу, Шопан – қой, Мешін – мешін, Айтақ – ит, Шақырауық – тауық, Қорысқы – доңыз» деп жазды.

Зерттеушілердің айтуынша, ежелгі көшпенділер жануарлар күнтізбесін қы­тай­лардан қабылдап алған көрінеді. Алай­да бұл күнтізбе толығымен көшіріл­меген, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Қытайда Маймыл жылы көш­пенділерде «Мешін жылы» деп ата­­лады. Ал Айдаһар жылының Ұлуға айна­луы туралы екі болжам бар. Қай уақытта да ауа райына тәуелді көшпенділер көбіне жазы қуаңшылықпен, қысы жұтпен есте қалған Қоян жылынан кейінгі жылға жа­уын-шашын мол болсын деген ырым­­­мен сулы жерде өмір сүретін ұлудың атын бер­се керек. Екінші болжам бойынша, айда­һар қытай тілінде «лұн» деп аталады екен. Ұлу сөзі осы «лұн» сөзінен шығуы әбден мүмкін.

Ұлу қандай жыл?

Халқымыз әрбір мүшел жастың есебін шығарып қана қоймай, әр жылдың өз ерек­шелігі мен сипатын да ғасырлар бойы бай­қап, ортақ заңдылықтарды дәл басып тапқан десек қателеспеспіз. Сондықтан кей жылды жақсылыққа баласа, енді бі­рінен қауіптеніп, соған орай өздерінше тұрмыстық айла-шарғы жасап отырған.

Ұлу жылы оның қандай жануар немесе жәндік екенін білсек те, оның өмірлік шарты мен қасиеттеріне көз жіберу қиын. Мысалы, ұлудың көзі көрмейтінін және оның тек өте сезгіш қасиетке ие екенін білеміз. Ал ұлу жыл ретінде санатқа енуі туралы жо­рамал көп. Мәселен, ғалым М.Ысқақов: «Ұйғырлар, түрікмендер және Қызылорда, Шымкент қазақтары ұлу жылын «балық дегенін айтады. Өйт­кені олар­дың түсінігінде осы жыл – суы мол жайлы, жұмсақ жыл деп саналады.

Нумеролог Ақбота Әбілтайтың ай­туынша, ұлу жылы – кібісе болған­дықтан, бұл жылы туған адамдардың тағдырында ерекшелік бар. Бірі аса та­бысты болса, енді бірінің тағдыры ауыр болады. 

«2024-тің қорытынды саны сегіз. 2 + 2 + 0 + 4 = 8. 8 – күрделі сан, шексіздік, масштаб, сәттілік, қарыз бен парыз, карманың саны. Бір жа­ғынан, сәттілік, табыс әкелсе, бір жа­ғынан сы­­най­ды, ау­­қымды іс­­тер бо­­ла­ды. Бі­рақ адамның бәріне бірдей әсер етпейді. Әр адамның тоғыз жылдық циклдағы жеке нумерологиялық бол­­жамдарын және жұлдыздарын қарау керек. Дұрыс қимылдай алса, өрлеу ке­зеңіндегі адамдарға бұл жыл қатты қорқынышты емес. Дегенмен кібісе жылында кімге болсын сергек болу керек. Тағдыр саны 8 адамдар және нуме­­­­рологиялық болжам бойынша кімде осы  сегіздік жы­лы болса, сол адамдар үшін ерекше болады. Әсіресе, мү­­­­­­­­­­­шелге кі­ретіндер – 1964, 1976, 1988, 2000, 2012 жыл-дары туғандар өз­дері үшін сақ болуы ке­рек», – дейді Ақбота Әбілтай.

Ұлу жылы туғандар

Әр жылдың бедерін бағамдап отырсақ, талай дүниенің болғанын байқай аламыз. Ал бір мүшел сайын дүниеге келген кемеңгерлердің өмір тарихына қарап өзін түзейтіндер де кездесіп жатады. Сол өзгелер өміріне бағдар еткен тұлғалар осы ұлу жылында да мол екен. 

Бұл тізімді шығыс шайыры Омар Хайям (1048) бастаса, атақты жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы Эдгар По (1810), әйгілі қаламгерлер Льюис Кэрролл (1832), Дж.Р.Толкиен (1892), Иосиф Бродский (1940), Мак­сим Горький (1868) де ұлу жылы туған ұлылар қатарынан болып шыққан. Ал әлемнің жаратылысы мен ты­лсымына көз тіккен философтар ара­сынан «фа­­шизмнің рухани атасы» Фридрих Ниц­­ше (1844), коммунизмнің «көк серкесі» Фридрих Энгельс (1820), Освальд Шпенглер (1880), Жан-Жак Руссо (1712), әйгілі Иммануил Кант (1724) ұлу жылы дүниеге келіпті. Әлемдік саясатта ойып тұрып орын алғандар қата­­­­рынан өжет қыз Жанна д’Арк (1412), орыс патшасы Николай II Ро­­манов (1868), Америка президенті Авраам Линкольн (1810), Эрнесто Че Гевара (1928), көршіміздің бүгінгі 1 ада­мы Владимир Путин (1952), Фран­суа Миттеран (1916), Эдуард Шевар­днадзені (1928) атауға болады.

Жаңа күнтізбе жазылып жатыр

Қазір әлем ха­лық­тары бірнеше түрлі күнтізбе қолданады. Оның қатарында Солтүстік Кореяның күнтізбесі қолда­ныстағы ең жас күнтізбе болып есептеледі. Соның ішінде ең танымалы – Григориан күнтізбесі. Бұл календарь бойынша жыл 12 айға, ал айлар 28-31 күн ара­лығында тәуліктік мезгілмен жiк­теледi. Бірақ бұл күнтізбе «ғаламдық уақыт есептеу жүйе­сіне сай емес» деген пі­кір алғаш рет 1923 жы­лы Жене­ва қаласында өткен Ұлттар лига­сының басқосуында айтылып, болашақта бұл күнтізбені реформалау ісі Халықаралық ко­митетке жүктелген бо­латын. Бұл жүктемеден осы күнге дейін нәтиже шыққан жоқ. Содан 1954 жылы БҰҰ-ның Экономикалық кеңесі 18-сес­сия­сын­да үнді астрономдары ұсын­­ған жаңа күнтізбе жобасы талқыланып, оны БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының қарауына ұсын­ды. Бірақ ешқандай нақты шешім қабылданбайды. Себебі аталмыш күнтізбе әлем елдерінің тұрмыстық қағидатта­рының кейбір тұсына қайшы болып шыққан. 

Соңғы жылдары бұл мәсе­лемен қазақ ғалымдары да, атап айт­сақ, танымал өнер­тапқыш, Д.Қонаев атындағы уни­вер­ситеттің құрметті профессоры, Халы­қ-аралық Акмео­логиялық ғылым­дарының акаде­мигі, Платон сыйлығының иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сайлыбай Бекболатов түбе­гейлі шұғылданып жүр. Ғалым «Мәңгі қазақ күн­тіз­бесі» деп атаған күнтізбе жүйесінің ерекшелігі сол, жыл 13 айдан тұрады және әр ай 28 тәулік­тен құралады екен.

«Жылдың 13 айдан тұру себебі, Жер планетасы Күнді айналу жолында 13 шоқ­жұлдызды жанап өтетіндіктен, Ай біз ойлағандай отыз күнде емес, жиырма сегіз күнде толады деп болжадық. Есептей келе, әр ай дүйсенбіден басталып, жек­сенбіде бітеді. Бұл өте қолайлы. Жалпы, адамзат үшін күн­тізбе мәселесі аса ма­ңызды. Өйт­­кені біз қазір қолданып жүр­ген Григориан күнтізбесінде көп­теген қателік бар. Басқасын айтпағанда, 365 тәуліктің өзі құбылмалы. Мысалы, қазіргі жыл санаудың төртінші жылында 366 күн бар. Бір күн артып кеткен. Осы қателіктің салдарынан бір жылды құрайтын 12 ай: бірде 28, бірде 29, бірде 30, тағы бірде 31 күнге ауысып отырады», – дейді ғалым Сайлыбай Бекболатов. 

Ширек ғасыр тер төгіп, үзбей жүргізген те­рең ғылыми ізденістерінің нәти­жесінде «Мәңгі қазақ кален­дары» атты патенттің иесі атанып отырған қазақ ғалымының жаңалығының тұ­сауы 2014 жылы Ха­лықаралық өнер, коммуникация, ғы­лым және технология конгресінің Англиядағы Кембридж универ­ситетінде кесіліп, осы ұйымға мүше 40 мемлекеттің айту­лы ғалымдары тарапынан бір­ауыздан мойын­далды. 

Қазақ күнтізбесі қандай?

Бұрын қазақ күнтізбесі – табиғат құбылыстарын бақылаудан туған халық­тың көпжылдық тәжірибелері қорытыл­­ған, жұлдызды аспан туралы астроно­­миялық түсініктер мен білімдер жинағы десек болады. Табиғат құбылыстарының қайта айналып келіп оты­руын, күн мен түннің, жыл мезгілдерінің, айдың тууы мен батуының алмасуын, жұлдыз­­дардың орналасу тәртібін, мұқият бақы­­лап, есептеп ұғынудың қазақ халқының дәстүр­­­лі ша­руашылығы үшін орасан зор маңызы болды. Қазақтар өзінің осы бір өмірлік күнтізбесі арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеуге және қыстауға қай уақытта қайту, қой мен  қозыны қырқу, күйекке алу, мал төлде­ту, соғым сою, егін егу, шөп шабу сынды ша­руашылық жұмыс­тарын жүргізу мез­гілдерін негізінен есеп­теп белгілеп отырды. Бұл есептен жаңылу қазақ халқы үшін аса қауіпті де болғандай. Сондықтан қазақ халқы әр айдың туған сәті мен толысуын және қараңғылануын қалт жібермей бақылап, өміріне бағдар етіп отырды.

Бердібек ҚАБАЙ