Астана қаласының Нұра ауданы әкімдігі тұрғындарға 2,5 тонна палау дайындады.
Әкімдік елорда тұрғындарға 2,5 тонна палау дайындады
Азамат Сыздықбаев
1,043
оқылды

Елорданың орталық саябағында екінші күн қатарынан Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Мерекені ұйымдастырушы – Нұра ауданының әкімдігі.

Орталық саябақтағы көктем мерекесі халықаралық деңгейде атап өтілуде. Наурыз мерекесіне Иран мен Тәжікстан елшіліктері қосылды. Дипломаттар өз киіз үйлерінде наурызкөже рецептерімен бөлісіп, дәстүрлі тәттілерін таратуда. Түркі және парсы халықтары үшін ортақ мерекеге 2 күнде 15 мыңнан астам астаналық келген.

Сонымен бірге  жалпыхалықтық мерекеде палау фестивалі өтті. Онда Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан аспаздары құрамымен ғана емес, пісіру әдісімен де бір-бірінен ерекшеленетін палаудың алуан түрін пісірді. Екі күнде астаналықтар 2,5 тоннадан астам тәжік, Самарқан, Ташкент палауларынан дәм татты. Мереке қонақтары үшін эстрада жұлдыздары мен би ансамбльдері өнер көрсетті. Мереке аллеясында ұлттық киімдегі батырлар, тазы иттер және халық әндерін шырқайтын домбырашылар шеру жасады.

«Біз бүгін жыл басы – Наурызды тойлап жатырмыз. Биыл біз Наурызнаманы жаңғыртып, мерекені жаңа форматта атап өтеміз. Елорданың орталық саябағында да ұзақ уақыт бойы жалпыхалықтық іс-шара өтпеген еді. Кеше мерекеге 7 мыңнан астам адам келіп, 1 тоннадан астам палау дайындалды. Бүгін біз одан да көп халықты күтеміз. Екі күнде мұнда 20 мыңға жуық адам келеді деп ойлаймын. Бүгінде мұнда әртүрлі елдердің аспаздары ғана емес, Тәжікстан, Иран елшіліктерінің өкілдері де бар. Өйткені, Наурыз – барлық түркі халықтарының мерекесі және ол барлық халықтарды біріктіреді. Олар Наурызды қалай тойлайтындарын көрсетіп, мерекенің ерекшеліктері туралы әңгімелейді», – деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Оның айтуынша, адамдар мерекені өте жылы қабылдады, оған жақсы ауа райы да ықпал етті.

«Аталған іс-шараны Нұра ауданы әкімінің аппараты ұйымдастырды. Бұдан да басқа төрт орында, тұрғын үй кешендерінің аулаларында Наурыз мейрамы тойланды. Көршілердің өздері бас қосып, киіз үй қойып, концерт ұйымдастырды. Біздің әкімдікке биыл 1 жыл толады және бұл біздің алғашқы Наурызымыз», – деді ол.

Мерекені ұйымдастыруға көмектесу үшін және оған халықаралық ауқым беру үшін әртүрлі елдерден қонақтар келді. Солардың бірі – Тәжікстаннан келген аспаз Джмоледдин Астанакулов.

«Біз бүгін Астана тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы 30 келі палау дайындадық. Бұл тәжік палауы, жай ғана емес, мерекелік палау деп аталады. Оның күнделікті палаудан айырмашылығы бар, мәселен мерекелік палауға арнайы зығыр майы қосылады. Мұндай палау қазаны кем дегенде 500 адамды тамақтандыра алады»,– деді аспаз.