Жуырда күйші Әбікен Хасеновке арналған іс-шара өтті.
Болмысы биік Әбікен Хасенов
1,962
оқылды

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде күйші Әбікен Хасеновке (1892-1958) арналған жиын өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Іс-шараның мақсаты – күйшінің мұрасын насихаттау, өнерпаз өмірінің көпшілікке белгісіз тұстарын таныстыру. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов, ҚР халық әртісі, актер Тілектес Мейрамов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айтқали Жайымов, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов, өнер зерттеушісі Ерлан Төлеутай, филология ғылымдарының докторы Риза Әлмұқанова, өнертану ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы Раушан Нұртаза, Қалкен Қасымов, Болатхан Ташимов, Қайрат Айтбаев сынды күйшілер қатысты.

Алқалы отырыс алдымен фотокөрменің ашылуымен басталды. Көрмеде Әбікен Хасеновтің бүгінгі М. Әуезов атындағы академиялық театрда өнер көрсеткен кездегі фотосуреттері қойылды.

«Әбікен Хасенов Алматыға 1934 жылы келгеннен кейін Сәкен Сейфуллиннің көмегімен театрға жұмысқа орналасты және дүниеден өткенше дейін осы театр қабырғасында актер болды. Көптеген басты рөлді сомдады. 1945 жылы еңбек сіңірген әртісі атағы берілді», – деп таныстырды Алматыдан арнайы келген Әуезов атындағы театр музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.

Кейін Әбікен күйшінің жиен қарындасы Несібелі Әбдірахманованың құрастыруымен жарыққа шыққан «Әбікен Хасенұлының өмір тарихы мен творчествосы» кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер барысында жиналған көпшілік осы жиынды өткізуге атсалысқан Несібелі Жұмабайқызы ерекше алғысын айтты.

Жалпы Әбікен жайлы кесек тұлғалардың пікірі оң, айтқан бағасы өте жоғары болды. Соның бірі Ақселеу Сейдімбек күйші жайлы:

Әбікен – тұтас бір күйшілік мектептің барша болмысын жеріне жеткізе көрсете білген домбырашы. Оның домбырашылығы Арқаның күйшілік мектебінде күй тартудың эталоны ретінде ұрпақтар санасына орнықты. Бұл тұрғыда Әбікен Хасенұлы өткен мен бүгін арасында күйшілік дәстүрдің тегеурінді көпірі бола білді, – деген еді.

«Қазір көпшілігі Әбікен Хасеновті тек күйші деп біледі. Осы жиын бұл тұжырымның қате екенін көрсетіп отыр.  Әбікен кино және театр актері болған екен.  Және көпшілігінде басты рөлдерді сомдаған. Фотокөрмеде барлығы көрсетілген. Осындай дөңгелек үстелдер көп болу керек. Насихатты арттыру қажет», – деді «Түркісой» ұйымының экс-басшысы Дүйсен Қасейінов.

Дөңгелек үстел барысында өзге қатысушылар да өз пікірін айтып, Әбікен Хасеновтің шығармашылығы жайлы ойларын ортаға салды.

Рүстем Нүркенов