Оразаның әр күні сәресі ішуден басталады.
Сәресі ішудің қандай пайдасы бар?
Фото: pexels.com
16,627
оқылды

Сәресі – ораза ұстау кезінде түннің үшінші бөлігінде ішетін тамақ. Сәресі тамағының ерекшелігі туралы көптеген хадис бар. muftyat.kz соның бірқатарына тоқталып, сәресінің сіз бен біз біле бермейтін пайдасы туралы жазды.

Сәресі ішу – оразаға ниет еткен адамның таң атар алдында тамақтануды немесе ең болмағанда су ішуді білдіреді. Үкімі – мұстахап (істесе сауап, ал орындамаса күнә саналмайтын іс) амал[1]. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Әнәс бин Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: 

«Сәресіге тұрыңдар, сәресіде берекет бар» [2].  «Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде»[3], – дейді.

Келесі хадисте:  «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді»[4], – дейді.

Бұл жайлы имам Нәуауи: «Хадисте берекет бар деп келуі адам сәресіде тамақ ішумен қуат алып, ораза ұстауға белсенділігі және қызығушылығы артады. Сондай-ақ сәресі уақытында дұға жасалып, зікір айтылады. Алланың мейрімі түсетін дұға мен истиғфар қабыл болатын уақыт. Ол уақытта тұрған адам дәретін алып, намазын оқып, таңның атуын күтіп сауапқа кенелу артықшылығы да бар»[5], – деген.

Сәресі уақыты түннің соңғы алтыншы бөлігінен таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады[6]. Таң намазының уақыты кіргенде сәресі ішуді тоқтату тиіс.

Сәресі ішудің қандай пайдасы бар?

Сәресі ішудің өзіндік берекеті мен артықшылықтары бар:

1) Сәресін ішуге тұрған адамға Алла мен Оның періштелері салауат айтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

«Расында, Алла және Оның періштелері сәресі ішкендерге салауат жолдайды»[7], – деген.

2) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті орындалады; 

3) Құлшылыққа күш-қуат береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Күндізгі оразаларыңа сәресінің асын ішіп көмектесіңдер»[8], – дейді.

4) Ширақтықты арттырады (белсенділік, энергия, т.б); 

5) Аштықтан келетін нашар мінездің алдын алады; 

6) Сəресі дұғаның ең қабыл болатын кезіне сәйкес келеді; 

7) Сəресіде ниетті түзеп, ықыласты арттыруға мүмкіндік туады; 

8) Сәресіне тұрған адам таң намазына ұйықтап қалмайды.

Сондықтан мұндай пайдалардан құр қалмас үшін сәресіне тұрған жақсы. Ал сәресі іше алмай қалып, ауыз бекіткен адамның оразасы дұрыс саналады. 

 Сәресін ерте ішіп қоюға бола ма?

Ораза ұстаушыға сәресін таң намазына жақындатып ішу және аузын тездетіп ашқан сүннет болып саналады[9]. Зайд ибн Сәбиттен жеткен хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сәресін ішіп болған соң, намазға тұратын едік»[10]. Тағы бір хадисте: «Адамдар ауыз ашуға асыққан сайын әрдайым жақсылықта болады»[11], – делінген.

Сондықтан сәресін таң намазының уақытына жақындатып ішу әрі ауызды күн батқаннан кейін тездетіп ашқан дұрыс.