Тұрғындар ауылда жергілікті ауқымда төтенше жағдай жариялануын талап етіп, әкімдіктің алдына жиналған. 
Қоянды тұрғындары жолды жауып, су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялауды талап етті 
1,029
оқылды

Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етіп, күре жолдың бойын жауып тастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Елордадан небәрі 7 шақырым қашықтықта орналасқан 40 мыңнан астам тұрғыны бар Қоянды ауылында су тасқынынан аулаларды су басып, қарғын су тіпті бірқатар үйдің ішіне де кіріп кеткен. Қыс бойы қалың қар құрсауында қалып, көктемде жылда жолдары батпаққа айналатынын айтқан тұрғындардың билікке наразылығы шегіне жеткен. Тұрғындар ауылда жергілікті ауқымда төтенше жағдай жариялануын талап етіп, әкімдіктің алдына жиналған. 

– «26 наурыз күні тұтас халық болып әкімдіктің алдына жиналдық. Біздің талабымыз жергілікті масштабта төтенше жағдай жариялау. Тұтас ауыл суға кетіп жатыр. Су көп үйдің ішіне де кіріп кетті. Мұның қалай өтелетіні айтылып та жатқан жоқ. Бізге көлік, көмек керек. Суды сорып шығару үшін адамдар керек. Қыс бойы қарды шығармаудың кесірінен жағдай осылай болды», – дейді ауыл тұрғындары. 

Жиналған халық бүгін тіпті республикалық маңызға ие трассаны жауып тастаған. Оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ та барған. Аудан әкімі Бахидбек Оспанбековтің айтуынша, тұрғындар еріген қар суына шағымданып жатыр. Су аулаларды тұтастай басып қалған. Сору жұмыстары жүріп жатқанымен күш-құрылымдар жетіспейді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Көкшетаудан қосымша күш құрылымдары аттанған. Жиналғандармен Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Доспаев та кездесіп жағдайды түсіндірген.

– «Су тасқынына қарсы жұмыстар Целиноград ауданы Қоянды ауылында жалғасуда. 27 наурыз күні сағат 06:00 жағдай бойынша 80 мың текше метр еріген су тартылды. Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және жергілікті атқару органдарының 17 бірлік техникасы, 76 адамы және 18 мотопомпасы жұмылдырылды. Ауылда төрт үй суға кеткен. Олардың екеуі уақытша тұрақ. Көшелер мен аулаларды да су басқан. Құтқарушылар дүйсенбіден бастап жұмыс істеп жатыр. Жалпы 18 құтқарушы мен 3 техника бірлігі жұмыс істеп жатыр. Көкшетаудан 25 құтқарушы, 10 мотопомпа алынып, бірнеше машина аттанды», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Қанат Доспаев.

Соңғы жеткен мәлімет бойынша тұрғындар жолды ашып, біртіндеп қайта бастаған. 

Целиноград ауданы әкімдігінің мәліметінше, Қояндыдан 150 мың текше метр қар шығарылған. Қар шығару үшін 10 бірлік инженерлік және арнайы техникалар жұмыс істеген. Бүгінге дейін 9,5 мың метр арықтар мен арналар, 46 су өткізу тұрбалары тазартылған. 35 мың текше еріген қар суы сорылған. Полиция тұрғындарға автокөлік жолын жауып тастауға жол берілмейтінін, заңнаманың бұзылуы үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы