БҚО Қаратөбе, Теректі аудандарында төтенше жағдай жарияланды.
Батыс Қазақстан облысында жағдай қиындай түсті, тұрғындар мектепке көшіріліп жатыр
Фото: БҚО ТЖД
1,023
оқылды

Батыс Қазақстан облысында су басуға қатысты жағдай қиындай түсті, - деп хабарлайды  Aikyn.kz 

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында қардың қарқынды еруі және жауын-шашынның салдарынан Жақсыбай өзенінің сағасы көтеріліп, 30 жеке тұрғын үй су астында қалды. Шамамен 300-400-ге жуық адам Қоржын ауылының ауылдық мектебіне көшірілді. Автокөлік қозғалысы тоқтатылды.

Қалыптасқан су тасқынының қауіпті жағдайына мониторинг жүргізу, сондай-ақ, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында жедел штаб Орал қаласының «ӨС және АҚЖҚ» РММ күштері мен құралдарын Қаратөбе ауданының Аққозы және Шалғын ауылдарына жіберу туралы шешім қабылдады.

Құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 24 адам, 5 бірлік техника және 4 мотопомпа тартылатын болады. Топтың жетекшісі болып, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Рустам Кубашев тағайындалды.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Аңқаты ауылында жауын-шашынның мол түсуі және дала аймағында еріген қардың суына байланысты 16 тұрғын үйге су кіріп, 8 аула аумағын су басты.

Қазіргі уақытта 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілді. Үй жануарлары мен құстар қауіпсіз жерге шығарылды.

Су деңгейін түсіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жалпы жабынды ашу жұмысы жүргізілді.