Атыраулық ғалымның қант диабетіне шалдыққан науқастарға арналған шипалы сусыны өндіріске шығады.
Шұбаттан шипалы сусын жасаған
749
оқылды

Өнім Маңғыстау облысында орналас­қан AGARGAN ЖШС мен «Ғылым қорының» бірлесе қаржыландыруының нәтижесінде өндіріске шығарылатын болады.

«Софмайя» түйе сүтінен жасалатын жаңа сусынның авторы – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы София Сағындықова. 

Адам ағзасына пайдалы дәрумендері мол өнімнің қант диабеті дертіне шал­дық­қандарға шипасы зор. Сондай-ақ бұл – ана мен баланың өміріне қажетті та­ғам­дық қоректерді беретін органикалық сусын. Бұл өнім еліміздің батыс айма­ғын­дағы түйе шаруашылығымен айна­лысатын қожалықтардың сүт өнімдерін жаңа технологиямен өңдеп, сақталу мерзімін ұзартып, ішкі-сыртқы нарыққа шығаруда бәсекеге қабілетті шырын болады деп күтілуде. 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа өнім аталған министрлік пен «Ғылым қоры» арқылы ғылыми зерттеу нәтижесін ком­мерцияландыру жобасы аясында грант иеленген. 

 «Бұл – ғылыми жаңалық 20 жылға жуық зертханалық ізденістерде пысық­талған және қазақстандық, халықара­лық конкурстарда талай рет жеңіске жеткен гранттық зерттеу жобасы. Өткен жылдың соңына қарай министрліктің Ғылым қоры, университет және жеке серіктестік арасында келісім-шарт жа­сал­ды. Жоба құны 403 миллион теңгеден астам қар­жыны құрайды», – деді ми­нистр. 

Ерекше өнімнің авторы, биология ғылымдарының докторы София Сағын­дықова сусынның қант диабетіне шал­дық­қан адамд­арға пайдасы зор екенін айтты.

«Түйенің сүтінде қант пен лактоза бол­майды. Сол себепті де ол организмге жақсы әсер етеді. Көптеген адамдардың иммунитеті төмен. Сондықтан бұл өнім­ді иммуномодулятор түрінде де қолда­нуға болады. Антибиотик қабылдаған уақытта міндетті түрде пробиотик ішу керек. Ал пробиотик ретінде осы біздің сусынымызды қолдануға болады», – дейді ғалым. 

Ерекше өнімнің авторы, биология ғылымдарының докторы София Сағын­дықованың айтуынша, қазір өнімді шы­ғаруға дайындық жұмыстары басталып кеткен. «Өнімнің алғашқы үлгілері енді шыға бастайды. Ерекше сусын AGARGAN зауытының 44-ші өнімі болып нарыққа шығатын болады. Әрине, пробиотикалық өнімдер нарықта бар. Бі­рақ отандық өнімдер аз. Шұбатқа қызылша шырынының қосылуында да үлкен мән бар. Қарапайым тілмен айқан­да, қызылша адамның асқазанын босата­ды. Ішек жолын тазалайды. Біздің өнімі­міздің құрамында фолий қышқылы, темір, С, В дәрумендері бар. Осылайша, өнім адам ағзасы шлактардан тазалаған­нан кейін де дәрумендерді жақ­сы сіңіруге ықпал етеді», – дейді София Сағындық­ова. 

Ғалымның айтуынша, лаборатория­лық жағдайда сынақтан сәтті өткен өнім­ді алғашқы болып оның анасы тұ­тын­ған. «Анам қант диабетімен ауырған болатын. Сол себепті ол кісі арнайы дие­­таны ұстануға мәжбүр болды. Деген­мен менің зертханалық жағдайда жасаған өнімімнің анама әсері жақсы болды. Өнімді белгілі бір уақыт пайда­лан­ғаннан кейін қанындағы қант мөл­шері кәдім­гідей түсіп, оң өзгерістер бол­ды. Анам­дағы жақсы нәтижелерді көріп-білгендер кейін қызығушылық таныта бастады. Бара-бара хабарласқан  адамдарға рецептімен бөлісіп жүрдім», – дейді ол. 

Ал сусынды клиникалық тұрғыда сы­­­нақ­тан өткізу алдағы күндерге жос­пар­­лануда. Одан бөлек, сынақтар сана­торий, профилакторийларда да жал­ға­сатын болады. 

София Сағындықованың айтуынша, қызылша шырынын тамақ рационына жиі қосу – организмді қант диабетінен сақ­­тандырумен қатар, ағзадағы холес­терин мен улы заттарды азайтуға мүм­кіндік береді.

«Алайда қызылша шырынын табиғи күйінде ішу мүмкін емес. Өйткені бұл шы­рын дәмсіз келеді. Сол себептен оны шұбатқа қосудың тиімділігіне ғылыми тұр­ғыдан зерттеу жүргізіп, түйін жаса­дым. Шұбат пен қызылша шырыны бір-бірінің құнарлылығын толықтырып, адам ағзасына сіңімділігі артады. Мақсат – экологиялық таза шұбат сусынын шы­ғару. Шұбатты ұзақ мерзімге сақтаудың жолдары жайында да зерттеу­леріміз бар», – дейді ғалым. 

Дәрігерлер 2050 жылға қарай қант диабетіне шалдыққандар саны әлемде миллиардтан асуы мүмкін деп болжайды. Оған себеп – адамдар арасында семіз­діктің белең алуы. «Қант диабетімен ауыратындар – көбінесе жастар», – дейді мамандар.

Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтанбау және фаст-фуд, тез дайын­далатын тағамдар мен тәттілерді мөл­шер­ден тыс қолдану адам ағзасындағы көмірсулардың көбеюіне әкеледі. 

«Қант диабетінің алдын алу үшін қандағы қантты бақылау керек. Егер ол көтерілсе, эндокринологпен байланы­сып, қаралған дұрыс. Қажет жағдайда дәрігер дәрі-дәрмек тағайындайды. Олар­ды дұрыс қабылдап, барлық ұсы­ныс­тарды орындаса аурудың күшеюіне жол бермеуге болады. Сондай-ақ тамақ­тануды қадағалап, азық-түлік пирамида­сының қарапайым ережелерін орындау маңызды», – дейді эндокринолог-дәрігер Анна Чичибабина.

Қазақстанда ғана емес, әлемнің же­тек­ші елдерінің ғылыми ортасына есімі жақсы таныс микробиолог ғалым Софья Сағындықова, осылайша қазақтың ұлт­тық сусынының бірі – шұбаттың құна­рын қызылша шырынымен байытып, ғылыми жаңалық ашып қана қоймай, экологиялық таза өнімнің өндіріске шығуына себепкер болып отыр. Бұл да болса, дені сау ұлт қалыптастыру жолын­дағы отандық ғылымның үлкен қадамы.

Баян ЖАНҰЗАҚ