Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе және Теректі аудандарында төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қаратөбе ауданында аудан әкімі жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім шығарды.
Соған байланысты аудан аумағында тиісті іс-шаралар жүргізілетін болады. БҚО ТЖ департаментінің мәліметінше, 27 наурыз күні Қоржын ауылында 80 үй су астында қалып, 281 адам мектепке көшірілген.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, құлаған үйлер бар, сонымен қатар ұсақ мал шығынға ұшыраған.
Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.
Сондай-ақ Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова аудан аумағында төтенше жағдай жариялау туралы шешімнің порталға шыққанын жеткізді.
Оның айтуынша, өзі басы-қасында болған Аңқаты ауылында 20 үй суға кеткен. Орал қаласына іргелес орналасқан Подстепный ауылында да жағдай сонымен шамалас. Теректі, Ұзынкөлде де суға кеткен үйлер бар. Қазір олардың саны нақтылану үстінде.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен хабарлауынша, облыста осы кезге дейін 273 264 текше метр қар суы сорылып, 15 937 қапшық төселген. Су тасқынының алдын алу шараларына 696 адам, 137 техника, 138 мотомпомпа тартылған.