Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Күшіміз бірлікте» акциясы өтетінін мәлімдеп, әлеуметтік желіде жазба жариялады.
«Күшіміз бірлікте»: су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі
Фото: ҚР ТЖМ
876
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Күшіміз бірлікте» акциясы өтетінін мәлімдеп, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі бірлік пен өзара көмек екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде табиғи апат қаупі күшейіп, көктемгі су тасқыны басталды. Кей жағдайларда су тасқынының зардабын жоюға, оның күшеюіне жол бермеу үшін жұмыс күші жетіспейді.

Дегенмен қазақстандық еріктілер қиындық кезінде ешқашан шет қалған емес. Мемлекет басшысы да ауызбірліктің арқасында Қазақстан халқы ең қиын кезеңдерді еңсергенін бірнеше рет атап өтті. Қазір де көптеген отандастарымыз су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қол ұшын созып жатыр.

«Бүгін таңертең біз министрлікте жедел жиын өткізіп, азаматтық қоғамның осындай игі бастамаларына қолдау көрсету мәселесін талқыладық. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Күшіміз бірлікте» акциясын бастау туралы шешім қабылданды. Жұмысты менің орынбасарым Евгений Кочетов үйлестіреді. Қазірдің өзінде ерікті фронт-офистер желісі негізінде зардап шеккендерге көмек көрсеткісі келетіндер үшін бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Байланыс нөмірі: +7 708 706 42 42. Көмек беруге ниетті немесе көмек алғысы келген кез келген азамат осы нөмірге хабарласа алады. Ұйымдастырушылық тұрғыдан немесе өзге де қолдау көрсеткісі келетін үкіметтік емес ұйымдар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына мына телефон арқылы хабарласа алады: + 7 705 247 47 22», деп жазды ол.