«AMANAT» партиясының өкілдері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері қарғын судан зардап шеккен отандастарымызға қол ұшын созып, көмек көрсетуде.
«AMANAT»: Жастар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр
1,154
оқылды

«AMANAT» партиясының өкілдері мен «Жастар рухы» Жастар  қанатының белсенділері қарғын судан зардап шеккен отандастарымызға қол ұшын созып, көмек көрсетуде.

Мәселен, партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының мүшелері су басқан аумақтарға барып, жағдайды бақылауға алды. Партиялықтар Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен, әскери құрылымдармен және полицейлермен бірге күндіз-түні жұмыла жұмыс істеп жатыр. Аманаттықтар көшелері мен аулаларын су басқан тұрғындарға көмек көрсетіп, су бұру, құм төгу, жолдарды судан тазарту жұмысына атсалысуда.

Ербол Данағұлов кеше облыс орталығындағы жағдаймен танысып, бүгін Қобда ауданына барды.

«Қар мен мұздың күрт еруі және жаңбыр елді мекендердегі жағдайды қиындатты. Қазір ағыс бағытын бұру, бөгеу жұмысы жүргізілуде», – деді Ербол Данағұлов.

Айта кетейік, аталған өңірдегі жастар қанатының еріктілері кеше Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде, Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында болып, жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті. Жастардың енді бір легі бүгінде үйін су басқан ақтөбеліктерге қол ұшын созып жүр.

Ал Қостанай облысында «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері Арқалық қаласының аумағында су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге барып, бірнеше күн қатарынан көмек көрсетуде.

Олар жергілікті атқарушы органдармен және төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп, тұрғындарды қауіпсіз аумаққа жеткізуге, эвакуацияланған адамдарға уақытша баспана тауып беруге, қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге жәрдемдесуде. Бұған қоса, «Жастар рухының» волонтерлері гуманитарлық көмек жеткізуге де күш салып жатыр. Еріктілер азық-түлік, су, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттарды жинап, кейін зардап шеккендерге таратады.

Батыс Қазақстан облысында «АMANAT»-тың бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен мүшелері, партия белсенділері Орал қаласында, Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Қаратөбе аудандарында су тасқынынан жапа шеккен тұрғындарға көмек көрсетуде. «Жастар рухының» белсенділері тәулік бойы кезекшілікте жүрген Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне ыстық тамақ үлестірді.

Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында партияластар гуманитарлық көмек жинауда. Бұған қоса, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары партияның өңірлік филиалы жанынан ашылған есепшотқа материалдық көмек ретінде қаражат аударып жатыр. Партия филиалдарының қызметкерлері де біркүндік жалақыларын аударуда. Гуманитарлық көмектің алғашқы легі Қаратөбе ауданына жол тартты. Бұл көмек төтенше жағдай режимі жарияланған барлық ауданға жеткізіледі.

Абай облысында партияның өңірлік филиалының, аумақтақ филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, облыстық, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері, «Жастар рухының» еріктілері су басқан аумақтарда атқарылып жатқан жұмыстарға белсенді араласуда.

Айта кетейік, аймақтағы бірнеше аудан мен Семей қаласы маңында айдындардағы су деңгейі көтеріліп, соның салдарынан көпірлер мен жолдарды, аулаларды  су  басты. Партиялықтар ТЖД мен ІІД қызметкерлерімен, әскери құрылымдармен, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Олар қаптарды инертті материалдармен толтырып, бөгет қойып жүр. Су басқан жол мен көше, тұрғын үй тұсынан арық қазу, су бұру, су сорғызу, құм төсеу, бөгет қою жұмысы жүріп жатыр.