Салдарынан іштегі бала шетінеді.
Павлодарда қайнысы жүкті жеңгесін аяусыз ұрған
Фото: astanatv.kz
904
оқылды

Павлодарда қайнысы жүкті жеңгесін өлімші етіп сабаған. Салдарынан іштегі бала шетінеді. Сұмдық оқиғадан әйел есін жоғалтып алған, - деп хабарлайды Aikyn.kz  Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Аталған іске қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті қамауға алынған. 

Сұмдық оқиғадан жүкті әйел есін жоғалтып алған. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Қатты соққыдан басы жарылып, миы шайқалған. Өзін кімнің ұрып соққанын да есіне түсіре алмады. Аяғының ауыр болғанын ғана біледі.

«Иә, мен жүкті екенімді білдім. Ол менің есімде. Менің ішімде қыз болды», – дейді жәбірленуші Гүлмерей Қарсыбаева. 

Дәрігерлер науқастың ауруханаға ауыр жағдайда келгенін айтады. Бір уақытта екі бірдей ота жасаған. Ал іштегі 9 айлық баланы кесір тілігі арқылы алған. Бірақ нәресте өлі туылды.

«Науқастың басындағы жарықтың көлемі 8-9 сантиметрдей болды. Біз оның зақымданған бөлігін алып, орнын тіктік. Бас ми жарақаты кезінде есін жоғалту қалыпты құбылыс. Уақыт өте келе біртіндеп қалыпқа келеді», – деді Павлодар қалалық №1 аурухананың дәрігері Дәурен Сафиулла. 

Ал жеңгесін соққыға жыққан жас жігітке қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Оның қылмыс жасаған кезде есірткі қолданғаны анықталды.

«Полиция кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу бастады. Аса ауыр қылмыс жасаудағы күдікті қамауға алынды. Жігіт есірткіге мас күйінде үлкен ағасының жұбайына дене жарақатын салған. Жарақат алған әйел ауруханаға жатқызылды», – деді қалалық Полиция басқармасының оңтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары Әлібек Салатов.