Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарындағы «АMANAT» партиясының қызметкерлері мен мүшелері, партия белсенділері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуде.
«АMANAT» партиясы Батыс Қазақстан мен Қостанай облысы тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберді
1,033
оқылды

Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарындағы «АMANAT» партиясының қызметкерлері мен мүшелері, партия белсенділері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуде.

Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Игі істен облыстық, қалалық мәслихат депутаттары да шет қалмады. Нәтижесінде 7 млн теңге қаражат жиналды.

Сын сағатта аудандардағы бастауыш партия ұйымдарының мүшелері тасқынға тап болған тұрғындардың жанынан табылды. «Жастар рухының» белсенділері құтқарушыларға ыстық тамақ үлестірді. Өкінішке қарай, су басқан кейбір ауылдармен көлік байланысы үзілді. Эвакуациялық бекетті паналаған адамдар киім-кешек пен азық-түлікке мұқтаж. Партиялықтар су жайылған барлық елді мекен тұрғындарына көмек көрсетуді көздеп отыр.

«Су тасқынынан зардап шеккен Қаратөбе және Сырым ауданының тұрғындарына барлығы 8 тонна гуманитарлық көмек жолдадық. Кішкентай балаларға, ересек азаматтарға арналған жылы киімдер, резеңке етіктер, шаруашылық тауарлары, азық-түлік жөнелттік», – деді «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.

Бұл ретте, «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының қызметкерлері де өңірде су тасқынынан зардап шеккен Арқалық қаласының, Амангелді, Жангелдин аудандарының тұрғындарына гуманитарлық көмек жолдады. Игі іске облыстық мәслихат депутаттары да атсалысты. Олардың күшімен 1 миллион теңгеден астам қаражат жиналып, азық-түлік сатып алынды. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер қауымы да өз үлесін қосты.

«Тұрғындарға жаңа киімдер, 4 тонна картоп, 1 тонна су, 6 тонна ұн, 510 келі пияз, 350 литр күнбағыс майы, 500 келі макарон өнімдері, 200 келі күріш, жеке гигиена заттары, резеңке етіктер, көрпе-жастық, төсек-орын жібердік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Осындай қиын-қыстау сәтте тұрғындарға қол ұшын созу – бәрімізге ортақ парыз», – деді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Жанар Күйшінова.