Парламентте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының мүшелері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің кездесуі өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығымен кездесті
618
оқылды

Кездесуге депутаттық топтың жетекшісі – Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп төрағалық етті.

Сенатор Нұртөре Жүсіп өз сөзінде, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың тапсырмасы бойынша «Бір ел-бір мүдде» алаңы құрылғанын және ол ұлттық бірлік пен әлеуметтік келісімді нығайтуға бағыт­талғанын атап өтті.

«Біздің депутаттық топ жұмысының мақсаты – еліміздің Президенті қойған міндеттерді сапалы орындау аясында сын­дарлы алаң қалыптастыру. Депутаттық топ құрылған күннен бастап азаматтық қоғам институттарымен әлеу­меттік келісім және ұлттық бірлік, еліміздегі ұлтаралық қа­тынастарды үйлестіру сала­сында бірқатар маңызды істер атқарылды. Бірқатар кез­десулер, семинарлар мен ке­ңестер өтті. Бүгінгі шараны біздің ағымдағы жұмы­сымыздың жалғасы деп санауға бола­ды», – деді депутат.

Кездесу барысында Закиржан Кузиев Сенатқа Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған бес депутаттың атқарған жұмыс туралы айтып берді. Ол сенатор халықпен 150-ден астам көшпелі кездесу өткізіп, 5 заңға бастамашы болғанын, оның біреуіне Президент 2023 жылдың соңында қол қойғанын хабарлады.

Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзіл­ханов, Мәжіліс депутаттары, Пре­зидент әкім­шілігінің, Мәдениет және ақпарат министр­лігінің өкілдері, сондай-ақ Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы кеңесінің мү­шелері қатысты.