Қазір қоғамда кез келген жақсылық пен қиын­дық іске бірден еріктілердің тартылатыны рас.
Ерікті болу – ерен іс
1,110
оқылды

Соңғы жылдары біздің елде де ерікті жастардың қатары күн санап артып келе жатқанын көріп жүр­міз. Ерікті топтар ең кіші шаруадан бастап елдік деңгейдегі ауқымды істерге де араласып, өздері­нің үлкен күш екенін мойындатып келеді. 

«Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет», – дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ерікті (волонтер) – латынның Voluntarius сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есе­бі арқылы қо­ғам­дық жұмыстарға белсенді ара­ласушы деген сөз. Еріктілер жасаған жақсылық­тары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды.  

Қазақстанда волонтерлік қызметтің дамуына ерекше назар аударылып отыр. Соңғы төрт жылда елімізде еріктілер саны төрт еседей көбейген екен. Мәселен, 2019 жылы волонтерлік ұйымның саны 50-ден астам болса, қазір 680-ге жетіп отыр. Ал сол 2019 жылы еріктілер саны елімізде  50 мың болса, қазір республика бойынша волонтерлер саны 200 мыңнан асқан көрінеді. Бұл туралы был­тырғы жылдың көктемінде болған Халықаралық еріктілер форумы барысында белгілі болды.

Еріктілер ұйымдарының кез келген бағытта қандай қиын сәтте болсын аянбай бірден көмекке келуі шынымен де қуантарлық жағдай. Атап айтқан­да, алдымен көмекке ұмтылып жататын түрлі санат­тағы еріктілердің қатарынан «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері де жиі бой көрсететінін айтпай кетуге болмас. 

Белсенді топ 2017 жылы Астанада әлемдік дең­гейде өткен ЕХРО көрмесі кезінде де ерекше белсенділік танытты. Одан кейін әлемді жайлаған індет COVID кезінде де осы еріктілер ерекше ерлік көрсет­кені белгілі.  Тіпті, жастардан құрал­ған еріктілер түрлі бастаманы көтеріп, сол бастамалары қоғам­дық сипат алып жатқаны тағы бар. Атап айтқанда, еліміздің табиғи қорықтар алаң­дарында орын алатын вандализмге қарсы пети­цияны қолдауға шақырады. Бастама, тіпті халық­тық сипатқа ие болып отыр десек артық емес. 

Одан бөлек, қыста көше мен аулалардың қа­рын шы­ғару, жоғалған адамды іздеу, түрлі бағытта нұс­қау­шылық жасаудан бастап әр деңгейдегі апатты жағ­дай­ларға да жұмылдырылатын осы ерікті топ екен. 

Мысалы, дәл көктемде болатын су тасқыны кезін­де көмекке ұмтылатындардың қатарында ерікті жас­тар көп. Атап айтқанда, қазір еліміздің әр облысында болып  жатқан су тасқынынан құтқару жұмыстарына еріктілер ерекше белсене араласуда. Олар суда қалған адамдарды құт­қарудан бөлек, малдың басын аман алып қалу мен қызыл судың ағысын бөгеп, жолына топырақ төсеу сияқты  жұмыстарға да белсене араласу үстінде. 

Мұндай бастамашыл еріктілерді үнемі қолдап отыру керек екенін Президент те жиі айтып жүр. «Жұмыла көтер­ген жүк жеңіл» демекші біржеңнен қол шығарып бі­рігіп іс тындыру – ежелден келе жатқан ұлттық дәс­түрімізге де алыс емес. Сон­дықтан волонтер болу – бірліктің бастауы болмақ. 

Бердібек ҚАБАЙ