Арнайы комиссия өлген мал санын есептеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Батыс Қазақстанда су тасқыны салдарынан өлген мал саны 1 мыңнан асты
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
718
оқылды

Батыс Қазақстан облысында арнайы комиссия су тасқынына байланысты қауіпсіз жерге шығарылған және апат салдарынан өлген мал санын нақтылау жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

БҚО әкімдігінің мәліметінше, облыста 26 наурыздан бастап Бөрлі ауданында Ақсу, Кеңтүбек, Қарағанды, Пугачев, Қаратөбеде Қоржын, Шалғын, Теректіде Аңқаты, Сырымда Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті ауылдарын су басты. 

Құтқару жұмыстары кезінде 983 бас ірі қара (Теректі – 76, Сырым – 447, Бөрлі – 460), 1 814 ұсақ мал (Теректі – 128, Сырым – 731, Бөрлі – 955) және Бөрлі ауданында 31 бас жылқы қауіпсіз жерге айдалды. 

Аудандарда құрылған арнайы комиссия өлген мал санын есептеу үстінде.

«Алдын ала мәлімет бойынша, 91 бас ірі қара, 35 бас жылқы, 899 бас ұсақ мал (соның ішінде Сырым ауданында 43 ірі қара, 141 қой-ешкі, 10 жылқы, Теректіде 21 ұсақ мал, 1 жылқы, Бөрліде 42 ірі қара, 679 ұсақ мал, 2 жылқы, барлығы 1025 бас мал) және Қаратөбе ауданында 112 үй құсы шығынға ұшыраған. Өлген мал санын нақтылау жұмыстары жалғасуда. Облыста сондай-ақ 8 мал моласы (Қаратөбе – 1, Сырым – 6, Теректі – 1) және 14 түйнемеден өлген мал қорымы (Сырым – 13, Тасқала – 1) суға кетті», деп хабарлады ведомстводан.