Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, жыл сайын әлемде 2-17 жас аралығындағы 1 миллиардқа жуық ба­ла физикалық, жыныстық немесе эмоционалдық зорлық-зом­былыққа ұшырайды.
Ойын баласын ортасы бұзады
732
оқылды

Зерттеушілер зорлық-зомбылық бала­лар­дың болашақ өміріне, нақтырақ айтсақ, денсаулығы мен әл-ауқатына, айналасымен қарым-қатынасына әсер ететінін айтады. Ресми ста­тистикаға сүйенсек, 2022 жылы балалардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша 155 жағдай тіркелсе, 2023 жылы еліміз суицид көр­сеткіші бойынша 178 мемлекеттің ішінде 19 орынға тұрақтаған. 

Бала құқығы – қазіргі қоғамда өзекті әрі түйіні тарқамаған тақырыптың бірі. Оның бір себебі – отбасындағы зорлық-зом­былық мәселесі. Психолог мамандар от­басындағы зорлық баланың пси­хо­ло­гия­лық ахуалына әсер ететінін, кейінірек оның қоғаммен ашық қарым-қатынасына кедергі келтіретінін айтып дабыл қағады. Осыған дейін де біз газетімізде бала құ­қы­ғы мәселесін көтерген едік. Естеріңізде бол­са, таяуда Алматы қаласындағы бала­бақ­шалардың бірінде балалардың топ ішін­де бір баланы соққыға жығып жат­қа­ны туралы видео әлеуметтік желіні шар­­­­лаған еді. Өкініштісі сол, соққының әсе­рінен замандастарынан зәбір көрген бүл­діршіннің миы шайқалған. Кейіннен балабақша әкімшілігінің бұйрығымен түс­кі ас алып келу үшін шығып кетіп, ба­­­­­ла­лардың іс-әрекетін қадағалай ал­ма­ған тәрбиешіге қатаң сөгіс жарияланғаны белгілі болды. Ал Алматы қалалық Білім басқармасы балабақша меңгерушісіне тәр­тіптік жаза қолданылғанын хабар­ла­ды. Осыған ұқсас балаларға қатысты зор­лық-зомбылық фактілерінің көбеюі қо­ғам алаңдаушылығын одан сайын арт­тыра түскендей. Адам шошырлық мұндай тра­гедиялар неліктен елімізде жиі қай­таланады? Қатігездік қазақ­стан­дық­тар­дың әлеуметтік ортасына қалай енеді? Ба­ла құқықтары жөніндегі экс-уәкіл, қо­ғам қайраткері және «Милосердие» Ерік­ті қоғамы» қоғамдық қорының бас­шысы Аружан Саин қоршаған ортаның же­ке тұлға қалыптастырудағы әсері, сон­дай-ақ бала құқығын тиімді қамтамасыз ету тақырыбы төңірегінде пікірін бөлісті.

«Маугли синдромы»

Аружан Саин елімізде балаларға қа­тыс­­ты жайсыз ха­барлардың кө­беюі­не қо­ғам­да ашық көрсетіліп жат­қан түрлі оқи­ға­лар әсер ететінін ай­тады. Бұл бала­ның рухани, пси­хо­логиялық тұр­ғы­­да қа­лыптасуына белгілі бір деңгейде ықпал ет­пей қоймайды.

– Балаларға қатысты қатыгездік жағ­дай­ларының көбеюінің бір себебі – қор­ша­ған ортаның көрінісі. Себебі мұнда же­ке тұлғаның қалыптасуы жүреді. Әлеу­мет­тану ғылымында атап өткендей, бала­лық шақ адам бойында моральдық нор­ма­лар мен құндылықтарды қалыптас­тыру­да шешуші рөл атқарады. Қасқырлар ара­сында өскен бала олардың өмір сүру сал­тын қабылдайтын «Маугли синд­ро­мы» сияқты, адамның мінез-құлқы да оның балалық шағында қандай нор­ма­лар­ды сіңіргеніне байланысты. Баланың ор­тасы оның мінез-құлқына міндетті түр­де әсер етеді. Егер бала айналасынан жа­ғымсыз мысалдарды жиі көрсе, сон­дай-ақ баланың жетістіктері сыртқы ор­­­­тадан қолдау таппаса, олардың қо­ғам­да­ғы мәртебесін агрессивті көріністермен анық­тауға болады. Мұндай жағдайда ба­лалар «қауіпсіз» болып көрінетін қор­ша­ған агрессивті ортаға қосылуы арқылы ең аз қарсылық жолын таңдай алады. Бұл тұр­ғыда баланың азғындық және қаты­гез­дік әрекеттеріне кәмелетке толмаған ба­­­ла­лар ғана емес, сонымен қатар осындай жағ­­дай туғызатын үлкендер де жауапты, – дейді ол.

50/50 пропорциясы: ата-ана мен мемлекеттік жүйеге байланысты

Ал үлкендер деп айтып отырғанымыз кім­дер? Аружан Саинның сөзінше, бұл рет­те ата-ана мен мемлекетке арты­лар жауапкершіліктің салмағы ауыр. Екі күш бір-бірімен біріксе ғана бала құқығы мә­селесі басты назарға алынып, жолда кез­десетін тосқауылдарды еңсеруге бола­ды.

– Бұл ересектер кімдер және мұндай жауап­кершілік кімге тиесілі деген сауал туын­дайды. Баланың адамгершілік құн­ды­лықтарын қалыптастыру 50-50 про­пор­­циясы, яғни ата-ана мен мемлекеттік жүйеге тікелей байланысты. Отбасында да, қоғамда да баланың дамуына, оның бойы­на дұрыс құндылықтарды сіңіруге және әрбір баланың өз мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасау маңызды. Сонда ғана қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін тө­мендетіп, болашақтағы тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады. Полиция де­пар­таменті ата-ана мен тәрбиешіге қа­тыс­­ты іс қозғады. Дегенмен жастайынан осын­дай қатыгездікке қабі­лет­ті болып өс­кен балаға, төбелеске қа­тыс­қан өзге де ба­лаларға қандай шара қол­­дану қажет? Балаларға мұндай мінез-құ­лықтың дұрыс емес екенін түсінуге қа­лай кө­мектесе ала­мыз? Ең негізгісі, бұл жұ­мыс­ты кім атқара­ды? Бала тәрбиесімен ай­на­лысатын ере­сек­тер бұл тапсырманы орын­дай ала ма? Меніңше, басты мәселе – осын­да, – дейді А.Саин.

Бала құқықтары жөніндегі экс-уәкіл осы­ған дейін де сарапшылар қауым­дас­ты­­­ғымен бірлесе отырып елімізде бала құ­қықтарын қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған бірқатар реформаларды енгізгенін атап өтті. Бұл өзгерістердің негізгі прин­ци­пі – әлеуметтік ахуалына, отбасылық жағ­дайына немесе ерекше қажеттілік­те­рі­не қарамастан барлық баланың тең құ­қықтары. Ал жаһандық мақсаты – жо­ғары сапалы адами капиталды қалып­тас­тыру, дені сау, білімді, мәдениетті, жал­пыа­дамзаттық құндылықтарды нақты тү­сінетін және бір-бірінің құқықтарын құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу. Бұл отба­сы мен мемлекеттік жүйеге байланысты болып келеді. «Мемлекет азаматтардың жо­ғары өмір сүру деңгейін, тұтастай ал­ған­да қуатты экономиканы, елдің жеке жә­не ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрбір бала алдындағы өз міндеттерін орын­дауға міндетті», – дейді Аружан Саин.

– Маңызды реформалардың бірі – әр ба­ланың денсаулығын ұзақ жылдар бойы сақтауға бағытталған балалық шақтағы мү­гедектікті азайту бастамасы. Спортпен және шығармашылықпен айналысу үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру реформасы аясында біз балаларды жыл бойы барынша белсенділікпен қамта­ма­сыз етуге тырыстық. Бұл балалардың фи­­­­­­­зикалық және мәдени дамуына ықпал етті. Менің ойымша, бұл – өте маңызды ас­пект. Сондай-ақ денсаулық пен қа­­­лып­ты физикалық дамуды қолдау мақсатында 1-11 сыныптар арасындағы барлық ба­ла­ны ыстық тамақпен қамтамасыз ету ре­фор­масы енгізілді. Айта кететін жайт, мек­теп формасын қамтамасыз ету рефор­ма­сы негізінен балалар арасындағы тең­сіз­дікті жоюға бағытталған. Бұл қорлау­дың алдын алудың басты факторы болып саналады. Алайда біршама мемлекеттегі ахуалға ұқсас, біз де білікті кадрлар жетіс­пеу­шілігі мәселесіне тап болдық. Бұл жос­парланған реформаларды жүзеге асыруда қиындықтарға ұрындырып, олар­ды тиімді жүзеге асыру жолында ке­дер­гілер тудырады. Мұндай кедергілерге қ­ара­мастан мен сауатты жоспарлау, ба­сым­дықтарды нақты анықтау және ше­шім қабылдаушы лауазымды тұлғалардың жауапкершілік танытуы реформалардың қысқа мерзімде сәтті жүзеге асырылуын қам­тамасыз ете алатынына сенімдімін. Би­лік мемлекеттік инвестициялардың не­гізгі нысаны балалар екенін түсінуі, олар­дың қоғамдық әл-ауқат контексіндегі ба­сымдылығын мойындауы маңызды, – дейді маман.

«Балаларға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау қажет»

Осы тұста елімізде заңнаманы нығай­ту және балаларға қатысты қылмыстар үшін жауапкершілікті арттыру өзекті екенін атап өткен жөн. Бірақ оның сал­да­рымен күресу тек жазануы қатаңдатуды ғана емес, сонымен бірге зорлық-зом­бы­лық­тың кез келген түрінің алдын алуға, аза­маттарды, әсіресе балаларды тәр­бие­леуге деген мемлекеттік көзқарастағы тү­бе­гейлі өзгерістерді талап етеді.

– Балаларға қатысты зорлық-зом­бы­лық оқиғаларын тиімді шешу үшін ата-ананың, қоғамның және мемлекеттің бір­лескен күш-жігері қажет. Бастан өт­кер­ген тәжірибе балаларға қатысты зор­лық-зомбылық жағдайларының негізгі та­мыры олардың даму мүмкіндігінің жоқ­тығында жатқанын көрсетеді. Сүйікті спорт түрлерімен, шығармашылық­пен ай­налысу үшін қолдау мен мүмкіндіктің бол­мауынан балалар желідегі қауіп-қа­тер, нашақорлық, алкогольге тәуелділік сияқ­ты қауіпті факторларға ұшырауы мүм­кін, – дейді Бала құқықтары жөнін­дегі экс-уәкіл А.Саин.

Сөз соңында Аружан Саин зорлық-зом­былықтың себептерін жою үшін ба­ла­ларға қатысты мемлекеттік саясатты қай­та қарау қажет екенін түйреп өтті. Ба­лаларды барынша пайдалы іспен ай­налысуға итермелейтін, олардың қабі­лет­терін дамытып, таланттарын анық­тай­тын жүйе құру – әлемдік деңгейде бә­се­кеге қабілетті, экономика, ғылым жә­не технология саласында өсуге ынта­лы, сапалы адами капиталды қалыптас­тыру­ға ықпал етеді. Аружан Саинның айтуынша, осындай ұрпақ қана тұрақты моральдық құндылықтар мен бір-бірінің құқықтарын құрметтейді. Бұл өз кезегінде қо­ғамдық қауіпсіздікті және ұлттық тұ­рақ­тылықты қамтамасыз етуге көмек­те­седі.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы