Елді мекендерде су тасқынынан 3771 адам эвакуацияланды.
Су тасқыны: БҚО-дағы 10 елді мекенде көлік қатынасы үзілді
Фото: БҚО ПД
716
оқылды

БҚО-да полиция қызметкерлері су тасқыны болған аймақтарда қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың мүлкін қорғау бойынша тәулік бойы қызмет етіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

БҚО Полиция департаментінің мәліметінше, Орал қаласына және облыстың Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі аудандарында көктемгі су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Жалпы су тасқынынан қорғау жұмыстарына 703 полиция қызметкері мен 97 қызметтік техника жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тарапынан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Елді мекендерде су тасқынынан 3771 адам эвакуацияланды. Оның 1575-і эвакуация бекетіне орналастырылып, ал 2192 адам туысқандарына жіберілді.

Аталған бекеттерді күзету жұмыстарына 13 қызметкер белгіленді. Эвакуацияланған 49 ауыл тұрғынынан уақытша сақтаудағы 68 бірлік азаматтық қару тәркіленді. Барлық қару полиция бөлімдерінде назарда тұр. Полиция қызметкерлерімен эвакуацияланған елде мекендердегі азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәуліктік кезекшіліктер орнатылып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған сәйкес барлық су тасқыны болған жерлерде бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау фактілері тіркелген жоқ.

Азаматтардың мүлікін қорғау үшін 90 қызметкер атсалысып, 16 бірлік техника жұмылдырылды. Облыстың 63 жолын су басты, оның ішінде 1 республикалық, 6 облыстық және 17 жергілікті маңызы бар автожолдар бар. Салдарынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, БҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері стационарлық бекеттер орнатты.

Қазір облыстағы үш аудан, яғни Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау аудандарының 10 елді мекені су тасқынынан көлік байланысынсыз қалды және облыстық маңызы бар 5 жол жабылды.