Еліміздің он облысын су басты. Бірнеше елді мекен еріген қар суының астында қалып, дүние-мү­лік пен төрт түлік суға кетті. Белуарынан суда тұрған баспаналардың қаншасы қайтадан тұруға жа­­­райтыны әзірге белгісіз. Әзірге адам шығынына жол бермеу ісі алдыңғы орында тұр.
Судың да «сұрауы» бар
1,138
оқылды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 наурыз күні ҚХР-ға жұ­мыс сапарынан оралысымен шұ­ғыл кеңес өткізді. Премьер-Ми­нистр Олжас Бектенов бастап, Үкі­мет мүшелері, Президент Әкім­­­­­­­шілігінің басшылығы және бас­қа да лауазымды тұлғалар қа­тыс­қан жиында бірқатар өңірде бол­ған төтенше жағдай егжей-тег­жейлі қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен облыс тұр­ғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш біл­дірді. Қалыптасқан жағдайға бай­ла­нысты ел азаматтарынан кеші­рім сұрап, барлығына көмек көр­се­­­тілетінін айтты.

Шынында да, жағдай аса жақ­сы емес. Үкімет берген мәліметке қа­ра­ғанда, еліміздің он облысында су басу қатері төнген. Бірнеше ау­данда төтенше жағдай жариялан­ды.

Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Роман Склярға, Су ресурс­тары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс берді. Одан бөлек, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Ша­харовқа, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берілді. Ал Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Павлодар об­лысының әкімі Асайын Байханов жә­не Абай облысының әкімі Нұрлан Ұран­хаевқа қатаң сөгіс жарияланды.

Дайындықты ерте пысықтап еді...

Біздің елде жыл сайын көктем шыға сай саланы су басып, әбігерге салатыны жаңалық емес. Десе де, биылғы дайын­­дық бөлек көрінген. Себебі ақпан айы­ның 20-ы күні арнайы Үкімет отырысы өтіп, су тас­­қы­­нына қарсы дайындық пысықталған. Сол жиында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Экология және табиғи ресурстар ми­нистрі Ерлан Нысанбаев, Су ресурс­тары және ирригация министрі Нұржан Нұр­жігітов пен Көлік министрі Ма­рат Қара­баев баяндама жасады. Сон­­дай-ақ Шы­ғыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдері алдағы су тас­қыны кезеңіне дайындық шаралары туралы мәлімет берді.

Премьер-Министр Олжас Бектенов барлық мәліметті тыңдап, өңірлерде су тас­­қынына қарсы тиісті шаралар толық көлемде қабылданбай отырғанын айт­қан. «Барлық 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұ­мысқа бұлайша селқос қарауға бол­май­ды», – деді ол сол отырыста. 

Амалы не керек, бұл іс сол селқос қа­­­ралған күйі кеткен екен. Әйтпесе, 20 ақ­­паннан 20 наурызға дейінгі жуан бір айдың ішінде біраз шаруаны атқаруға болар ма еді! 

Үкіметтің сол күнгі отырысында су қой­­­­­­­­­­маларындағы жинақталған судың қоры былтырғыдан жоғары екенін ай­­тылды. Ол аз десеңіз, баяндама жаса­­ғандар «қар жамыл­­­­­ғысындағы ылғал қо­ры кей өңір­­лерде көпжылдық орташа мәннен жоғары» деп мәлімдеген. Осы­нау адам ұқпас кеңсе тіліндегі мәлім­­­демені ауызекі сөйлеу мәне­­­­ріне ауыстыр­са, ол дегеніңіз жерде тоң бар деген сөз ғой. Әрі қыс ішінде неше қай­тара жауын жауғанына куәміз. Қар аралас жа­­­­уын-шашыннан соң көктемде күрт еріген қызыл су жерге сіңбей арты селге айнал­ды. Бейқам отырған жұртшы­­­лықтың мал-мүл­кі тасқынға ағып кете барды.

Демек, көктемде алапат тасқын бола­­­­тыны және оған дайындықтың да ша­малы екені ерте бастан мәлім болды. Ка­бинетте атқарушы биліктің аузымен айтылған тап­сырма қызыл сөз күйінде қалып, өңірлерге жеткенше өңі қашты деген сөз. Жергілікті билік жоқ дегенде тұрғындарға ескерту жасап, малды қырға айдап, іске татыр мү­лікті қауіпсіз жерге жинатқыза берсе жұртшылық мұнша әбігерге түспес пе еді, шығынға батпас па еді дейміз...

Су тасқынының астында қалған ха­лық­­тың ортасына барған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мү­шесі Мақсат Толық­­бай әлеуметтік желі­­­ге әкімдердің мұндай жағ­дайға мүлдем дайын болмағынан жазды. «Тіпті, кейбір аудан әкімдік­­те­­рінде қайық тұрмақ, 10 пар резеңке етік табу қиын болып жатыр. Үкімет пен әкімдіктер арасында байла­­­­ныс­­­тың жоқтығына, үйлесімді жұмыстың бол­­мауына көз жетті», – деді ол. Демек, салғырттық пен бейғамдық жергілікті жер­­л­ерде қалыпты құбылыс деген сөз. Әйтпесе, қазір су басып жатқан аймақ­­тарға қарғын су бірінші рет келген жоқ.

Өткеннен сабақ алмады

Жалпы, атқарушы билік өкілдері өткен күндердегі оқиғалардан сабақ алу­­ды мүлдем қойған сыңайлы. Сөз басында айтқанымыздай, көктемде аумақтарды су басу оқиғасы бірінші рет тіркелген жоқ. Тіпті, жылғалар суға толып, төңі­­­рекке жылым жайылған кез, сең жүрген сәт талай болған. Демек, әр оқиғадан сабақ алып, даяр отыру әр әкім үшін үйреншікті іс болуы керек еді. Алайда олай болмай шықты. Ал іс жүзінде ірі тасқынға соңғы 10-15 жылда бірнеше рет куә болдық. 

2010 жылы Қызылағаш су қоймасы жарылып, 251 үй суға кетті, 45 адамның өмірі қиылды. 2011 жылы көктемде толассыз жауыннан БҚО-да 3 мыңнан астам үй су ортасында қалды. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстанда су тасып, 100-ден аса елді мекен, автожол бойындағы 31 кө­­пір қирады. 2014 жылы 31 наурызда Қарағанды облысында Көкпекті су бөгеті жарылып, топан су 5 адам мен 300 бас мал­­­­ды ағызып кетті. Ал 2017 жылғы оқиға Ақ­­­­төбе мен Солтүстік өңір тұрғын­дарына қиын тиген болатын. Сол Ақтөбеде биыл тағы да қарғын су бұқа­раны әурелеп жатыр. Солтүстік Қазақ­­станда да қауіпті аумақтар бар. Бірақ қыс бойы әкімдер дайындықтың жақ­сы екенін айтудан танбады. Енді сол даяр­лықты су сынайтын түрі бар. 

Ең қисынсыз тұсы, су тасқындарынан кейін бірде-бір алдын алу шаралары дұрыс ұйымдастырылмаған сияқты. Ша­масы, біздің атқамінерлер су тасқы­нының алдын алу дегенді қапқа салған құм, қайла-күректі даярлап қою деп ұға­­­­тын сияқты. Әйтпесе, ғарыштан мони­­­­торинг жасап, көмірлердің маңына мұзжарғыш нысандар бекітіп, жолдар­дың астындағы су өткізетін құбырларды кеңітіп, қырдан келетін судың табиғи ағыс жолын жылда тазартып, қажет же­рін бетондап тастаса болар еді ғой. Қы­зылағашты су алғаннан бері 14 жыл, Көкпекті бөгеті жарылып, жұртты дүр­­лік­­­­­тіргеннен бері 10 жыл, Ақтөбе мен СҚО-дағы тасқыннан кейін де 7 жыл өтті. Бұл дегеніңіз берік бөгендер, канал­дар салып, біраз жерде тасқынға қарсы ны­­­сандар орнатуға толық жететін уақыт еді. Су тасқыны жайлы асықпай-үсікпей зерттеу жа­сап, соның қорытындысы не­гізінде нақты шара қолдануға да жете­тін мерзім. Бірақ біз тағы қапы қалдық. 

Шығын әлі белгісіз

Биылғы төтенше жағдайдан келген шығынның нақты есебі әлі белгісіз. Десе де, 2014 жылы бір ғана Қарағанды облы­­сындағы Көкпекті бөгеті жарылғанда ма­­ңайындағы елді мекенге 87,6 млн тең­­ге материалдық шығын әкелгенін ескерсек, биылғы бірнеше өңірде жоғ­алт­­қанымыз оңайға түспесі айтпасақ та түсінікті шығар. 

Әзірге қолда бар дерек бойынша, тасқын су 40 автожол мен көпірді, оннан астам ауылды шайып кеткен. Құтқару­шы­­­лар 11 мың адамды эвакуациялады.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөнін­­дегі республикалық штабтың отырысы өтті. Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен адамдарға барлық тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді. «Азамат­­­тарға айта­­рым, алаңда­маңыздар. Мем­­лекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп береді. Бірақ қаржылық және саяси шы­­­ғындар орасан зор. Оны да ескеру керек. Сондықтан Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Қысқасы, талап қатаң болады, – деді Президент.

Бұл мақсатқа Үкімет пен әкім­­­­дік­тер­дің резервін ғана емес, «Қазақстан хал­қына» қорының қаржысы да пайда­­лана­тын болады. Әрине, Үкіметтің ре­­зерв қорында­­­ғы қаражат та қазына ақ­­шасы. Кей дерек­­­терде оның қазіргі мөлшері 320 млрд теңге екені айтылды. Қазірдің өзінде еліміздегі кәсіпкерлер, қаржылық ұйымдар, жалпы жұртшылық қаражат жинап, зардап шеккен өңірлерге көмек жіберіп жатқаны мәлім. «AMANAT» партиясының аймақ­тар­дағы өкілдіктері де көмек түрлерін ұйымдас­­тырып, партия мүшелері ел ішінен та­былуда. 

Ендігі негізгі мақсат – тасқыннан кел­ген зардапты толық есептеп, әрбір бөлінген тиынды тиімді жұмсау.

 

АЙТАР ОЙҒА АЙҚЫНДАМА

Ерлан БАДАШЕВ, 

гидротехник: 

– Кеңес үкіметі кезінде ел тұратын мекендер арнайы қоршалып, сыртына топырақ үйіліп, ор қазылатын. Ауылдың сыртындағы өзен-көлдер тасығанда келетін қарғын сулардан қорғану мәселесі қарастырылатын. Қазір олардың барлығы бітеліп қалған. Егер тасқын себебінің алдын алсақ, салдарынан келетін шығынға батпас едік. Мәжілісте Су кодексі қаралып жатыр. Осы кодексте селден қорғану, қар суын тиімді пайдалану нормалары нақтыланып, жуапкершілік анықталуы керек. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі стратегиялық құжат әзірлеп, тұжырымдама қабылдасын. Сондай-ақ, маман ретінде айтайын, елде қажет гидротехникалық жабдықтардың 90 пайызы бар. Тек оларға инвентаризация жасап, түгендеп, жөндейтіндерін жөндеп, жаңарту керек. Су қоймасын салу деген асығыс қарайтын іс емес. Оған көп қаражат кетеді және оны қай жерге салуға болатынын да айту қиын. Рас, Жамбыл облысына үш қойма салуға болады. Тағы таулы аймақтарға салуға болар, ал жазық жерде жаппай салудың реті аса жоқ. Жазық жердегі қойманың суы бумен-ақ ұшып кетеді. Оданша елде бар инфрақұрылымды жөндеп, түгендесек көп ұтамыз.

Амалбек ТШАНОВ, 

Мемлекет және қоғам қайраткері:

– Облыс әкімдері өзде­ріне жүктелген міндетті лайықты атқармай отыр. Себебі көбінің бойында кә­­­сібилікті былай қойғанда, тазалық жоқ. Ол тазалық – ел алдындағы, туған халқың­ның алдындағы міндет. Кеңес ке­зінде облыстарды басқаратын кадр­­лардың дайын­дығы аса жоғары болатын. Өмір көр­меген, шаруа­­шылықтың қырын білмеген адам жоғарғы қызметке, лауазымға лайық емес деп са­­налды. Облысқа әкім болып бардың ба, министрлікке келдің бе – алдыңда үлкен жауап­­кершілік тұр деп біл. Халыққа шынайы қызмет көрсете білу де өнер, үлкен тәжірибе. Ме­­ніңше, осы жолғы көктемгі дайындыққа жауапсыз қараған тұлғалар толық жауапкершілікті алып, мойнымен көтеруі тиіс. Бұл оқиға алдағы жыл­дарға сабақ болуы тиіс.

Ерік БРАЛИН, 

Қоянды ауылының тұрғыны, жергілікті қоғамдастық мүшесі:

– Дәл қазір көпшілік болып ауылдың ішіне кірген суды сыртқа қарай ағызып, ашық далада жұмыс істеп жатырмыз. Біздің Қоянды ауылы Астананың іргесінде жазық жерде тұр, жыл сайын көктемде су алады. Ауыл­­дың маңайында өзен де, көл де жоқ. Яғни, табиғи апат, өзен суы арнасынан асып, ауылға келді деуге себеп жоқ. Былтыр ауыл тұрғындары бо­лып осы мәселені облыс әкімі Марат Ахметжановқа видеоүндеу арқылы жолдап айттық. Алайда онымыз өзімізге таяқ болып тиді, «адам жинадыңдар, қоғамдық тәртіпті бұздыңдар» деген желеумен 50 АЕК көлемінде айыппұл салып, өзімізді қудалады. Қояндыны жылда су алып кетуінің екінші себебі – қыста ауыл ішін қардан тазарту жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Қар күреуге деп бөлінген тендер қаржысын беруде жемқорлық фактілері көп. Ақша бөлінеді, жұмыс істелмейді. Үшіншіден, арықтар мәселесі. Қояндыда су ағарлар жоқ, арықтар салынбаған. Осы үш бірдей адами фактор Қоянды ауылын суға кетірді.

Бауыржан БАЗАР