«Ауылдың аты әкеме, көшенің аты көкеме». Иә, бұл бұған дейінгі жершілдік пен елшілдікке бөлінгендердің үндеп келген ұраны болған.
Есте де, есепте де жоқ ескерткіштер
1,253
оқылды

Алайда ономастикалық комиссия еркінсігендердің есін жиып, жүгенсіз кеткендерді жөнге салған еді. Енді ауыл мен руға бөлінген ағайын батырлары мен бабаларына ескерткіш тақта қоюды сәнге айналдырды. Ал бұл қатарда Жамбыл облысы еліміз бойынша көш бастап тұр. 

Біз мұны ауадан алып, әлде көктен ой­лап тапқанымыз жоқ. Жылдар бойы тү­зілген статистика солай сөйлеп тұр. Мә­селен, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қор­ғау және қалпына келтіру дирек­ция­сының директоры Қуаныш Дәурем­бе­ков­тің айтуынша, 2009 жылға дейін өңірде 1 079 ескерткіш болған екен. Ал қазір олар­дың саны 3 468-ге бір-ақ жеткен. Яғни, 15 жыл­д­ың ішінде ескерткіштер саны үш есе­ге өскен. Сонда әр бес жылда бір мың­нан аса ескерткіш бой көтеріп жатыр деген сөз. Ал оның басым көпшілігі белгілі бір ру­дың не жеке азаматтың ата-бабасына ар­налған ескерткіші болып жатқанына не дерсің?

– Қазір қалталы азаматтар ескерткіш ор­натуға әуес болып алды. Бірі ата-ба­ба­сына, енді бірі белгілі бір тұлғаларға ес­керт­кіш қойғысы келеді. Кейбір қоғамдық ұйым­дар өз қаржысына ескерткіш орнат­қы­сы келетінін айтып, бізден заң аясында қолдау көрсетуді сұрап жатады. Ал біз мем­лекеттік мекеме болғандықтан кез кел­ген адамның, ұйымның арыз-шағымы мен ұсынысына жауап беруге міндеттіміз. Со­дан барынша айтып, түсіндіріп жата­мыз. Кейбір азаматтар бабасына құрмет көр­сетуді ескерткіш қою деп түйсінеді. Ал ба­басы елге еңбегі сіңген танымал азамат бол­са мақұл-ақ. Белгілі бір ауыл не өңір жұр­ты ғана танитын аталарына тасмүсін қою­ды бақталастыққа айналдырып ал­ғандар көп. Осылайша, өзара бәсекелес­тік­ке түскен дөкейлер бірінен-бірі асып тү­сіп ескерткіш орнатуда, – дейді Тарихи-мә­дени ескерткіштерді қорғау және қал­пы­на келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Кәрібайұлы.

Мамандардың айтуынша, қазір тіпті әр аудан мен ауылдық округ әкімдері «өзім бі­лемге» салып, қолында ешқандай құжа­ты жоқ азаматтарға ескерткіш пен мемо­риал­дық тақта орнатуға рұқсат беріп, заң­­­сыз­дық­қа барып жатыр екен. 

– Біздің мекеме қай жерде ескерткіш заң­сыз орнатылды, тіпті қай елді мекенде ар­тық немесе кем екеніне дейін зерделеп оты­рады. Сол бойынша тиісті органдарға хат­тамалық тапсырма беріледі. Көп жағ­дай­да заңсыз ескерткіш орнатуға аудандық не ауылдық округ әкімдері рұқсат бергені анық­талуда. Мәселен, Т.Рысқұлов ауда­ны­ның Көгершін ауылында ескерткіштің заң­сыз орнатылуынан ауыл әкіміне әкім­шілік шара қолданылды. Ал Сарысу ау­да­нында 8 ескерткіш заңсыз орнатылғаны бел­гілі болып отыр. Қазір аталған ауданға рес­публикадан арнайы комиссия келіп, тек­серіс жұмыстарын жүргізуде. Ескерткіш та­л­апқа сай болса ғана мемлекеттік тізімге алына­ды. Ал мемлекеттік тізімге алынған ес­керткіш арнайы қорғалады. Басқа жағ­дайда заңсыз қойылған ескерткіш алынып тас­талады. Қазірге дейін облыс әкімдігі Мә­дениет, архивтер және құжаттама бас­қар­масының тарапынан аудандарға ес­керт­кіштерді жоспарсыз орнатуға байла­ныс­ты хат жолданып тұрды. Яғни, мерей­той иесіне болмаса мерекеге байланысты тас мүсін, ескерткіш белгі орнату үшін ал­­дын ала 2-3 жыл бұрын жоспарға енг­і­зілуі талап етіледі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің жа­нынан ескерткіштердің талапқа сәй­кес­тігін тексеру үшін арнайы мемлекеттік ко­­­­миссия құрылған. Комиссия орна­ты­ла­тын әрбір ескерткішті екі кезең бойынша қа­райды. Мысалы, жуырда Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге ескерт­кіш қою бойынша ұсыныс келді. Біз осы секілді ұсыныстардың барлығын жинақ­тап, облыс әкімінің орынбасары деңгейін­де­гі тұлғаларға қол қойғызып, мемлекеттік ко­миссияға жібереміз. Бірінші кезеңде ко­миссия ескерткіштің қоғамға қанша­лық­ты пайдасы барын, жастарға тәрбиелік тұсын және ұлттық идеяны қалыптастыру жағын сараптайды. Бұл идеялық ұсынысты қолдау деп аталады.

Комиссия зиялы қауым өкілдерінен, ака­демиктерден, тарихшылар мен мүсін­ші­лерден құралған. Қаралу барысында идея­лық ұсынысқа келісім беріледі немесе беріл­мейді. Комиссия қараған соң облыс әкім­дігіне, біздің мекемеге хаттамалық тап­сырма келеді. Ұсыныс мақұлданса, бір­не­ше нұсқада эскизі жіберіледі. Соның ара­­сынан таңдалады, – дейді Қуаныш Кә­рі­­байұлы.

Әрине, ескерткіштер ел тарихынан сыр шер­тіп қана қоймай, сол өңірдің немесе қаланың ажарын ашып, көрік бере түсері анық. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда атап өт­кендей, белгілі бір өңірге ғана танымал тұл­ғаларға тасмүсін қойып, құрмет көрсет­тім деу жақсылыққа апармайды. Сондық­тан көшелер мен саябақтарды тас- мүсін­дер­мен толтырғанша, елге есімі белгілі, жақ­сылығы жұртқа аян азаматтарға құрмет көр­сеткеніміз абзалырақ болар. Осыны жер­гілікті билік өкілдері мен қалталы аза­мат­тар ескереді деп сенеміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы