Nazarbayev University-де Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және Назарбаев Қоры Жоғары Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес мүшелері NU-дың жоғары функционалды зертханаларымен және ғалымдардың жаңа әзірлемелерімен, атап айтқанда Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен, импульстік үдеткіш зертханасымен, заманауи наноматериалдармен, геномдық және дербестендірілген медицинамен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоғары Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов ғылым мен өндірісті интеграциялаудың, сондай-ақ қазақстандық ғылыми қоғамдастық үшін ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту жөніндегі нақты міндеттерді атап көрсетті. NU-дың өнеркәсіптік өндірістерге жақын орналасқан өңірлік жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
«Университет ғылыми және білім беру ресурстарын дамытуды күшейтіп, өз әзірлемелерін коммерцияландыру үшін өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестікті нығайтуы қажет. Мұның барлығы ғылымның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға ықпал етеді. Зияткерлік мектептердің әлеуетін өңірлердегі мектептерді қолдау үшін барынша пайдалану керек. Біздің міндетіміз – балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта NU зертханаларындағы зерттеушілер тобы жасанды интеллектіні дамыту, жасыл технологияларды енгізу үшін оптоэлектроника саласындағы инновацияларды зерттеу, күрделі ауруларды диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерімен айналысады.
«Біз препараттың бірінші және екінші фазаларын бастапқы зерттеуді аяқтадық және жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Біз клиникалық сынақтарды жүргізуді жалғастырамыз, оның барысында емделу кезінде максималды әсер алу үшін препараттың ең жоғары төзімді дозасына шығу керек», - деді National Laboratory Astana (NLA) директоры Дос Сарбасов өз командасының қатерлі ісікке қарсы тиімді дәрі жасау бойынша жұмысы туралы.
Онкологиялық препаратты әзірлеу – NLA-ның жалғыз бірегей жобасы емес. 5 қуатты электронды микроскоптармен жабдықталған зертханада жаратылыстану және инженерлік салалардағы көптеген стартап үшін бірлескен зерттеулер жүргізеді.
«Зертханамызда дамытып жатқан негізгі бағыттардың бірі – қазақстандық референсті геномды зерттеу. Яғни геномдық нұсқалардың референсті базасын құру үшін басқа популяциялардан қаншалықты ерекшеленетінімізді зерттеу», - деді NU жанындағы NLA өмір туралы ғылымдар орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Ақылжанова.
Ғалымдар қазақстандықтардың "генетикалық бейнесін" құруда. Бұл жұмыс, мысалы, ауруларға бейімділікті анықтауға көмектеседі, ол болашақта азаматтардың денсаулығын қорғауға және отандық медицинаны дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді.
NU ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының ғалымдар тобы Жоғары Қамқоршылар кеңесінің мүшелеріне суды тазарту және сутегі генерациясы бойынша зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін I-NURA үдеткішін ұсынды.
Сонымен қатар Берклидегі Лоуренс Ұлттық зертханасымен (АҚШ) бірлестікте жасалған үдеткіш көрсетілді, ол суды тазарту және сутегі генерациясы бойынша зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Назарбаев университетіндегі Инженерлік және Цифрлық Ғылымдар мектебі «Робототехника және мехатроника» кафедрасында білім алып жатқан Айгерім Нұрбаевамен қазіргі адам мен робот қатынасын, оның индустрияда қолданылуы туралы сұхбаттасқан болатынбыз.