Елімізде Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бастап байланыс қызметінің тарифін мемлекеттік реттеу алып тасталған.
"Бағасы қымбат болса да, сапасы сын көтермейді": Депутат ұялы байланыс тарифтерінің қымбаттауын сынға алды
Фото: istockphoto.com/ru
796
оқылды

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы 57 пайызға дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37 пайызға дейін болған. Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері тарифтердің ай санап өсуіне байланысты ҚР Премьер-Министріне сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, ұялы байланыс қызметі тарифінің күннен-күнге қымбаттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады.

«Атап айтсақ, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1 790 теңгеден 2 490 теңгеге дейін (өсуі 39%); Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Атап айтқанда, «Реальный безлимит» (Кселл) 3 390 теңгеден 4 390 теңгеге (өсуі 29 %), «Просто супер» (теле2) 2 590 теңгеден 3 290 теңгеге (өсуі 27 %) өсті.

Ең қызығы, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосып отыр. Сонда бар-жоғы 3 390 теңгелік тариф 5 380 теңгеге дейін, яғни 59 пайызға қымбаттады.

Елімізде ҚР «Байланыс туралы» заңының 20-бабына сәйкес операторлар байланыс қызметінің тарифтерін негіздей отырып, өздері қояды. Осылайша, олардың тарифті негізделген шығындар бойынша өздері қалыптастыруына жағдай жасалып қойылған»,  деді депутат.  

Сондай-ақ операторлар тіпті Бәсекелестікті қорғау агенттігін хабардар етуге де міндетті емес. Тарифтің өсетіні туралы бір ай бұрын хабардар етсе болғаны. 

«Агенттік бағаның өсуі күдік туғызғанда ғана оның негізділігін тексеріп, заңсыздық анықталған жағдайда, айыппұл сала алады. Оның мөлшері монополистік қызмет нәтижесінде алынған кірістің небәрі бес пайызын ғана құрайды. 

Өйткені бәсекелестікті дамыту мақсатында Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бастап байланыс қызметінің тарифін мемлекеттік реттеу алып тасталған.

Сонымен, тарифтердің былайша жөнсіз көтеріле беруіне, біріншіден, заңның жұмсақтығы себеп болса, екінші жағынан, операторлардың нарықта монополиялық жағдайды иемденуіне байланысты. 

Бұдан бөлек, операторлардың клиентке ескертпестен, біржақты тарифтік жоспарды өзгерту, интернет-трафикті ұлғайту, бағасын қымбаттату фактілері жиі кездеседі. Тұтынушылардың шағымы негізінде тиісті министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне тұтынушылар құқығын қорғау бойынша өзгеріс енгізген. Бірақ ұялы байланыс операторлары мұнымен келіспей, соттасып жүрген көрінеді. 

Тағы бір мәселе, байланыстың бағасы қымбат болса да, сапасының сын көтермеуі. Байланыс өте әлсіз және интернеттің жылдамдығы тым баяу. 

Speedtest жаһандық рейтинг мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67-орында тұр. 

Сонымен қатар елімізде әлі де интернет жетпеген ауылдар бар. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 6 290 ауыл болса, соның шамамен 1,5 мың ауылында мобильді интернет мүлдем жоқ. Ал 902 ауылда тек бір ғана мобильді оператор бар. Демек, тұтынушыда ешқандай таңдау жоқ», деп нақтылады Мәжіліс депутаты. 

Осы ретте фракция мүшелері айтылғандарды ескере отырып, келесі мәселелерді қолға алуды ұсынды:

  1. Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Бұл ретте, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтынушылар мүддесі барынша ескерілгені жөн. 
  2. Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру, бүкіл өңір мен ауылдық елді мекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс. 
  3. Осы ретте  мүлдем мобильді интернеті жоқ 1 432 ауылға желіні жеткізу бойынша нақты Жол картасын даярлауымыз қажет.
  4. ҚР Үкіметі ұялы байланыс қызметін көрсету және олардың тарифін белгілеу бойынша тұтынушылардың құқығын барынша қорғау бағытында заңнама талаптарын күшейтетін өзгерістер әзірлеуі қажет.