Кеше Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар жылу энер­гетикасы және мемлекеттік са­тып алу туралы заң жобалары мен олар­ға ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Мемлекеттік сатып алу мен жылу энергетикасы – Мәжілістің ерекше назарында
653
оқылды

Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы және оған ілеспе жылу энер­гетикасы мен электр энергетикасы мәсе­лелері бойынша заң актілеріне түзетулер енгізу туралы және Әкімшілік құқықбұзушы­лық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын бірінші оқы­лымда мақұлдады. Елімізде жылу энергети­касы саласындағы жеке заң алғаш рет әзірленіп отыр. Энергетика министрі Ал­ма­садам Сәтқалиев заң жобасы жылу энер­гетикасы саласы саясатындағы құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу, жылу бөлігі бойынша бақылау функцияларын қайта қарау және басқа да бағыттарды қамтитынын айтты.

«Саланы одан әрі дамытуға қажетті ша­раларды әзірлеу үшін бүкіл салаға мони­торинг жүргізілмек. Бүгінде елдегі саланың жай-күйіне қатысты мониторинг туралы деректер жоқ. Бақылауды енгізу қазіргі жағ­дайды нақтырақ түсінуге және сектордың одан әрі дамуын сапалы болжауға мүмкіндік береді», – деді А.Сәтқалиев.

Заң жобасында облыстардың, облыс көлеміндегі қалалар мен аудандардың жылу энергетикасының жұмыс істеуі мен дамуы қарастырылады. Ол әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары әзірлеген жылу энергетикасын дамытудың ұзақмерзімді (20 жыл) және ортамерзімді (5 жыл) әмбебап жоспарлары негізінде жүзеге асырылады. Жұмыс тобының жетекшісі Еділ Жаңбыршин жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау құзыреті Энергетика министрлігіне берілетінін айтты. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын­дағы уәкілетті орган жылу энергиясын тұ­тыну саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын болады.

«Жылу энергетикасын дамытуды жос­пар­лаудың жаңа құралы енгізіледі. Еліміз­дегі жылу энергетикасы саласының құры­лымы айқындалады, жылумен жаб­дықтау және жылуды тұтыну субъектілерінің құ­қықтары мен міндеттері бекітіледі. Соны­мен қатар заң жобасында энергетика ны­сан­дарында төтенше жағдайлар орын алған кезде жылумен жабдықтау жүйелерін бас­қару, арнайы құрылатын бірыңғай жылу энергетикалық компанияға беріледі деген норма ұсынылып отыр», – деді Еділ Жаңбыршин.

Оның айтуынша, теңгерімдеуші нарық тетіктерін және электр энергиясын бірың­ғай сатып алушыны енгізу бөлігінде электр энергетикасы саласын реформалауға бағытталған толықтырулар енгізіледі.

«Энергетика нарығында тарифтерді негізсіз көтеріп және одан пайда көріп, энергетика саласына 1 тиын да инвестиция салмай, делдалдық қызмет атқарып отырған энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жою жөнінде депутаттар арнайы нормалар енгізді. Бұл түзетулер концептуалды болған­дықтан Үкіметтің қорытындысына жі­берілді», – деді Е.Жаңбыршин.

Сонымен қатар Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы мен нор­малардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуі тұрғысынан ревизиялау мәселелері бойынша және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізі­летін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады. Баян­дамашы құжаттың Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алудың жаңа сапалы жүйесін құру туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін айтты. Бұл ретте сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің бағасына емес, сапасына басымдық берілуі тиіс. 

«Қоғамдық мониторинг, әсіресе құры­лыс жұмыстарына жүргізіледі. Тапсырыс беруші тарапынан шарттың тиісінше орын­далуын бақылау – құрылыс сапасын арт­тыру­дың маңызды шарттарының бірі. Осы ретте жұмыстарды орындау кестелерін, шарт­тардың орындалуы бойынша есептерді, жалпы қолжетімді етіп жариялау, сондай-ақ шарттарды орындау мониторингіне қоғам­дық кеңестерді тарту ұсынылады», – деді Мәди Тәкиев.

Заң жобасы процесті жеңілдетуге және бюрократиядан арылтуға бағытталған. Алдын ала қабылдау кезеңін жою, сондай-ақ жеке рәсімдерді өткізу мерзімдерін қайта қарау ұсынылады. Нәтижесінде, мемлекет­тік сатып алу рәсімінің жалпы ұзақтығы екі айдан бір айға дейін қысқарады. Қаржы министрінің мәліметінше, бір көзден сатып алуды жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады. Егер конкурсқа қатысуға бір өтінім беріліп, ол біліктілік талаптарына сәйкес деп таныл­са, мұндай сатып алуларды жарамды деп тану ұсынылады. Тапсырыс берушіге сатып алу процедурасын қайталау қажет болмай­тындықтан, бұл уақытты айтарлықтай үнемдеп, процесті жеңілдетеді.  

 Сондай-ақ жұмыс тобының жетекшісі Руслан Қожасбаев қосымша баяндамасында ауыл әкімдіктеріне тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді конкурс өткізбей, 3 000 АЕК-ке дейін сатып алу ұсынылып отырға­нын атап өтті. Жұмыс тобы бұл шекті артты­ру­ды қарастырып жатыр. Шағымдарды қараудың жаңа механизмін енгізу, офтейк-келісімшарттарын жасау, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейту, сатып алуы ШОБ субъектілері арасында жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін енгізуге қатысты мәселелер бойын­ша да жұмыс жүріп жатыр. Басқа да стан­дарттар, соның ішінде сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыруға және бірыңғай платформа құруға арналған стандарттар енгізіледі. 

Өз кезегінде Ерлан Қошанов мемлекет­тік сатып алу жүйесін қайта қарау мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жат­қанын атап өтті. Ол мемлекеттік сатып алу барлық әлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асыруға тікелей әсер ететіндіктен Мемлекет басшысы бұл саланы түбегейлі рефор­малауды тапсырғанын еске салды.

«Бұл заң жергілікті жерлерде туын­дайтын түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етеді деп сенеміз. Көп жұмыс ат­қарылды. Енді заң жобасын тезірек пы­сықтап, екінші оқылымға шығару керек. Өйт­кені оны халық күтіп отыр. Өңірлердегі биз­нес қоғамдастығы мен тұрғындар ұсы­нылған өзгерістер туралы өз пікірлерін біл­діруі маңызды. Сондықтан бейінді комитет өңірлерге барып, көшпелі отырыс өткізгені жөн», – деді палата Спикері.

Мәжіліс комитеттері «ҚР мемлекеттiк наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы және Қазақстан мен Вьетнам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру жөніндегі шартты ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды. Жалпы отырыста мәжіліс­мендер әлеуметтік-экономикалық мәсе­ле­лер бойынша жауапты мемлекеттік орган­дарға 11 депутаттық сауал жолдады. Олар­дың басым бөлігі өңірлердегі су тасқынына арналды. Мақсат Толықбай депутаттық корпус атынан Премьер-Министр Олжас Бектеновке еліміздегі су тасқынына қатыс­ты депутаттық сауал жолдады. Үкіметке су басу қаупі бар аймақтарда алдын алу жұ­мыстарын ұйымдастырып, зардап шеккен тұрғындарды қолдауға арналған шараларды қабылдауды сұрады.

«Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін біз Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық. Былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан су шайып өткен бірнеше үйге «AMANAT» партиясы тара­пынан құрылыс материалдарына дейін әперіп, баспана салдыртқан едік. Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті. Себебі Қоб­да­дағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті Прокуратура жобалық құжатта­масынан кінәрат тауып тоқтатып тастаған. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында мұнай компаниясы шлюз­ді бітеп тастап, тасыған су ауылға қа­рай бұрылып кеткен. Өйткені шлюз әдейі жа­был­ғандай көрінді. Бұл мәселені жіті ба­қы­лауға алу қажет. Дәл осындай жағдай бас­қа өңірлерде де болуы ықтимал», – деді ол.

Осы ретте депутат Үкіметке келесі ұсы­ныстарды жолдады. Олар – бірінші, Қа­зақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жаға­сынан қашық әрі биік жерлерге қоныс­тандыру; екінші, ірі және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендер­дің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сон­дай-ақ су соратын дренаждар мен сорғы­ларды қайта орналастыру; үшіншіден, өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету; төртінші, гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу; бесінші, биылғы төтенше жағдай жария­ланған жерлердегі шаруалардың бар­лық ауылшаруашылық несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарас­тыру. 

Ал депутат Ерлан Саиров минералдық ре­сурстар қоры бойынша Қазақстан алғаш­қы он елдің қатарында (ТОП-10) болса да, әлі күнге дейін шикізат экспорттап отырға­нын ашына жеткізді.

«Бұған екі минерал алюминий мен мыс мысал бола алады. Боксит – глинозем – алюминий тізбегінде: глиноземнің үштен екісі экспортталады, үштен бірінен 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіріледі және тек оның 20%-ы дайын өнімге өңделеді, яғни сымдар, кабельдер, жылыту радиатор­ла­ры шығарылады. Он жылдан астам уақыт бойы ERG барлық глиноземді алюминийге айналдыруға уәде беріп келеді, бірақ ештеңе өзгермей отыр.

Мыс бойынша жағдай одан да жаман: 2023 жылы Қазақстанда 720 мың тонна мыс өндірілген. Біздің еліміз катодты мыс пен жартылай фабрикаттарды Қытай Халық Республикасына, Түркияға экспорттайды, ал олар катодты мыстан жасалған дайын өнімдерді кабельдер, мыс сымдар, элек­тротехникалық өнімдер түрінде Қазақстанға сатады. Нәтижесінде, дайын өнімнің мил­лиардтаған долларымен есептелетін үлкен қосымша құн түріндегі салығы осы елдерде қалып қояды», – дейді ол.

Оның айтуынша, көршілес Өзбекстан жылына 290 мың тонна катодты мыс өндіреді екен. Оларда мыс экспортына тек d-8 мм кабель немесе созбасым сияқты дайын өнім түрінде рұқсат етіледі, осы ретте көрші ел 3 000-нан астам кабельдік және басқа да дайын өнімдерді шығарып отыр. Ал Түркия Қазақстаннан катодты мыс сатып алып, басқа елдерге миллиардтаған долларлық сымдарды, профильдерді және мыс фольганы экспорттайды.

Келесі бір депутат Ерболат Сатыбалдин Арқадағы қалың елдің мұңын жеткізді. Биыл Арқада мал қатты қырылды, қы­рылмағаны, көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға әрең кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден астам жылқы құлаған. Ауыл тұрғындары бағып отырған малдарының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына ай жарымнан асты. Тек қана Қаражалдың өзінде 566 бас жыл­қының өлексесі жиналған екен. Жиналмай дала шашылып жатқаны қаншама?! 

«Жұт тек Ұлытау жерінде ғана емес, Ақ­мола, Қарағанды облыстарын да шарпыды. Мұндай қыспақ жылда соқпайды, осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезде мем­лекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек бере­тін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал ба­сын алып қалуға жасаған әрекет мардым­сыз, шала болды. Қыстың ортасында жауған жауынды көріп-біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер бола тұра, Ұлытау облысында болып жатқан табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстарының жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасап, жер­гілікті әкімдіктерге ескерте алмады. Мем­лекеттік бақылау мен реттеудің сал­ғырт­тығын осыдан да көрсек болады. Әріп­тесім, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына Ауыл ша­руашылығы министрлігі «малдың жап­пай өлімі фактілері жоқ, Ұлытау облысында 67 жылқы малы өлімі тіркелді» деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлау­дан әріге бармады. Жұт жайын қалың елдің арасына барып, білудің орнына комиссия жіберіп, өлексе санаумен шектелді. Үкі­меттің бұл тірлігін Арқа жұрты «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жы­лаймынға» балап отыр. «AMANAT» фрак­циясы шаруалардың қиын мәселесіне бей-жай қарай алмайды», – деді ол.

Депутат жұтап қалған елдің еңсесін көтеру мақсатында Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялау керектігін айтып отыр. Оның пікірінше, зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшы­раған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тір­кеуде болмаған малын санаққа енгізуге рұқ­сат берген дұрыс. Жұттан титыққан шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруа­шылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялау қажет. Мал өлекселерін жою жұмыстарын жүргізе отырып, мал­дарға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұ­мыс­тарын да мемлекет есебінен ұйымдас­тырған жөн.

Нұрлан ҚОСАЙ