Биыл елімізде футболдан алғаш рет Әйелдер лигасы басталады. Жақында Qazaqstan Football League-сының ұйымдастыруымен QFL Әйелдер лигасы мен QFL Әйелдер кубогы турнирінің жалауы көтеріледі.
Футболдан Әйелдер лигасы басталады
1,170
оқылды

Жарысқа еліміздің төрт өңі­рі­нен «БИІК-Шымкент», «Ор­дабасы», «Ақтөбе», «Оқжетпес», «Томирис-Тұран» клубтары қа­тысады. Футбол додасының же­ре­бе тарту рәсімі 2 сәуірде өтті.  

Кейінгі жылдары әлемде әйелдер футболының дамуына ерекше назар аударылып келеді. Еуропаның өзінде әйелдер фут­болын 144 миллион жанкүйер тамашаласа, 2033 жылы олардың саны 328 миллионға дейін кө­бейеді деп жоспарланған. QFL үшін осындай деңгейдегі тур­нирді ұйымдастыру осы сала­ның дамуы үшін маңызды эле­мент ретінде саналады. Себебі бүгінде халықаралық феде­рация­ларда бірде-бір коммер­ция­лық немесе футбол науқа­нын әйелдер фут­болы­нсыз елестету мүмкін емес.

«QFL Әйелдер кубогының бірінші жарысы 1-9 мамыр ара­лығында Шымкент қаласын­дағы «БИІК» спорт кешенінде өтеді. Турнир айналымдық жүйеде ұйымдастырылып, әр команда 4 матчтан ойнайды. Кездесуде тең есеп қарас­тырыл­маған. Егер ойынның негізгі уақытында есеп тең болса, же­ңім­паз бірден пе­наль­ти серия­сында анықталады. Сондай-ақ ұпай 4 деңгей бойын­ша беріледі. Негізгі уақыттағы жеңімпазға 3 ұпай, пенальтиден жеңген ко­ман­даға 2 ұпай, пеналь­тиде есе жіберген клубқа 1 ұпай беріледі. Негізгі уақытта жол берген ко­манда ұпайсыз қалады», – делін­ген хабарламада.

Ал QFL Әйелдер лигасы 17 мамыр – 30 қазан аралығына жоспарланған. Лига 4 айналым бойынша Шымкент, Түркістан, Ақтөбе және Көкшетау қала­ларында өтеді.