Оқиға желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті.
Астанада мүгедектігі бар такси жүргізушісінің ақысын төлемей кеткен жолаушы ұсталды
2,009
оқылды

Астанада мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісінің жол ақысын төлемей алдап кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Бұған дейін Астанада белгісіз азамат такси жүргізушісінің құлағы естімейтінін және сөйлей алмайтын пайдаланып, ақысын төлемей түсіп кеткені туралы жазған едік. Жүргізушінің қызы желіге видеосын жариялап, жұртшылықтан көмек сұрады.

Әлеуметтік желідегі хабарламаға Астана полициясы да жауап беріп, жолаушыны табуға уәде берген еді. Бүгін такси жүргізушісінің қызы Лаура өзінің парақшасында жолаушы жігіттің табылғаны туралы жазба жариялады.

"Бей-жай қарамай, видеоны таратуға атсалысқандарыңызға алғыс айтамын, Астана қаласы Алматы ауданының полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын! Олар менімен байланысып, камералар арқылы іздеп, әкем болған барлық нүктелерді тексеріп шықты. Түнде жігітті тапқандары туралы жазды. Әкемнің оған ешқандай шағымы жоқ, тек енді бұлай жасамауын өтінді. Жігіттен неліктен бұлай істегені туралы сұрағанда, ақшасы жоқ екенін, күндіз құрылыста, ал кешке курьер болып жұмыс істейтінін және "ақша табу үшін" осылай жасағынын айтты”, – делінген жазбада. 

Полицияның мәліметінше, 22 жастағы жолаушының бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын анықтады.

"Жедел іздестіру шаралары барысында жол ақысын төлемеген такси жолаушысын анықтады. Жолаушы келтірілген шығынды толығымен өтеп, жасаған әрекетіне өкініп, кешірім сұрады. Зардап шегуші шағымданудан бас тартты", – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін Астанада белгісіз азамат естімейтін, сөйлей алмайтын такси жүргізушісіне жол ақысын төлемей кеткені туралы жазған едік.