Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің базасында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жинау акциясын ұйымдастырып, 3 Газельмен гуманитарлық көмек жіберді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы: зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуде
751
оқылды

Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Негізі гуманитарлық көмек Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарына жеткізіледі. Зардап шеккендерге киім-кешек, азық-түлік, жеке күтім, төсек-орын, ыдыс-аяқ және дәрі-дәрмектер жиналды.

Хасан Шариповтың төрағалығымен құрылған қалалық штаб гуманитарлық көмек жинау жұмысын үйлестіріп,  тауарларды қабылдап, түсіруге көмектеседі. 

"Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени орталықтардың атынан су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетеміз. Өңірлерде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін  гуманитарлық көмек жинадық",  деді қалалық штаб төрағасы және ҚХА мүшесі Хасан Шарипов.

Акцияға елорда тұрғындары, ҚХА жастар қанатының еріктілері мен меценаттар қатысты. Сондай-ақ азық-түлік жеткізген "Астана" балалар футбол клубының мүшелері көмекке үлес қосты. Қазір қала Ассамблеясының мүшелері мен еріктілер су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы сомасы 5 млн 200 теңгеге көмек көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада гуманитарлық көмек қабылдаудың 9 пункті ұйымдастырылып, жиыны 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысуда. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптауға және жөнелтуге көмектесуде. 

Айта кету керек, еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды. Ниет білдірушілер жинау орындарына қажетті өнімдерді жинап, апара алады.