Үшемдердің анасы Бекзада – Атырау қаласының тұрғыны.
Атырауда 26 жастағы әйел үшемді дүниеге әкелді
793
оқылды

Атырауда 26 жастағы Бекзада Қадырбаева үшемді дүниеге әкелді. 33 аптасында өмірге келген нәрестелердің екеуі қыз, біреуі  ұл. Сәбилердің салмағы  1 келі 711, 1 келі 823, үшіншісі 1 келі 420 грамм. 

Үшемдердің анасы Бекзада – Атырау қаласының тұрғыны. Орталыққа 30 апта шамасында ауырып келген. Жүктіліктің қауіп-қатері болғандықтан, Астанадағы орталыққа барып босануы қажет еді. Алайда кейбір қарсы көрсетілімдерге байланысты атыраулық дәрігерлер  облыстық перинаталдық орталығында ота жасап, босандырып алған. Ота жасаған білікті дәрігер Нұрлан Жұбанышев. 

Үшемдер Бексұлтан мен Бекзаданың – тұңғыштары. Олардың есімдерін Абдулхаким, Хафиза, Хабиба  деп атаған.

«Сәбилердің салмағына, жағдайына байланысты бірінші кезеңде балалар жансақтау бөлімшесінде ем алып, өз беттерімен демалмағандықтан, жасанды желдету аппаратында болды. Жағдайлары тұрақтанған кезде патология бөлімшесіне ауысты. Сәбилердің қазір жағдайы жақсы, өз беттерімен демалып, емін алды. Қазір үйлеріне шығарылуда. Жағдайлары қанағаттанарлық», деді директордың  неонаталдық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Абекеева.

Атап өтерлігі, бұл Атырауда соңғы екі жылда болмаған жаңалық.

Баян Жанұзақова