Гуманитарлық көмек жинау «Жүректен жүрекке» ҚХА арнайы жобасы аясында ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясынан Шет ауданына гуманитарлық көмек жіберілді
905
оқылды

Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек – азық-түлік, киім және төсек-орын жинады. Бүгін екі жүк көлігі су басқан ауылдарға жөнелтілді.

Гуманитарлық көмек жинау «Жүректен жүрекке» ҚХА арнайы жобасы аясында ұйымдастырылды. «Жастар ассамблеясының» еріктілері жеткізумен және таратумен айналысады.

– Бүгін гуманитарлық жүк тасқыннан зардап шеккен ауданға жіберілді. 20-ға жуық адамнан құрылған еріктілер тобы жиналған қаражатты жергілікті жерлерде бөлуді үйлестіру және зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін су басқан ауылдарға барамыз. Бұл қасіреттен тыс қала алмадық. Қазақстандықтар тағы да бірікті, бұл біздің бірлігімізді тағы бір мәрте дәлелдейді, – дейді «Жастар Ассамблеясы» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев.

Жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі қарағандылық Төреғали Берікәлиұлы алғашқылардың бірі болып гуманитарлық жүктерді алып жүруге еріктілер қатарына қосылды.

– Бүгін менде демалыс күнім, құр отырмай, игі іске қатысуға бел будым. Ауылдарға барамын, гуманитарлық көмек таратуға көмектесемін. Белсенді азаматтық ұстанымымызды қазір көрсетпегенде қашан көрсетеміз? Мен су тасқынынан зардап шеккендерге шын жүректен жаным ашиды және олардың тез арада қайта қалыпқа келуін тілеймін, – дейді қарағандылық.

Шет ауданына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, өңірлердегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі ҚХА республикалық штабының басшысы Ақбаржон Исмаилов, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы, РШ басшысының орынбасары Тимур Жұмырбаев, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі облыстық штабтың төрағасы Шамиль Осин, Қарағанды облысы ҚХА мүшелері, еріктілер, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері аттанды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ