Тілсіз жауды тұсаулау мүмкін емес. Бәрі қас-қағым сәтте болып жатады. Сондықтан да соңғы екі жетіде еліміздің бірнеше өңіріндегі су басу оқиғалары табиғаттың тосын мінезімен қатар, «жазым» деуге саяды.
Шу мен Талас – ұдайы бақылауда
2,109
оқылды

Десе де, «сақтансаң сақтайды» деген бар. Ал бізде сақтық шаралары өз деңгейінде сақталды ма? Көктемгі сел жүру қаупіне қарсы ұдайы даяр болуға тиіс мекемелердегі жағдай қалай?  Қазынадан бөлінген қаржы тетігін тапты ма? Әлде суға қаралған қаражат құмға сіңіп кетті ме? 

Қазір осы сауалдар көптің са­насына салмақ түсіріп тұрғаны жа­сырын емес. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев бұ­ған дейін бұл бағытқа талай жыл жетекшілік еткен Роман Скляр­дан жауапкершілікті алып, бір күнде Қанат Бозымбаевтың қо­лына беруінде де үлкен астар жа­тыр. Демек, Скляр жетекшілік ет­кен салаға сызат түсті деген сөз. Жауаптылар Президент жүк­­теген сенім жүгін ақтай ал­ма­д­ы. Нәтижесінде, жүздеген үй су астында қалып, мыңдаған ша­қырым жолды топан су шайып кетті. Халық далада қа­лып, Үкі­мет­ке миллиардтаған шы­ғын кел­ді. 

Мұндай жағдай Жамбыл жерінде де болуы мүм­кін екенін ешкім жоққа шығара ал­майды. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын Байзақ пен Жамбыл ауданына қарасты ауылдарды су алып, халық әбігерге түскен бо­ла­­тын. Шенділерден маза қа­шып, бірқатар басшылардың был­ғары орындығы да шайқал­ған. Осы орайда өңірдегі ахуалды біл­мек мақсатта облыстық Тө­тенше жағдайлар департаментіне ха­барласқан едік. Мекеме басты­ғы Арман Тоқановтың айтуын­ша, қазір алты елді мекенді су ба­су қау­пі сақталып тұр. 

– Облыс аумағындағы елді ме­кендер мен шаруашылық объек­тілерін су басу қаупі Шу, Та­­­лас және Аса өзендерінің ар­на­ларында су деңгейінің кө­те­рілуінен, тау бөктеріндегі еріген қар және жаңбыр суларынан бол­уы ықтимал. Бүгінде су басуы мүм­кін 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алынды. Екі (Сарыкемер ауы­лы және «Здоровье» сая­жайы) елді мекеннің қаупі тө­мен­­детілді. Су басуға бейім 6 елді ме­кен қалды. Аталған елді ме­кен­­дерді су басу қаупін «2021-2023 жылдарға арналған су тас­қы­ны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын іске асыру арқылы төмендетуге күш салынуда.

Жол картасына жалпы 3 миллиард 400 миллион тең­ге бөлініп, Талас өзенінің жа­ғалауын бекіту жұмыстары жүр­гізіл­ді. Сонымен қатар каналдар, арық­тар, су өткізу құрылыстары, ав­томобиль жолдары және те­мір­жол көпірлері тазартылды. Өңір­дің елді мекендерінде су ба­су­дың алдын алу үшін 3 500 тек­ше метр қар шығарылды. Облыс аума­ғын­­да 141 гидротехникалық құ­рылыс болса, 18-і республи­ка­лық, 115-і коммуналдық және 8-і же­кеменшікте.

Былтырғы ақпан айында «Шу-Талас» бассейндік инс­пекциясының, «Қазсушар» рес­публикалық мемлекеттік кә­сіп­орны облыстық филиалы жә­не «Жамбыл суқоймалары» ком­муналдық мемлекеттік ме­кемесінің өкілдері гидротех­ни­калық құрылыстарға тексеру жүргізді. Нәтижесінде, «Жамбыл суқоймалары» мекемесінің мен­шігіндегі 24 суқоймаға ағымдағы жөн­деу жүргізу қажеттігі анық­тал­ды. 2023 жылы 14 гидроте­х­ни­калық құрылысқа жергілікті бюд­жеттен 67 миллион 615 мың тең­ге бөлініп, ағымдағы және қай­та құру жұмыстары жүргі­зіл­ді, – дейді Арман Құмарұлы. 

Департамент бастығының ай­туынша, қазір олар «Қаз­гид­ромет» мекемесімен байланысты нығай­тып, тәуліктік бақылау жұмыстарын бірге жүргізуде екен.

– «Қазгидромет» респуб­ли­ка­лық мемлекеттік кәсіпор­ны­ның филиалымен тығыз бай­ла­ныс­та жұмыс істеудеміз. Дағ­­­­дарыс жағ­дайлары басқармасының элек­трондық поштасына әр күнге ар­налған ауа райы болжамы тү­сіп отырады. Сонымен қатар әр үш сағат сайын дағдарыс жағ­дай­лары басқармасының жедел ке­зекшісі «Қазгидромет» фи­лиа­лы­ның диспетчерлерінен ауа райын­дағы өзгерістер жайлы нақ­ты мәліметтер алып отырады. Дауылдық ескертулер бойынша дағ­дарыс жағдайлары басқар­ма­сының жедел кезекшісі халықты құлақтандыру үшін ұялы байла­ныс операторлары арқылы SMS, «Дармен» қосымшасы арқылы хабарламалар таратады. Сондай-ақ азаматтық қорғаудың барлық бөлімшелері мен тиісті ұйымдар мен мекемелерге таратылады. «Қа­з­гидрометтен» күнделікті ауа райы болжамынан бөлек, апта­лық және айлық ауа райы бол­жам­дары да түседі. Осы арқылы ауа райындағы өзгерістер жайлы алдын ала болжамдар жасауға мүм­кіндік тууда. Ал ақпаратты уа­қытылы алудың нәтижесінде тө­тенше жағдай аумағына күш­тер мен құралдарды дер кезінде жұ­мылдыра аламыз, – дейді Арман Тоқанов.

Иә, сақтық шаралары жіті на­зарда болса – жанға жылу. Әй­теуір, «бармақ басты, көз қыс­ты­ға» жол берілмесе болғаны. 

Күні кеше Жамбыл об­лы­сы­ның әкімі Ербол Қарашөкеев өңіріміздегі басты су жүйелерінің бірі Талас өзенінің жағалауын ны­ғайту жұмыстарымен таны­сып, нақты тапсырмаларын бер­ді. 

Жалпы, Тараз қаласы мен Бай­зақ, Жамбыл ау­дан­дарының бір­қатар елді ме­ке­ні өзен жаға­лауы­на жақын ор­на­лас­қаны бел­гілі. Сондықтан он­­­дағы тұр­ғын­дардың қауіпсіз­дігі басты на­зарда болуы тиіс. Бұған дейін өзен­нің 28 шақырымға жуық жа­ғалауы бойынша нығайту жұ­­мыс­тары атқарылған. Деген­мен об­лыс әкімі аралау бары­сын­­да бір­қатар аумақта әлі де қауіп­­­сіз­дік шараларын күшейту қа­­­жет­тігін айтып, ол бойынша тиіс­ті тұлғаларға нақты тапсыр­ма­лар жүктеді. 

Негізі, топан судың алдын алу мақсатында биыл бар­лығы 1 790 шақырым канал, 1 833 шақырым арық, 437 шақы­рым дренаж жүйесі, 946 су өт­кіз­гіш құрылыстар тазартылып, ел­ді мекендердің айналасына үйін­ді төсеу жүргізілген. Об­лыс­тың барлық су қоймаларында тас­қын сулар мен еріген суларды қа­былдауға арналған қосымша кө­лемдер қарастырылған.

Қазір су қоймаларының толу дең­гейі Тасөткелде – 90, Теріс-Ащы­бұлақта – 85, Ынталыда – 88, Ақкөлде – 20, Қарақоңызда – 99, Бүр­кітті – 29, Қақпатас – 58, Чоң-Қақпа (Киров) 77 пайызды құрап отыр. Бұл шараларға қара­мас­тан, қауіп-қатер жоқ деп қарап отыруға әсте бол­май­ды. Ауа райының кез келген жағдайы­на дайын болуға тиіспіз. Сондық­тан облыстың ау­­­­­мақтық аза­мат­­тық қорғау жүйе­сі жоғары дайындық ре­жи­міне келті­ріл­­ген. Бұдан бө­лек, су тас­қы­ны жағдайы­ның күрделенуі­не жедел ден қою мақ­сатында 1 459 адам, 364 бірлік тех­ни­ка, 135 су айдау құра­лы және 19 жүзу қондыр­ғы­сы сақадай сай дайын тұр. Со­нымен қатар су қойма­лары­ның толу деңгейіне үздіксіз мо­ни­торинг жүргізіліп, халықты қа­былдауға арналған 396 пункт дайын­далған.

Тағы бір айта кетерлігі, жуыр­да облыс әкімінің орын­ба­сары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Талас Алатауы, Қырғыз жо­та­ларының солтүстік бет­кейін­дегі мореналық көлдердің жағ­дайын және биік таулы ау­­­мақ­тардағы қар қорын әуеден бақылап қайт­ты. Зерттеулер 600-ден 4 000 метр биіктікте жүргізілді. Қуа­ныш­тысы, таулы аймақтың тік бет­кейлерінде қар көшкіні, қар жамылғысының қарқынды еруі және көлбеу ағын белгілері бай­қал­маған. Өзен арналары мұз­сыз, өзен бассейндерінің ортаң­ғы және төменгі бөліктерінде мұз кептелісі жоқ. 

Әрине, мұндай ақжолтай ха­бар көңіл қуантады. Десе де, бо­саңсуға еш негіз жоқ. Себебі бүгінде су астында қалған елді мекен тұрғындары ауылдарын су алатынын алдын ала білген жоқ. Сондықтан қандай жағдайға да дайын болған абзал. Әйтеуір, «бәрі бақылауда» деген басшы­лардың сөзі «сұлу статистика» болмаса болғаны...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы