Қазақстанның бес облысында республикалық тасжолдардың жеті учаскесін қызыл су басты, - деп хабарлайды Aikyn.kz "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-қа сілтеме жасап.
Ұлттық компаниядағылар бұған күннің күрт жылынуы мен қардың қарқынды еруі түрткі екенін нақтылайды.
"2024 жылы 6 сәуірде сағат 08:10-дағы жағдай бойынша, халықаралық және республикалық маңызы бар тасжолдарда ауа райының күрт жылынуы мен қардың қарқынды еруі салдарынан 5 облыста (Ақмола, Атырау, СҚО, Павлодар, Қостанай) 7 жол учаскесін жалпы ұзындығы 5411 метр болатын қызыл су басты", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ 6 облыстағы (Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, СҚО) республикалық маңызы бар тасжолдардың 12 учаскесінде (ұзындығы 797 км) көлік қозғалысына шектеу енгізілгені айтылады.
"Қазіргі таңда республикалық жолдарда 248 бірлік техника мен 285 адам жұмылдырылған", - делінген хабарламада.