«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Мемлекет басшысының өңірлердегі су тасқынына қатысты үндеуі туралы пікір білдірді. Ол қиындықта қалған тұрғындарға ел болып көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы су тасқыны бойынша республикамыздың өңірлерінде қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстан халқына үндеуін арнады. Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалану керектігін тапсырып, тұрғындардың шығындарын өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруды жүктеді. Апатты жағдай болған аймақтарға Қазақстан Қарулы күштерінің, Ұлттық ұланның, басқа да күштік құрылымдардың қызметкерлерін көмекке жұмылдыруға бұйрық берілді. Қиындықта қалған ағайынға тұтас ел болып көмек көрсетіліп жатыр. Табиғи апат болған аймақтарда мемлекеттік құрылымдар азаматтардың өмірін сақтап қалуға барын салуда. Судың астында қалуы ықтимал елді мекендердің тұрғындарын қауіпсіз жерлерге көшіріп, эвакуациялық бекеттердің қалыпты жұмыс істеуін қадағалауды жолға қойды. Көшуге мәжбүр болған азаматтардың денсаулығын медицина қызметкерлері тәулік бойғы бақылауға алды», - дейді ол.
Полиция қызметкерлері су басқан аймақтардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтуға жұмылды. Әкімдік қызметкерлері еріктілер топтарымен бірлесе азаматтарды ас-сумен, ең бірінші кезектегі тұрмысқа қажетті заттармен қамтуға кірісті.
«Апатты аймақтағы нақты көмек беру жұмыстарына партиямыздың белсенді өкілдері, депутаттар, жас партияластарымыз жұмылып отыр. Түркістан облысының тұрғындары еліміздің басқа өңірлерінде болып жатқан табиғи апаттың салдарын зор күйзеліспен қабылдап, көмек қолын созуға мейлінше бірігіп отыр. Апатты аймақтардың тұрғындарына қажетті гуманитарлық көмек жинау штабтары облысымыздың барлық 17 аудан, қаласында құрылып, игілікті іске қалың ел болып кірістік. Азаматтық бірлігімізді танытып, үйлесімді әрекет етуіміздің нәтижесінде түркістандық ағайын жұмылып жинаған көмек керуендері күн сайын еліміздің батыс өңірлеріне қарай жөнелтілуде.
Қарғын судың таралуына алаңдап отырған жерлестеріміздің күш біріктіруінің сан қилы статистикасына тоқталмай, бірді-екілі нақтылы мысалдарды келтіретін болсақ, облысымыздағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың аманаттық депутаттары осы мақсатта құрылған арнайы есеп шотқа қаржы аударып жатыр. Тіпті, қатардағы партияластарымыз да, оның ішінде зейнет жасындағы азаматтарымыз жергілікті бастауыш партия ұйымдарына хабарласып, қасиетті Рамазан айындағы отбасы мүшелерінің пітір садақасын қиындықта қалған ағайынның ауыртпалығын сәл де болса жеңілдетуге арнауға ниетті екенін білдірді. Облыстық партия филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілер тобы Ақтөбе облысының су басқан аймақтарында халыққа көмек көрсетіп жатыр. Облысымыздың Қазығұрт, Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Ордабасы, тағы басқа барлық аудан, қалаларындағы аманаттық өкілдер бір қолдың саласындай көмек керуендерін жасақтауға белсене кірісті.
Топан судың зардабын тартып, қазақстандықтардың көмегімен басқа түскен қиындықты еңсерген Мақтаарал ауданы жұртшылығының көмек қолын созуға ұмтылысын айрықша атап өткеніміз жөн. Мырзашөл өңірінен Ақтөбе, Батыс Қазастан облыстарының тұрғындарына арналған 100 тоннаға жуық көмектер керуені аттанды. Аудандық мәслихат депутаттары 21 млн теңге жеке қаражатын арнайы есепшотқа аударды. Жергілікті мәслихат депутаты, партиямыздың мүшесі Қанат Мырзахметов тасқын су болып жатқан ауылдарға көмек беруге ұмтылса, партиямыздың Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов Ақтөбе облысына арнайы барып, жерлестерінен үздіксіз келіп жатқан гуманитарлық көмекті үйлестіру және тарату жұмыстарын өз бақылауына алды. Партиямыздың бастамасымен Мақтаарал ауданының депутаттары мен кәсіпкерлері Ақтөбе облысының Шығанақ Берсиев елді мекенінің тұрғындарын бір ай бойы ас атасы – нанмен тегін қамтуға үлес қосып отыр.
Түркістан өңірі табиғи апаттың зардабын тартқан ағайынды қиындықта қалдырмайды, қолдауын көрсетуді жалғастыратын болады. Жұдырықтай жұмыла білген халқымыз береке-бірлігін сақтай отырып, бұл тығырықтан да бірлесе шығамыз деген сенімдемін», - дейді Алтынсары Үмбетәлиев.