Қарғалы су тоғанында 95%-ға су жиналып тұр.
Ақтөбе әкімі өзен деңгейінің көтерілуіне байланысты тұрғындарға ескерту жасады
802
оқылды

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Қарғалы өзенінің деңгейі көтерілуіне байланысты өзен бойындағы бірқатар бау-бақша ұжымдарына қауіп төніп тұрғанын айтты,-  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Әкім тұрғындардан эвакуацияға дайын болып, үйлерінен шығуды сұрады.

"Су өзен арнасынан асып, Қарғалы алабына жақын орналасқан Сейсмик, Нефтяник, Эко, Солнышко, Гауһар сияқты бірнеше бау-бақша ұжымдарына жайылып келеді. Бұл жерлерде қазір жағалауды топырақпен бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ өзен таситын болса, мұның өзі жеткіліксіз. Әрі ертең нөсер жауын күтілуде. Бұл қазіргі жағдайды қиындата түсетіні анық. Сондықтан тұрғындардан эвакуацияға келісім беріп, үйлеріңізді алдын ала тастап шығуды сұраймын", – деді Азамат Бекет.

Сонымен қатар "Қазсушар" РМК Ақтөбе облыстық бөлімі директорының орынбасары Әділжан Әлізақ та Қарғалы су қоймасындағы қазіргі жағдайы жөнінде айтты. Сөзінше, өзен 95% толған.

"Қарғалы су тоғанында 95%-ға су жиналып тұр. Эксплуатация бойынша 350 текше метр суды жіберіп жатырмыз. Қарғалы өзенінің деңгейі көтерілуі мүмкін. Дәл қазіргі сәтте ауа райы құбылып, жаңбыр жаууына байланысты су қоймасы қосымша ашылады. Ол өзен суының деңгейі арнасынан асуына әкеледі деген болжам бар", – деді ол.