Мемлекет басшысы өз үндеуінде су басқан аймақтарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіптің сақталу мәселесіне ерекше назар аударды.
Ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр
546
оқылды

Ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда. ІІМ мен өңірлік департаменттерде жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық деңгейде азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметімен тығыз өзара іс-қимыл ұйымдастырылған. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ОКҚ алаңында хабарлады, – деп жазады Aikyn.kz. 

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бірлескен авариялық-құтқару операцияларына қатысып жатыр. Арықтарды тазарту жұмыстары жүргізілді (8,5 мың метр). Суды бөгеу үшін 115 мыңнан астам қап төселді. 12 мыңнан астам адам құтқарылды. Оның ішінде 300-ге жуық тұрғын тікұшақ техникасы арқылы эвакуацияланды. Құқықтық тәртіпті сақтау қамтамасыз етілуде.

«Абай, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, Павлодар, СҚО, Ақмола облыстарының 39 ауданында зардап шеккен елді мекендер қоршауға алынды. Қараусыз қалған 1 266 тұрғын үй мен басқа да нысандар күзетілуде. Тонау, ұрлық сияқты қылмыстарға жол берілмеді. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін 87 уақытша орналастыру пункті ұйымдастырылды. Жолдағы қауіпсіздік те қамтамасыз етілуде. Республикалық маңызы бар жолдардың 17 учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізілді. Су басқан аймақтардан полицияның сүйемелдеуімен арнайы колоннамен 3,5 мыңнан астам автокөлік шығарылды», – деді спикер.

Патрульдік полиция экипаждары халықты ахуал бойынша хабардар етіп, қауіпті ескерту жұмыстарын жүргізуде. Жалған ақпараттың таралуына тосқауыл қою үшін ақпараттық кеңістік бақылауға алынды. Ведомство өкілі мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертті. 

«Сондай-ақ стратегиялық объектілерді қорғау қамтамасыз етілуде. 70 ауызсумен жабдықтау объектілері мен 91 су шаруашылығы бақылауда. Барлық іс-шараға полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің ең көп саны жұмылдырылды. Жағдай нашарлаған жағдайда басқа өңірлерден қосымша күштер мен құралдар тартылатын болады. Ішкі істер органдары су басқан аймақтарында тиісті тәртіпті қамтамасыз етеді», – деп хабарлады ІІМ ресми өкілі.

Бүгінде республика бойынша құқықтық тәртіпті 15 мың полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қамтамасыз етуде. Авариялық-құтқару іс-шараларына 5,5 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, сондай-ақ ведомстволық академия курсанттары қатысуда. 989 техника жұмылдырылды. Бұл патрульдік автокөліктер, қызметтік автобустар, КамАЗдар және 2 тікұшақ. Олар 59 рет әуеге көтерілді.