Әкім Ысқақтың қаламының желі, әзіл жазуға ебі бар. Оның езуінде үнемі күлкі жүреді. Анау-мынау арзан күлкі емес, ойлы, астарлы күлкі.
Сірескен емес, күрескен Әкім
3,291
оқылды

Әкім Ысқақ – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламент  Мәжілісі бірінші шақырылымының депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы. 1997 жылдың «Жыл адамы». Мемлекет және қоғам қайраткері. Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам  аудандарының құрметті азаматы. Оның отызға жуық кітаптары жарық көріп, мектеп оқулықтарына бірнеше шығармалары енгізілді. Сондай-ақ туындылары бірнеше тілге аударылды. Ең бастысы, Әкім Ысқақ – сайыпқыран сықақшы. Кезінде Көпен Әмірбектің өзі: «Кесетіні де бар, тесетіні де бар, ашатыны да бар, тіпті тіс шұқығышы да бар шалдың шаппасы секілді Әкім Ысқақ!» деп баға берген екен. Ал енді Көпеннен асып баға берем деу – бос әурешілік!

Әкім Ысқақ Қазақстанда емес, Қызықстанда дүниеге келген. Сондықтан да оның кіндігі әзіл-сықақпен кесілген. Онға келгенше әзілмен әлденіп,  күлкімен нәрленді. Отызында оспақтан отау құрып, қырықта қалжыңның қамалын алды. Сенбесеңіздер, он жасында жазған мына өлеңін оқып көрейік: 

Қошақандар, қошақандар,

Неге тыным таппайсыңдар?

Көк майсаны жеп болған соң,

Неге тыныш жатпайсыңдар?

Неге еріп кетесіңдер лақтарға,

Өздеріңде ми-құлақ бар ма? –

деп қошақандарға сұрақ қоя отырып, ұрсып тастапты. Әзіл бар ма? Бар. Сарказм бар ма? Ол да бар. Күлкі шақырады. Он жасар баладан бұдан басқа не талап етесіз?! 

Ол-ол ма, 1974 жылы мектеп қабырғасында білім ала жүріп, «Котлет» атты сықақ әңгіме жазыпты. Ол туындысы сол кездегі «Қазақстан пионері» газетінде жарияланады. Авторға еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушылардан жүз шақты хат келеді. Олардың бәріне жауап бере алмағандықтан, сыныптастарына таратып беруіне тура келеді. Сөйтіп, Әкім сыныптағы ең көп хат алатын оқушыға айналады. Сол кездегі пошташыларға Әкімнің хатын тасу қиынға түсіпті. Соған қарамастан, тілі уытты, сын-сықақты көп жазатын  қыршаңқы баладан қаймыққандықтан, түнгі төртте де тілдей хат келсе, оны дереу табыс етуге мәжбүр бопты. Бірақ бұл да ештеңе емес. «Көп екен көргенімнен көрмегенім» демекші бірде ауыл әкімінің емес, бала Әкімнің ауылына автобус жүрмей қалады. Сын-сықақын асынған сықақшыға бұл олқылықтың орнын толтыру сөз боп па?! Дереу «Автобус жоқ жолда» деген фельетонды сүйкеп кеп жібереді. Ол туындысын

Гитарам бар қолда,

Автобус жоқ жолда,

Қараймын мен қайта,

Осы әнімді айта, − 

деп түйіндейді. Көп ұзамай, жол асфальттанып, автобус жүреді. Осымен қоя салса, болар еді ғой. Енді қырағы қаламгердің көзі ауылдағы өте ескі мектепке түседі. Сол оқу ордасын сын нысанасына алып, «Мұңайған мектеп» деген мақала жазады. Тағы да ауыл әкімінің емес, бала Әкімнің әлгі сын мақаласынан кейін, Бөржардан үш қабатты типтік мектеп салынады. Мұның бәрі − қаламы қарымды қаламгердің қырық жылдық хикаясы. 

Биыл Әкім Ысқақтың шығармашылық жолына 50 жыл толыпты. Осы мерейлі мерекеге орай сықақшының «Біздің Бапақ» атты балаларға арналған сатиралық кітабының тұсауы кесілді. Аталған кітапқа енген «Кім кінәлі?» деген өлеңін оқып көрейікші:

Бапақ шықты тақтаға,

Көздегені «бес» еді.

Жазды есепті мақтана,

Үйге берген кешегі.

 

− Шығармапсың ойланып,

Дұрыс емес мынауың.

Жүрдің бе не, қой бағып,

«Екі!», − деді мұғалім.

 

Бапақ түсіп кекілі:

− Қиянат қой, оныңыз

Маған емес,

«Екіні», −

Деді, − Бекке қойыңыз!

 

Кеше ойнап күнімен,

Шығып кетіп есімнен.

Жаңа Бектің мұны мен

Дәптерінен көшіргем…

Міне, қысқа да нұсқа жазудың үлгісі – осы!

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балалар кітапханасы» бағдарламасын бекітіп, әзілсүйер оқырмандарға осындай кітап ұсынуы − балалар әдебиетіне деген қамқорлық. Бұл жинақты «Әл-Наир» баспасы жарыққа шығарыпты. 

Негізі, кітап балаларға арналған әзіл-қалжыңдардан, мазақтамалардан, қысқасы сатиралық шығармалардан тұрады.  Бұл жинақта негізгі кейіпкер −  Бапақтың басынан кешкен оқиғалары суреттеледі. Автордың мақсаты – жас оқырмандарды күлдіре отырып, оларды түрлі жаман әдеттерден, жағымсыз қылықтардан бойын алыстату, қателіктерін жөндеуге үйрету. Мәселен,  мектеп оқулығына енген «Аппақ пен Сатпақ» атты балалар арқылы жалқау, салақ, қиқар, мақтаншақ, сабақты нашар оқитын, сондай-ақ ұқыпты, сабырлы, жақсы оқитын үлгілі оқушы салыстырмалы түрде суреттеледі. Ал енді, автордың «Таубай» деген өлеңін оқып көрейікші:       

Бәтенкесі бір күнде

Жыртылады, пай-пай.

Балшық кешіп, ішінде,

Су тұрады, пай-пай.

 

Жерге қарап жүрмейді,

Сүрінеді, пай-пай.

Алған нәрсе бір пәсте,

Бүлінеді, пай-пай.

 

Шалбарына қарасаң,

Балақтары май-май.

Дәптеріне қарасаң,

Парақтары май-май.

Қандай бала боларын,

Түсінбедік Таубай.

Жалпы, жинақта бірде ойландыратын, бірде күлдіретін жәйттер аз емес. Бұдан бөлек, қолға түскен нәрсені тез бүлдіретін, есепті өзгеден көшіретін Бапақ, «Ладно, күлмеймін» атты сықақта бірнеше тілде сайрай білетін, тек өз ана тілін білмейтін, өзін танымайтын дүбара баланы әжуалап, сын нысанасына алады.

Негізі, бұл сатиралық кітап тек балаларға ғана емес, сонымен қатар бала тәрбиесіне қатысы бар ата-аналарға, ұстаздарға, жалпы оқырман қауымға да арналған. Біздің бұл сөзімізді төмендегі мысалдар қолдап-қуаттай түседі:    

Өзгерген тышқан

Бір Тышқан өзгертіп кескінді,

Менсінбейді ешкімді!

Жанына серік деп санамайды,

Мұрнын көтеріп, өзгеге қарамайды.

− Ойбай, не космосқа ұшыпты ма?

− Жо-жоқ, тек жақыннан көріпті,

Мысықты да!

Жолбарыстың рөлінде

Ел қаһарманы − 

Жолбарыстың рөлін

Мысық ойнайды екен.

Жаумен шайқасар тұсында

− Мияу-у! − деп қоймайды екен. 

Әкім Ысқақтың қаламының желі, әзіл жазуға ебі бар. Оның езуінде үнемі күлкі жүреді. Анау-мынау арзан күлкі емес, ойлы, астарлы күлкі. Сондықтан да сатира серкесінің сонау студент кезінде жазған әйгілі «Бір физиктің махаббаты» атты сықақ өлеңі 40 жылдан бері сахна төрінен әлі күнге дейін оқылып келеді. Осы шығармасы арқылы 1985 жылы республикалық «Жігер» фестивалінде жарқ етіп көрініп, елге сықақшы ретінде танылды. Тіпті жігіттердің қыздарға сезімін білдірер өлеңіне айналып кетіпті.

Пародия – ел қызыға оқитын жанрлардың бірі! Бұл жанрда қалам тарту Әкім Ысқаққа қиындық тудыра қоймайды. Мәселен, қазақ сатирасының атасы – Оспанхан Әубәкіровтің «Біздің ағай тамаша» атты өлеңінің ізімен жазылған «Біздің жеңгей тамаша» деп аталатын тұрмыстық пародиясын оқып көрейікші: 

Біздің жеңгей қызық адам тамаша,

Жымыңдайды ақшаларды санаса.

Ағамызды «сыйлайтыны» соншалық,

Жақтырмаса, ұрып алар балаша.

      Ағай келсе кешігіп,

    Маңдайы да терлейді.

   «Қайда болдың, қайда?» деп,

    Жеңгей біздің тергейді.

    Біздің жеңгей та-ма-ша!

Сатирик бұл жерде жеңгейдің шайпау мінезіне төзе беретін жасықтау ағайды керемет суреттеп, сипаттайды.

     Жеңгемізді ағай қалай мақтасын?

    Жамандаса, тағы білер жақпасын.

    Артықтау сөз айтар болса, ағайым,

    Не болады, Құдай өзі сақтасын?!

 

    Алжапқышын алып ап, 

    Ағай тамақ жасайды.

    Жеңгей болса, жекіріп,

    «Тұзы кем» деп асайды...

Бұл жерде сатирик оқиғаны ойдан емес, өмірден алған. Шығарма сонысымен де құнды. 

Сөз соңында айтарымыз, Әкім Ысқақ − бақытты адам. Өйткені сатира сардары Көпен Әмірбек ғұмырының соңғы күндерінде оның өмір жолына, шығармашылығына арнап «Алтын сандық», ал белгілі журналист-жазушы Лира Қоныс «Ізгілікті іздеу теориясы» атты кітап жазып, қаламгер шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады. Сондай-ақ тараздық жазушы Алдаберді Мақашев «Әкім Ысқаққа хат» атты кітабында «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты жинақтарына талдау жасайды.

Айтулы ақын Несіпбек Айтұлы: «Ол – креслоға шалқайып сірескен әкім емес, халқы үшін қасқайып күрескен Әкім!» десе, Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов Алматы облысының әкімі кезінде: «Біз уақытша әкімбіз, сен ғана мәңгілік Әкімсің!» деп өзін құрметін білдіріпті.

Адам үшін, қаламгер үшін бұдан басқа қандай құрмет қажет?!

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағы

Сатира кеңесінің төрағасы